АймақҚарағанды

Абаттандыру қарқын алады

Биыл Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданда 50 аула аумақтарын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылады. 2020 жылға дейін ауданға қарасты 150 аула абаттандырылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна ШАТОХИНА мәлімдеді.

Қалалықтардың салауатты өмір сүруі үшін демалыс орындары жыл санап көбеюде. Аудан тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатында есептік кезеңде жергілікті бюджет қаражаты есебінен ауданда абаттандырылған ірі нысандар, ол – саябақтар және «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасына қатысу мүмкіндігін алған аула аумақтары болды. Осы жылы 50 аула жөнделсе, келер жылы 50 ауланы жөндеу жұмыстары атқарылады. Осылайша, үш жылда барлық 150 ауланы толықтай абаттандырамыз. Биыл 50 ауланы абаттандыруға 1194 303,98 мың теңге қаржы қарастырылды. Байқау жарияланып, жеңімпаз «Ақ Мереке» ЖШС және «Астана Базис – А» ЖШС арасында келісім жасалды. Атап айтқанда, жаңа қала секторы бойынша –18, Михайловка секторы бойынша –12, Оңтүстік Шығыс, Федоровка секторлары бойынша 20 аула аумағы жөндеуден өтеді. Аулаларды абаттандыру жоспарына келесі элементтерді орналастыру белгіленді: асфальт төсеніштерін қалпына келтіру, тас жиектерді, жасанды жер төсеніштерін орнату, көліктерге арналған автотұрақтарды орналастыру, қоқыс жәшіктерін, демалыс орындықтарын, жарықтандыру тіректерін орнату, – деді Татьяна Шатохина.

Сондай-ақ, 4 саябақты абаттандыру жоспарланып отырған көрінеді. Олардың қатарында «Шапағат» ықшам ауданы өлкетану мұражайы алаңы, Гапеев көшесі, 5 үй, Карбышев көшесі, 12 үй мекен-жайларындағы иттерді серуендетуге арналған алаңда жоспарлы жұмыстар жүзеге аспақ.

Өткен жылы Академиялық музыкалық комедия театрының іргелес аумағындағы көрікті саябақ, аудан тұрғындарының кешкі мезгілде серуендеуіне бағытталған сүйікті орынға айналды, 4 аула аумақтары өз тарихында алғаш рет абаттандырылып, жаңа көрікке ие болды. Аумақ асфальттанды, бардюрлер орнатылды, жер тегістелді, балалар алаңы мен спорт тренажерлары орнатылды, футбол алаңы жаңғыртылды, қылқан-жапырақтылар және жапырақты ағаштар егілді, газон төселді, жарықтандыру бойынша жұмыстар атқарылды, қонақ тұрағы және көліктердің автотұрақтарға кіруі жайлы да, ыңғайлы болды. Мұның бәрі осы аула тұрғындарының «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасына қатысуының арқасында жүзеге асырылды,– деді Татьяна Шатохина.

Бүгінгі күнде аудан төңірегінің абаттандырылуы мен санитарлық жағдайы Қазыбек би атындағы әкімдік жұмысының негізгі басымдықтарына алынып отыр. Аудан әкімдігінің қызметкерлері Жергілікті полиция қызметінің өкілдері және атқарушы органдармен бірлесе отырып жүйелі түрде аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруда.

Сонымен қоса, Татьяна Шатохина көше атауларын қазақыландыру туралы пікірін білдірді. Бір кезеңде оңды-солды қойылған елді мекендер мен көшелер атауларынан арылу қажеттігін айтты.

Мәселен, қаламызда Болотная көшесі бар. Осы сынды көшелердің ешқайсысының тарихи негіздері жоқ. Ал, егер осы көшелерді қазақтан шыққан тарихи тұлғалардың есімдерімен атасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, осы игілікті іс арқылы алдымен сол тұлғаларға деген құрметімізді білдірсек, екіншіден, болашақ ұрпаққа тарихымызды ұғындырамыз, – деді Т.Шатохина.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button