Жаңалықтар

Абай мен Толстой

Әр дененің орталық салмақ нүктесі болатыны іспеттес не бір идеяның да бар ойды ұстап тұрар мық нүктесі болады. Мысалы, кезінде Ульянов-Ленин Ресейде қарулы төңкерісті жүзеге асыру идеясын негіздеу үшін Л.Толстойдың жазбаларын өз мүддесіне сай талдай отырып, жазушыны «орыс революцияның айнасына» балады.

Алайда, бас большевик Л.Толстойдың «Война и мир» романындағы бар арманы атақ, даңқ, мадақ пен көзге түсуді көздеген кінәз Андрей Болконскийдің соғыс майданында жаралы күйінде жамбастай жатып аспанға қарай көз тігіп: «Бәрі де жоқ, тек қана тыныштық пен тыншығу бар» деген сөзіндегі ой-идеяны қасақана атап өтіп, ұмыт қалдырады.

Өйткені, Ленинге тыныштық пен тыншығу қажет еместін, оның көксегені қанды билік болатын.

Тыныштық пен татулықты, кемел келісімді көркем сөзбен, терең оймен Толстойдан да артық талдап, таратып берген – біздің Абай, қазақтың Абайы.

Абай сөзі – революцияңызды да, эволюцияңызды да бір бойына жиып алған адам мінезінің айнасы. Таза, анық айнасы.

 Міне, бізге сот төрелігін атқару барысында қоғам мен адамға ұсынар ісіміздің орталық салмақ мық нүктесі – Абай және оның достық идеясы болуға тиісті.

Күнделікті тіршілік заңы, өмір сүру логикасы бізге қатал талап қоя отырып, Абай мұрасына еркімізден тыс мың қайтара үңілуге мәжбүрлеуде.

Ойшыл Абайдың ақылы мен насихатын тыңдау – қажеттіліктен туған.

Себебі, Абайда қисын, жүйе, тәлім-тәрбие, тәртіп, ақыл мен ғылым, заң және тіл бар.

Абайдың сөзінде біздің конституциялық принциптеріміз түгелдей көрініс береді. Бір ғана мысал: «Көп шуылдық не табар, Билемесе бір кемел?».

Нақ қазіргі таңда сот жүйесі адамға, қоғамға, мемлекетке танымдық талап қоя алатын кемелдік деңгейіне көтерілуі тиіс. Адам, қоғам, мемлекет, халық – күрделі құрылымдар, олардың өмір жолында қателікке ұрынуы, алданып адасуы, адамдықтан азуы әбден мүмкін. «Ондай жолдан аулақ болудың амалы не?» дегенде біз Абай мен Толстойдың сөздерін еске алсақ, жарайды. Абай, «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселермен» десе, Толстойдың мына бір сөзі Абаймен үндес келеді: «Вера в силу и законность ума», яғни «ақылдың күші мен заңдылығына сену». Абай «Алла тағала адам баласын ақылды инсанды қылып жаратқан» деген, бұдан «ақыл – заң» деген тұжырым шығады. Толстойдың «ақылдың заңдылығы» біз білсек, Абай айтқан – ғылым. «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп». Жаралып, жасалып қойған ғылым – бұлжымас ақыл заңы. Қазақ әрдайым айтпай ма «ақылға кел деп», сондықтан да қоғамда «ақша заңы» емес, ақыл заңы орнығуы орынды.

Грибоедовтің «Горе от ума» сөзін сәл өзгертіп сөйлесек: «горе – без ума» – Абайдың «байлаусыз ақыл, пайдасыз тақыл» деген сөзі шықпақ. Ал, «Өз ақылың өзіңе, әркімнің мүддесі өз керегінде, өз пайдаң, өз есебің түгел болсын» дейтіндер де жетіп жатыр. Иә, бұл да адам баласының жер бетінде өмір сүру заңының бірі. Әркімнің өмірге қаты сты өзіндік көзқарасы бар, өзінше ой-топшылауы, сезім күйі бөлек-бөлек. Бір затқа, бір құбылысқа бірдей қарайтын, танитын екі адамды кездестірмейсіз.

Сөзбен адам сенімін өзгерту, көзін жеткізу мүмкін емес, адам баласының білімі шектеулі, һәм өлшеулі. Елден кетіп айға қонып, күнге ұшатын да шамаң жоқ, соңғы жұртың – жер. Сабыр қылып, тыншыққанша күн көрер орта қажеттілігінен қашып құтыла алмайсың – «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі», өзге де өзіңдей – елең-алаң. Көресің, көнесің. Дегенмен, өз керегіңе қол жеткізу үшін, бар мүддеңді жүзеге асыра алар орта табу қажет емес пе? Ондай ордалы ортаның атауы – ой тәрбиесі. Адам болып өмір сүрудің ең басты қажетті ортасы – ой ортақтығы. Ой ортақ болса, татулық, тыныштық орнамақ. Ой ортақтығына қол жеткізу мүмкіндігін тек қана ой тәрбиесі береді.

Сөздің басын Л.Толстойдан бастап едік, енді сөз соңын оның романдағы басты кейіпкері Пьер Безуховтың сөзімен жалғастырайық. Наполеонның әскері Мәскеуді тастап қашқан соң Пьер тұтқыннан босап, қаладағы үйіне оралады. Билік оның алдында тоналған заттарды Граниттік палатаға жинап, енді қожайындарына қайтарып жатқан еді. Пьер де бай адам, оның да үйі тоналған. Енді, оған арнайы полицеймейстер келіп, Пьерге өзінің өкілін жіберуді ұсынады. Жаңағы полицеймейстердің бетіне тіке қарап тұрып Пьер іштей ойлайды: «Қандай тамаша, сүйкімді офицер және сондай мейірімді. Енді осындай ұсақ-түйекпен айналысуын. Тіпті, ол адал емес және қолы таза емес дейді жұрт. Не деген шатпақ. Ал, енді бір жағынан, ол неге жемқор болмасқа. Ол дәп осылай тәрбиеленген. Бәрі де осылай істейді. Былай қарасаң, жүзі жылы, хош көрінеді, маған қарап жымияды өзі».

Л.Толстой роман бойы бір халықтың соғыс пен бейбіт өмірін суреттей отырып, ең соңында бар айтпақ ойын бір-ақ сөзге сыйдырып жіберген: «Тәрбие». Тіршілік тәрбиеге тәуелді. Тоқ тіленшіден адам сайтаны шықса, харекетсізден сопы монтанының жаратылуы да тәрбиеге байланысты. Талап, талант, тәртіп, төрелік – бәрі де тәрбиеге тәуелді. Осы арқылы айтпақ ойыңыз не, бізге қаншалықты қатысы бар десеңіздер, Абай сөзін алға тартайын: «Адамның адамдығы ақыл мен ғылымда». Заң – тәрбие құралы. Сондықтан да, қоғам заң қолданушының – соттың тәрбиешілік қызметін, бейнесін, беделін көргісі келеді.

Меніңше, елдің бізге дөп басып, жеткізе алмай, айтуға тілі жетпей жүрген ойы, айтпақ тілегі – осы. Сотқа, оның ұстаздық міндетіне, қызметіне сұраныс түсіп тұр. Себебі, сот – ғылым, өнер, өндіріс. Сот – өмірдің өзі. Сезім де, сенім де адал болу принципі арқылы келеді.

Заң ғылымын талай жыл Болон университетінде түбегейлі, жетік оқыған ақын Франческо Петрарка: «Заңды қолдануда адалдық жоқ. Әділдік жоқ жерде білімсіз, надан атанғым келмейді» деп заңгерлік қызметті жалғастырудан бас тартқан.

Біздің істе білім мен біліктіліктен өзге адалдық, адамдық, ақындық, ақылдылық керек. XIV ғасырдағы итальян Петрарканың тәрбиелі, мәдениетті мінезі соны айғақтап тұр.

Заңды сақтауға, бағынуға, адал болуға үйрету, тәрбиелеу қажет. Бізге керегі – мәдениетті мінез. Тәрбиелі талант. Тәртіпті талап.

Өзін сотпын деп санайтын адам сот төрелігін атқара жүріп ғылыми зерттеумен айналысуы қажет, бұл – бір, екіншісі – өмір, өнерді жетік білу, үшінші – сот өндірісінде білікті болу.

Онсыз халық сеніміне ие болу қиынның қиыны десек, «қиыннан қиыстыра», қисынымен қызықты сөз айта білу басты міндет. Себебі, тіл – халықтың қажымас досы, ең тұрақты, тәуелсіз тәрбиешісі.

Сөзімізді көп созбай аяқтайық: «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей, Мен келмеске кетермін түк өндірмей. Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей».

Марат АЗБАНБАЕВ,

Қарағанды облыстық сотының судьясы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button