Ақтоғай

Аңыз дала ақиқаты

Сарыарқада тарихы ғажайып құпиялы сырға тұнған киелі жерлердің бірі – Ақтоғай ауданы десек, қателесе қоймаспыз. Ұлттық руханиятқа небір дүлдүлдер мен бұлбұлдарды, айтулы да көрнекті тұлғаларды сыйлаған өңірдің бастан өткерген тарихы жан-жақты зерттеліп, бүгінгі күн талаптілегіне сай зерделене қойған жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында тарихи деректерге негізделе жазылған құнды еңбек жарық көрген екен. Ол – филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы ғалым Жандос СМАҒҰЛОВТЫҢ «Абыз дала, аңыз дала – Ақтоғай» атты Алматыдағы «Арыс» баспасынан 500 данамен жарық көрген зерттеу еңбегі.

Автордың туған жер тарихы туралы мұрағаттық және құжаттық деректерді, аңыз-әпсаналарды, зерттеулер мен мақалаларды көп жылдар бойы тірнектеп жинағаны көрініп тұр. Ғұмырын ғылым жолына арнаған адамның туған топырағына ескерткіш қалдырмақ мақсатында жасаған маңдай терінің жемісі. Бұл ғалымның «Көкірегі – көмбе, ақыл-ойы – алтын, сөздері інжу-маржандай шежіреші қарттарды табудың өзі мұңға айналып бара жатқан шақта, ел-жұрт санасын бір сілкіндіріп, өткенге басқаша көзбен қарай бастаса деген үмітпен қолға алған едік» деген сөзінің өзінен-ақ танылып тұр. Осы тұрғыдан алғанда, «Біз алдағы уақытта тың ізденістер жасауға болатын басты бағыттардың желісін ғана салдық» деген пікірі Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген идеялармен сабақтасып жатқанын байқар едік. Расында, ғалымның көкейіндегі көп ойлар заман ағымымен үндесіп, ел-жер тарихымен тамырласып жатыр. Таңбалы тасынан бастап, қарауыл қарайтын обалы төбесіне дейін тұнып тұрған тарихы мол киелі Ақтоғай өңірінің шынайы тарихы мен ұлт руханиятындағы төрден орын ала алмаған тұлғалары туралы мұрағаттық деректерге негізделген тың ойлар талқыға түскен.

Кітап он екі тараудан тұрады екен. «Танылмай қалған бір тұлға» атты тарауында ақтоғайлық төре тұқымынан шыққан Дінмұхамед Сұлтанғазиннің алғашқы қазақ баспасөзінің бірі саналатын «Дала уәлаяты» газетінің редакторы болғандығын ғылыми салыстырмалық тұрғыда дәлелдеп шыққан. Осы бір елеусіз қалған ардақты тұлғаларымыздың аудан түгілі, ел тарихынан сызылып қалғанына күйіне отырып, айдай ақиқатты жайып салады. Келесі тараулар да энциклопедиялық анықтамалар мен шежірелерде қысқа ғана қайырылып жүрген Тоқырауын болыстығының құрылуы мен осы аймаққа қарашекпенді орыс переселендерінің келіп орналасуы және 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі кезінен сыр шертеді. Ақтоғайдың «Аңызға айналған ақ бидайының» ұлттық қана емес, әлемдік өркениеттен жоғалып кетуінің себеп-салдарымен осы аттас тарауда танысасыз.

«Француз бидайының жүз дәні – 4, 55 грамм болса, ост-үнді сорты – 3, 8, америкалық тұқым – 3, 2, ал, орыс бидайы – 2, 25 грамм тартады. Қоңырат бидайына жататын «Ақ бидайдың» жүз дәні – 6, 2 грамм, Қожа бидай – 4, 5 грамм. «Ақ бидай» жетіден 25-ке дейін тармақ шығарып, әр масақта 52-ден 120- ға дейін дән байлап, әр себілген бір пұт тұқымнан орта есеппен 50-60 пұт астық береді. Қожа бидай 30-дан 55-ке дейін тармақ шығарып (кейбір түрлері 75-ке дейін бас тартады) әр масақта 30-60-тан дән байлап, бір пұттан орта түсімділік 60- 70 пұтқа дейін айналады». Ағаш соқамен жер жыртып, суармалы егін салу арқылы осындай ғажайып жетістік көрсеткен елдің бидайының тұқымын отаршылдық саясат зорлықпен жойып жіберген.

Соңғы тараулар кешегі Қоңырат ауданы атанған кездегі кеңестік қызыл империя жасаған зұлматқа қарсы шыққан ел-жұрттың «Тоқырауын көтерілісі» мен 1931-1932 жылғы ұлтымызға жасалған геноцид кезіндегі ашаршылық туралы шырқыраған ащы шындыққа арналған. Осы бір мазмұнды және тағылымы мол еңбек Тоқырауын арнасындағы шешендік және ақындық өнердің ерекше дамуының тарихын нақты мысалдармен негіздеп берген тараумен аяқталады.

Кешегі тоталитарлық, орыстандыру, мәңгүрттендіру, дін мен ділден бездіру секілді саяси айла-тәсілдердің салдарынан атала көжедей қойыртпақтанған ой-санамызға жаңаша сәуле түсіріп, ойлантатын, толғантатын тақырыптар туралы жалтақтамай, жасқанбай жазылғанын атап өткен орынды болар. Кітаптың авторы да, оның жарық көруіне демеушілік жасаған С.Бабақов, М.Ибрахимұлы, Б.Жұмабаеав, С.Рақымберліұлы секілді азаматтар да өз кіндік қаны тамған туған жер алдындағы перзенттік парыздарын өтеп шыққан.

Амантай ҚАЛЫМБЕРГЕНОВ, зейнеткер

Басқа материалдар

Back to top button