Жаңалықтар

Ақжан Машани. Жылайыр

«Сал Түркстан» дейді мүшел есептеуді немесе «Жылнама», «Жылайыр» аталады. Жыл қайыруды алғашқы шығарушы адамды аңшы Ахкам деген кісі екен дейді. Ол туралы мынадай аңыз бар. Ерте бір замандарда Түркі халықтарының бір ұлы ханы өзінен бұрынғы бір хандардың соғысы жөнінде білгісі келіп сұрайды. Сонда әркім әртүрлі жорамал айтып, керекті болған жыл есебін шығарып бере алмай жаңылады. Сонда отырып мәжілістегілер ханға кеңес береді. Біз бұл есепке осынша жаңылып қиналдық. Бізден кейінгілер де солай қиналмақшы. Соны болдырмас үшін бір мәңгі жәдігер етіп, мүшел жылдарын тізелік. Ол үшін аспандағы 12 бұрыш жұлдызға белгілеп, 12 ай және 12 жыл атын алайық деседі. Оларға 12 жабайы (тағы) аңдардың атын қоялық деп келісті. Хан адамдарымен аңға шықты. Керемет үлкен Ила атты бір су бар еді. Соның дересіне келіп, сырнайлатып, кернейлетіп дабыл қағып, аңдарды төмен қарай үркітіп қудырды. Сол ауласта судан 12 хайуан өтіп шықты. Сол 12-не 12 жыл аты берілді. Ең алғашқы өтіп шыққан тышқан (сычған) еді, жыл басы сол болды.

Жылдардың әр қайсысы туралы аңыздар бар. Мысалы, сиыр жылы ұрыс-қағыс көп болады, өйткені, сиыр бірімен бірі сүзіскіш келеді. Тауық жылы егін-тегін, азық-түлік көп болады, өйткені, тауық дән теретін жануар. Ұлу (тымсақ) жылы кірсе де егін мол болады, өйткені ол суда жүретін жануар. Доңыз кірсе қатты аяз, жұт болады, өйткені, ол суықпас жануар. Осы сияқты аңыздар бар.

«Аңшы Ахкам қай заманның адамы? Ила өзені қай өзен? Осыны Фараби ұстаздан бір сұрайық» десті жиналған халық.

«Бұл мәселе жөнінде қолда нағыз дәлді дерек жоқ. Тек кейбір салыстырма жорамалдар айтуға болады» деп Фараби сөзге кірісіп кетті. Аңшы Ахкам дегені – Құламерген, Құланшы немесе Қамбар батыр, Бахрам-Гур сияқты ертегінің бір ері болу керек. Бұл – тек жер тіршілігіне сәйкес алғандағы түсінік. Сонымен қатар, жыл қайырудың аспандық негізі бар ғой, өйткені, жыл аттары белдеу бұрыштары жұлдыздар аттары бойынша алынғаны белгілі. Осы жағынан алып қарағанда, Ила – Іле атты аспан өзені болу керек қой. Біздің жер өзені сол аспан өзенінің жерге түскен көлеңкесі болу керек қой. Аңшы Ахкамның да сол сияқты аспандық пірі болуы керек. Иә, іздеу керек! Біздің іздеп шыққан Көктөбенің өзі осы арадан табылмақ. Аспан сатысы сол Көктөбенің басында. Ғажаптардың бәрі сонан табылады.

Жер ортасы Көктөбе – алыс жол. Оған қажымас тұлпардың болат тұяғы керек, қанаты талмас сұңқардың қылқимас қияғы керек дер еді ақындар.

Ерге қанат боларлық, Көктөбені табарлық ғажайып тұлпар туралы ойлап көрелік. Қара қасқа ат – Қамбарда бар, Байшұбар – Алпамыста, Рахыш – Рүстемде, Герат – Қөрғұлыда, Тайбурыл – Қобыландыда, Бақалайғыр – Айбаста бар, тағысын тағылар.

Ерлер мінген тұлпарларды еске алып отырғандағы мақсатымыз, жер мен көктің арасын қосқан, алысты жақындатқан солар еді ғой. Жылқының өзі жыл басы болу керек емес пе? Жылқының жыл басы болғанына дәлел де бар. Үркерді жылқы тұяғымен басып тұрған заман болғаны жоғарыда айтылды. Оған қарағанда жыл басы болғаны айқын.

Жылға жануарлар аттары қойылу тарихына көз жіберіп бір қарайық. Алдымен олар даланың табиғи тағы аңдары деп айтылады. Олай болғанда жылға кіретін жануарлар жер жүзіндегі ауа райын, климатты бейнелейтін болу керек. Ерте заманнан бері келе жатқан түсінік  бойынша жер бетінің құрлық бөлшегі 7 ықлымға (климатқа) бөлінеді. Осы 7 ықлымға 7 сайар (планета) ықпал етеді деп білген. Мысалы, Ай (айы – Шаян, Жылы – Қоян) қысы суық, шөлейт, біздің жерлерімізді, жалпы Орта Азия мен Қыпшақ Алтай далаларының шөлді, таулы аудандарын бейнелейді. Күн (айы – Арыстан, жылы – Ұлы-Крокодил) аптаған ыстықты бейнелейді. Басқа сайарларға (планеталарға) ай аттары мен жыл аттары әрқайсысы екіден келеді. Бота (Меркурий, айлары: Бикеш – Егіз, жылдары: Барыс – Жылан) егіншілік шаруасы етек алған, мәдениеті өскен аудандарға лайық. Шолпан (айлары: Сиыр, Таразы, жылдары: Жылқы, Сиыр) көбінесе мал өсірген аудандарға келеді. Шолпан – Шопан жұлдызы деп келеді. Марс (айлары: Бүйі, Қошқар, жылдары: Қой, Тышқан) қару-жарақты, жауынгер елге лайық. Есекқырған (айлары: Қаус, Балық, жылдары: Мешін, Доңыз) теңіз жағасына жақын жерге лайық. Шаншар (Сатурн, айлары: Серке, Шүмек, жылдары: Ит, Тауық) қысы қатты, жазы жауынды аймаққа лайық.

Осы айтылғандардың ішінде мал шаруасы жағына ең қолайлы жұлдыз Шолпан, онан кейінгі орынға Марсты қоюға болады. Шолпанды біздің барлық түркі халықтары ежелден өте жоғары қадірлейтіні мәлім. Ал, енді Марс жайында бір ой бар. Соны ортаға салайық.

Парсы елінің Бахрам-гүр деген батыры – патшасы, құланшы аңшы еді, оның жұлдызы Марс еді делік. Аңшылық – құланшылық жағынан Қамбар мен Бахрам өте жақын келеді. Ал енді осы екі батырдың аттарына кірген қарыптарын салыстырсақ, тура бірдей деуге болады. Тек орнын ауыстырып жазса болғаны. Қамбар мен Бахрамның қыздар жөніндегі кептерінде де терең мағыналы ұқсастық жатыр. Бахрам апта ішіндегі жеті планета бейнелес сұлулармен кездеседі. Қамбар өрмек тоқыған Назыммен кездеседі. Ол Шолпан болар.

Олай болғанда жыл басы Тышқан қалай болғаны? Бұл арасында мынадай мағына бар. Тышқаннан санағанда Жылқы жылы – 7-жыл. Демек, 12 жылды айнала тізгенде Тышқан мен Жылқы біріне бірі қарама-қарсы келеді. Екеуінің дәрежесі бірдей. Біреуі жазғытұрғы теңгеріске келсе, екіншісі күзгі теңгеріске келеді. Бұл екеуі де кезек алынатын тең дәрежелі наурыз екені мәлім. Сол себептен жылдың басын бастаған, аңдарды реттеген Қамбар (Жылқы атасы) болғанда, екінші жыл басы Тышқан болып шықпақ. Жыл басы Қамбар деген түсінікті толықтыратын тағы жайт бар.

Халық шежіресінде Жалайыр-Қамбар бірге туған аталар болып есептеледі. Олай болса осы Жалайыр атына да бір соғып өтелік. Жалайыр құсбегі, ол да тамаша аңшы деседі.

 «Көкте тұрсам қанатым талады,

Жерге түссем Жалайыр Шора ала ды», деп құстар арыз қылады дейді. Құс аспанның жұлдызы мағынасында айтылатыны мәлім. «Құсшы» деген сөздің өзі ж ұ л д ы з ш ы есепші – астроном мағынасында айтылады. М ы с а л ы , Рум патшалары «Құсшы» (Авгуршы) дейді екен, құстың ұшуы бойынша бал ашатындарды. Август айының аты соған байланысты алынған. Жыл құсы «жылқышы торғай» деген сөздерді де еске ала кетелік. «Жалайыр» атының қойылуы жөнінде тағы бір еске аларлық аңыз бар. Ол батыр бір ерегісте аттың жалын айырып жіберген екен, сол себепті ол «Жалайыр» аталыпты деседі. Күн мен түннің теңгерілгенін, жаңа жыл басының басталуын (наурызды) көрсеткенде мүйізді малдардың шекесін қақ бөліп, екі мүйізін екі жаққа айырып көрсетеді. Мысалы қошқардың, өгіздің мүйіздерін солай айырады. Бұл әдіс астрономия тарихында белгілі нәрсе. Ал жылқыға келгенде, оның мүйізі жоқ, бірақ күлтелі әсем жалы бар; жылқы жыл басы болғанда сол жалын айырып көрсету керек. Ендеше Жалайыр батыр соны істеген.

Үй хайуандарын алғашқы қолға үйретуші халықтың бірі – түркі халықтары болған. Жануарлар атын жұлдызбен байланыстырудың да осы елден тарауы сол бір арғы кездегі тарихи зор оқиғамен байланысты деп білуге болады. Демек, жыл айыру, мүшел қайыру мәселесінде халықтың көне мәдениетінің бейнесі жатыр.

 «Жылдың басы басталмай тұрғанда не болған? Ахкам мерген аңдарды жолға салмай тұрғанда не болған?» Бұл мәселе дүниенің қозғалыс басы қалай басталған деген сөзге келеді. Ол жөнінде мынадай түсінік бар. Әуел баста Күн, Ай, барлық планеталар (сайарлар) бәрі бір ғана орында бір белдеу жұлдыздың дәресінде тұтас болған. Басқы қалпы деп соны айтады. Құдіреті күшті Алланың әмірімен олар қозғалысқа ұшырады. Сонан бері қарай қозғалуда, мұнан әрі қарай да қозғала бермек. Осы қозғалыстың ақырында бір мезгілде олар тағы қайталап өздерінің бастапқы қалпына келеді. Сондағы белдеу жұлдыздың дәресінде бәрі ұшырасады. Сол ұшырасуда қиямет-қайым, ақырзаман болады. Қайта тірілу болады. Ғалымдар сол бас қалпын іздеуде. Арабша айтсақ, кальпа іздеуде. Кейбір ғалымдардың айтуынша, Нұхтың топан суы кезінде жұлдыздардың (планеталардың) көпшілігі «Балық» жұлдызы дәресінде кездескен. Жануарлардың көпшілігі суға кетіп құрыған. Тек сыртта қалған аз жұлдыздың санындай ғана жануар тірі қалған деседі. Осымен байланысты жыл санаудың басын сол қалыптан бастауға тырысады. Топанның аяқталуынан бастау керек деп есептейді. Балық 12 белдеу (зодиак) жұлдызының ең ақырғысы. Біздің жыл қайырудың оған дәл келетін жылы – доңыз. Олай болса, жаңа мүшел басы сонан кейін басталу керек. Екінші кальпа осы деп біледі. Ендеше Ахкам мергеннің Ила өзені сол топанның ақырғы ағысы болар ма? Оған неше жыл өткен? Біреулер оған 3600 жыл береді. Шындығын Алла біледі. Аспандағы Көктөбе сол кальпа нысанасы деп білейік. Ал, жер бетінде соған сәйкес Жер ортасы Көктөбе қайда?

«Әл-Фараби» кітабынан.

 138-141 беттер.

Басқа материалдар

Back to top button