Жаңалықтар

Абай айтқан әннің жайы немесе тайраңдаған тобырлық мәдениет қайда барады?

АЛАШҚА ҒАНА ЕМЕС, АДАМЗАТҚА АНЫҚ ЖОЛ СІЛТЕУШІ АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДА НЕ ЖОҚ ДЕЙСІЗ?! АДАМ ӨМІРІНЕ ТӘН АСЫЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ БӘРІ ТАБЫЛАДЫ. ТҰРМЫС ТҮЙТКІЛДЕРІНЕН БАСТАП ТӘҢІРГЕ ЖӨНЕГЕНГЕ ДЕЙІНГІ АРАЛЫҚТАҒЫ КЕЗ КЕЛГЕН ӨМІР ҚҰБЫЛЫСЫ ТҰР ШЫҒАРМАЛАРЫНДА. ХӘКІМ АЛАШ БАЛАСЫНА «ТОЛЫҚ АДАМ» ТҰЖЫРЫМЫН ҰСЫНЫП КЕТТІ. ҚАЗІР ЖАПОНДАР ҰСТАНЫП ЖҮРСЕ КЕРЕК ОНЫ. БІРАҚ, ҚАЗАҚ МАҢАЙЛАЙ АЛМАЙ ОТЫР. БАСҚАСЫН АЙТПАҒАНДА, АСҚАН ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ – ӘНГЕ, ӨНЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ТҰЖЫРЫМДАРЫН ЕСКЕРІП, БАҒЫТ-БАҒДАР ЕТКЕН ЖҮЙЕНІ КӨРІП ОТЫРҒАН ЖОҚПЫЗ ҚОҒАМНАН.

«Қазақ әні, өлеңі, жалпы өнері қандай болу керек? Бұрын қалай өрістеді, бүгін қай деңгейден көрінуі керек?» деген сауалдарға Абай жай ғана жауап бермейді. Ғылыми тұжырымдамалық негіз жасап, жол көрсетеді. Өткенде қайталап оқып отырып үстінен түстік: «Білімдіден аяман сөздің майын,

Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын» деп кесіп айтыпты хәкім. Қазақ әні қалай дамуы керек деген мақсатта нақты жұмыс істегенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Біз 2016 жылы «Жалын» баспасынан шыққан Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын сүзіп шыққанда, алты өлеңін түгендеген болдық. Алайда, осы алты өлеңнің өзін оқып-біліп, өзі айтпақшы, «болмасаң да ұқсап бақ-ты» мұрат тұтқан өнерпаз аз қазақта. Жоқ деп кесіп айтуға тағы болмайды. Бірақ, басым көпшілігі «аналарда жүр ғой деп» бұқаралық деңгейден әрі аспайды. Абай көрсетіп, үлгі етіп кеткен асыл өнердің басын мұнар шалғалы не заман?!

«Самородный сары алтын,

Саудасыз берсең алмайды
Саудыраған жезіне.
Саудырсыз сары қамқаны,
Садаға кеткір, сұрайды
Самарқанның бөзіне».

Әуені жеңіл әнсымақ – «саудырсыз сары қамқалардың» өлеңінде мән-мағына жоқ. «Мейлі таз болса да, ақшасы аз болса да» деп бай іздеп, Қазақстанның қалаларын шарлап жүрген әйелдің зары. Әннің әуені бірсыдырғы, билеуге, көңіл көтеруге жақсы-ақ шығар. Бірақ, бесік көрген қыз бала Астана мен Алматыдан шарқ ұрып бай іздей ме? Автордың көксегені не сонда? Қазір бұл әнсымақты 4-5 жасар біздің балаларымыз шырқайтын болды. Ең масқарасы – сол. Абайдың әнге, өлеңге қойған талабынан шықпақ түгілі, етектен кері тартып әкетіп барады әншісымақтар. «Опмай, опмай, мыналарың қайтеді?» дегендей тобырлық мәдениетпен шын өнерді тобықтан қаққан заман. Халықтың рухани әлемінің қорегі – осындай әнсымақтар. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін осы даңғазаға есі кете билегенін талай көрдік. Заман талабына қарай мұндай бағыттағы арзан дүниелер (ән деуге келмейді) халықты билету үшін керек те шығар. Алайда, сөзіне мән беру керек қой. Жеңіл де болса, сөзін әдіптеп, тігісін жатқызып беретін ақын құрып қалып қалған жоқ қазақта. Орындаушыда талғам, авторда этика жоқ.

Хәкім Абай өнерге қатысты алғашқы туындыларының бірі – «Өлең – сөздің патшасы» туындысын 1887 жылы жазыпты. «Әуелі аят, хадис – сөздің басы, Қосарлы бәйітмысал келді арасы. Қисынымен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы» деген мысал келтіреді. «Құраннан кейін сөздің патшасы – өлең» деп анығын айтып тұр. Солай бола тұра, «Қазаққа өлең деген – бір қадірсіз» демеді ме? Мұнда ән туралы емес, қасиетті өлең хақында толғандырады оқырманды. Өлең, сөз жайында бұдан асырып айту мүмкін емес шығар. Осындай қасиетті өнерге келгенде қазақ арасында белең алған келеңсіздікті қатты сынға алады.

«Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап»
дейді де,
«Батырды айтсам ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап –
әншейін күн өткізбек әңгімеге –
тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.
Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап,
Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.
Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем өкпелеме көп жамандап».

Қазақ қоғамындағы бұл кемшілік бүгінде айықпақ былай тұрсын, күннен күнге ушығып барады. Біздің жазба әдебиет Абайдан басталатынын ескерсек, жоғарыдағы өлеңді түсініп оқығанға әдебиет – әдебиет үшін деген ауыр салмақ тұр. Өйткені, «Ескі бише отырман бос мақалдап, Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап. Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегенде хәкім бұрынғы ауыз әдебиеті аясынан шығып, терең астарлы, көркемдік қуаты күшті классикалық әдебиетке көшуді нұсқағанын аңғару қиын емес. Оны Абай қалыптастырған ақындық мектеп өкілдерінің кез кезгенінің шығармасы дәлелдейді. Ендігі жерде қайым өлең айтысып, бір-бірін сөзбен қажап отыру жарамайтынын білдіреді. Ауыз әдебиетінен қаш деп отырған жоқ, бірақ.

Қай елдің әдебиеті мен әні қандай болса, халқының ой-өрісі мен дүниетанымы да соған сай өзгереді. Сәбидің құлағына әуелі ән жетеді. Бүгінде бесік жырын айтатын ананы құлағым шалмады. Талбесік пен жербесіктің арасында әнсіз ғұмыр жоқ екен адам баласына. Абай әнді өлеңнен, өлеңді әннен бөле-жармайды. Біздің халық та «ән мен жыр» деп қосақтап айтқан ғой ертеден. «Әуелі сөз болған» (жазу) болса, қаріпке жан бітірген – дауыс пен үн. Сондықтан, хәкім ән турасында өлең деп те айта берген. Оны қаперлеп қойыңыз.

 «Біреудің кісісі өлсе – қаралы ол» деп басталатын өлеңін 1888 жылы жазыпты.

«Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы – ол,
Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол?
Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,
Қыз таныстыр — қызыққа жұрт ыржаңшыл.
Қынаменде, жар-жар мен беташар бар,
Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?
Бала туса, күзетер шілдехана,
Олар да өлең айтар шулап жаңа.
Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған –
Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы, бос қақпай елең-селең.

Демек, қуанышты одан сайын құлпыртып, ажарландыратын, қайғыны шайып, сейілтетін де – өлең (ән) деген сөз. Бұл алғашқы төрт шумақ – адам өмірінде өлеңнің орасан зор орын алатыны туралы. Шілдеханада айтылатын әннен бастап, жоқтауға дейін. Өлең болмаса, өмір де жоқ. Солай дейді де,

«Өлеңді айтпақ түгіл ұға алмайсың,
Айтсаң да үддасынан* шыға алмайсың.
Сен білмейді екен деп айтпасын ба,
Неге мұнша сіресіп, құп алмайсың?» – деп бір сынап алады да, ақындар мен әншілерге, жалпы өнерпаз атаулыға мынадай талап қояды:
«Сый дәметпе, берсе – алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?
Сүйсінерлік адамды құрмет қыл,
Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан.
Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,
Ондай жерде сөз айтып, болма мазақ.
Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау.
Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ»

Өнерге бойлай алған жанның көкірек көзі ашылып, ойы түзеледі. Ойы түзу адамның аузынан дұрыс сөз шығады. Тілі ұстарады. Яғни, елдің алдына шығып, не болса соны шатыпбұтып, халықты адастырмайды. Не сөйлесе де, анығын кесіп айтады дегенді жеткізген. Мұнысы – ақындыққа ғана емес, әншілікке, сахнада жүрген өнерпаз атаулыға қойылған талап. Әртүрлі орындаушылар мен асабалардың бәріне қатысты ортақ міндет. Солардың әрқайсының жадында жүруі тиіс тұжырымды сөз. Ал, «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау» дегенде, олардың ақындық өнерін олқысынып отырған жоқ. Заман беті басқа арнаға ауса да, қазақтың қыр соңынан қалмай келе жатқан ескі әдетті нұсқаса керек-ті. Ұлы Мұхтар Әуезов те айтады оны: «халықты алға бастар өнімді жолдары жоқ» деп сынағандығын. «Сауып ішер сүті жоқ, Мініп-түсер күші жоқ, Ақша деген мал шықты» (Шортанбай) деп жатсынғаннан гөрі, соның (ақша, кәсіп) тілін таппасаң, осылай таз қалпыңда далада қаласың дегені. Әйтпесе, хан мен қарашаның арасында әділетті ту етіп, қайрылмай тұрып алған жырауың осы «Көмекей әулие» Бұқардың өзі еді.

Абайдың әннің өзегіне түсіп, табиғатын барынша қаузап жазған өлеңдері – «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» мен «Құлақтан кіріп бойды алар» туындылары. «Мен көрдім дүние деген иттің көтін, Жеп жүр ғой біреуінің біреу етін. Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, Көбінің сырты бүтін, іші түтін» дейтін данышпан әнге келгенде:

«Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды»
немесе
«Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар» десе, тағы
бірде
«Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,

Өмір сәуле көрсетер судай тұнық» деп масаттанады. Абай айтқан, Абай ұққан әннің жайы – осы. Жоғарыда аталған екі өлеңді оқып, түйсінген адам ән деген шексіз ұғымды қорлап, даңғазаға айналдырмас еді. Бақсақ, бұл да Абай заманынан бері келе жатқан кеселді дерт екен. Олай болмаса,

«Құр айқай бақырған,
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған
Кісіге сән бе екен?» деп күйінер ме еді хәкім?
Сөйте жүріп, сүйенішті де осы өлеңнен тапқан ақын:
«Өзгеге көңілім тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың» дейді. Бұл да сөз өнері мен саз өнері туралы терең, өте терең толғау. Осында айтады ақын:
«Қара басқан, қаңғыған,
Хас надан нені ұға алсын?
Көкірегінде оты бар,
Құлағын ойлы ер салсын». Яғни, мағынасы терең биік әнді екінің бірі егіліп тыңдай алмайды екен. Асқақ өлең, асыл ән көрінгеннің қолжаулығы болмайды деген сөз. Сәулелі сана мен ынталы жүрек, ойлы көңілге ғана қонады. «Не пайда бар – мың надан, Сырттан естіп таңдансын. Онан-дағы бір есті, Ішкі сырын аңғарсын. Жылай-жырлай өлгенде, Арттағыға сөз қалсын» деп тастап кеткен  аманаты екен хәкімнің. Ал, аманатқа қиянат жүре ме?

Жәнібек Әлиман

Басқа материалдар

Back to top button