Жаңалықтар

Абайдан – Алашқа

Жуырда қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуы қарсаңында Қарағанды қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен оннан аса мектеп ұстаздары мен оқушылары айтулы іс-шара өткізді.

«Әнуар» сауда үйі – Абай ескерткіші» бағытында №43 автобусқа мінген ұстаздар мен оқушылар жолаушылармен бірге Абай өлеңдерін оқып, әндерін шырқады. Жолаушылардың арасындағы өзге ұлт өкілдері де Абай әндерін қосыла әуелетіп, көпшілікті тамсандырды. Жұртшылық алғысын алған оқушылар мен ұстаздар ақын ескерткішінде өлең оқу эстафетасын жалғастырды.

Шараны ұйымдастырушылар «Абайдан – Алашқа» атты Instagram парақшасын ашқан. Сұңғыла шайырдың өлеңдері мен қара сөздерін насихаттау мақсатында ашылған парақша өз жұмысын қыркүйек айында бастамақ.

Сонымен қатар, өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу мақсатында аталмыш парақшада онлайн-байқау ұйымдастырылады. Өнер сайысына қатысқысы келетін әр мектептен бір оқушы Абай өлеңінен үзінді оқып, бір қара сөзіне бейнежазба түсіріп, эстафетаны келесі мектепке жолдауы тиіс. Онлайн-байқаудың жеңімпаздары дәстүрлі түрде өтетін қалалық Абай оқуларында анықталып, марапатталады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button