Абай мұрасы – темірқазық

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті әр тоқсан сайын республикалық «Адалдық сағаты» акциясын өткізіп келеді. Оның мақсаты – жас буын арасында мәдениеттілік пен парасаттылық идеологиясын насихаттау және терең білімнің маңыздылығын түсіндіру. Игі бастаманың жалғасы ретіндегі «Адалдықты мұра еткен ұлы Абай» атты адалдық сағаты онлайн форматта өтті.

Тақырыбы айғақтап тұрғандай онлайн дәріс Ұлы дала кемеңгері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, оның терең тебіреніске толы шығармаларын насихаттап, жастарды оқу-білімге, бәсекеге қабілеттілікке баулуға арналды. Әділдік пен парасаттылыққа тұнған хакім шығармалары адам баласын ізгілікке жетелейтін сиқырға ие. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған бірегей туындылары әлі күнге маңызын жойған жоқ. Оны жас ұрпақтың бойына сіңіру – болашаққа жасалған сәтті қадам болары анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды білу – өзіңді тану. Өзін-өзі тану және адамның тұрақты дамуы, ғылым мен білімнің басымдығы – жетілудің көрінісі. Бүгінде Абайдың сөзі жас ұрпақтың бағдары болуы тиіс» – деп атап өткен еді.

Аталған акцияға облыс аумағындағы жоғарғы оқу орындары мен орта арнаулы білім беретін колледждердің 1-курс студенттері, орта мектептердің 9-11 сынып оқушылары қатысты. Барлығы 500-ден астам оқу орындарынан 14 мыңға жуық жас буын өкілдері қамтылды.

Білім алушыларға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген бейне-дәріс екі тілде көрсетілді.

Бұл өз кезегінде қатысушы жастардың қызығушылығын туғызды. Өйткені, өздері үшін құпияға толы әрі қызықты саланың жұмысы оларға жаңалық іспетті. Өзге әлемге тап болғандай, сала қызметкерлері жұмысының оңай еместігіне көз жеткізді.

Сондай-ақ, әлемдегі көшбасшы елдер қатарынан көріну үшін, жемқорлықпен күресу керектігін түйсінді. Оның қоғамға тигізетін зардаптары жөнінде ұйып тыңдады.

Бейне-дәрістер республикалық «EL ARNA» және «Balapan» телеарналары, Агенттіктің Youtube арнасы мен оның Департаменттің, «SARYARQA – ADALDYQ ALAŃY» жобалық кеңсеcінің әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы да көпшілік назарына ұсынылғанын айта кеткен жөн.

Жастардың санасына парасаттылық идеологиясын сіңіруге бағытталған департамент тарапынан жүргізілетін жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Өз тілшімізден.