Абай әлемі – Алаш жолы

Кеше әлеуметтік желіде бір керемет оқиғаның куәгері болдық. “Balapan” телеарнасының жүргізушісі Ләйлім-Шырақ есімді 9 жасар мектеп оқушысы Абай өлеңін жатқа оқу эстафетасын жалғастырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған екен. Президент оны зор қуанышпен қабыл алғанын мәлімдеп, хакімнің «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді оқып, жеке парақшасына салыпты. Әлгі жарияланым күллі әлеуметтік желіні кезіп кетті.

Президент Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жалғастырып қана қоймай, эстафетаны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдады. Парасатты үлгі ету ғана емес, бұл – бір жағынан, бірінші басшының қазақ тіліне деген құрметі мен елге деген ілтипаты. Қаршадай ғана қазақ қызының бір ауыз сөзін жерге тастамады. Абай тұр ғой әр жағында. Абайдың соңында түгел Алаш тұр. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ қоғамындағы демократияның бір сипаты дерлік. Әлеуметтік желіде жауап жазбақ былай тұрсын, есігіне барғанда қабылдауына зар қылатын кейбір басшылардың бәріне үлгі Президенттің бұл әрекеті.

Осыдан бірер ай бұрын әлеуметтік желі тұтынушылары, әсіресе, facebookтағылар бөркін аспанға атып біраз шулаған болатын. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алда келе жатқан ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өту туралы Жарлыққа қол қойды» деп. Әрине, өте қуанышты дүние. Дегенмен, бұл ресми хабар өркениетті елдермен терезесі тең, ұлттық санасы қалыптасқан іргелі елде үйреншікті жағдай болу керек қой. Мұқым қазақ әулие тұтқан хакім Абайдың мерейтойын мемлекеттік деңгейде тойламасақ кім болғанымыз? Елдігімізде не мән қалар еді онда? Сол сияқты, бірыңғай «Тәуелсіз Қазақстан» деп жаза бергеніміз де бір түрлі кенже қалғанымызды әйгілеп тұрғандай. «Тәуелсіз Түркия» дегенді ұшыратпаппын. Қазақстан деген өз алдына тәуелсіз ел деп әуелі өз санамыз қабылдамайынша, ештеңе өзгермейді. Біз тәуелсіз деген сөзді айтпай-ақ Қазақстан дегенде, дербес елден екеніміз білініп тұруы тиіс. Бұл жағын да ескеру керек шығар…

Жыл сайын еліміздің түпкіртүпкірінде дәстүрлі Абай оқулары өтеді. Ауылдан басталады, аудандық, облыстық, республикалық көлемде. Облыстық деңгейде өткенде, қазылар құрамында болып жатамыз аракідік. Сонда бір байқайтынымыз, хакім өлеңдерін тақ-тақ етіп жатқа оқып өте шығады оқушылар. Түсіне бермейді. Сыдыртып ала жөнеледі. Сахнадан бәрі көрініп тұрады. Бірінші көздерінен байқалады. Оқушылар былай тұрсын, жетекші ұстаздары түсінбейді ғой хакім өлеңдерін. Оқушылар барынша көп жаттап, ұмытып қалмай айтып шықса болды, сол жеңімпаз. Абайды айтамыз, сонау жылдары Қасым оқуларында күллі оқушылар ақынның «Ақ сәуле» әнін «Ақ сәулем, аспанда аймен таласасың» деп бастап жатыр. Бір эстрада әншісі бас-көз жоқ, сөзін осылай қате айтып, таспаға басып жіберген, бәрі соның соңынан кеткен. Анығында ән «Бір күй бар домбырамда тартылмаған» деп басталады да, екінші шумағында «Ақ сәуле, аспанда аймен таласасың» болып жалғасады. Кейіннен осы қатені қазақтың классикалық әндерін домбырамен салып жүрген бір әнші қайталап отыр екен, қатесін айтып ем, қисайды да қалды…

Сондықтан, Абай әлеміне үстірт қарай алмайсыз. Мынадай бетбұрыс болып жатқанда, тіптен солай! Оқу бағдарламасында бірер сағатпен ғана шектеп қоймай, жеке пән ретінде қарастырған жөн шығар. Онсыз да тәуелсіз Қазақстанның атына анықтауыш тіркемейтін тәуелсіз қазақ балалары мектеп қабырғасынан сонда тәрбиеленіп шығады...

Жәнібек ӘЛИМАН.