Ақында да көп сыр бар…

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, аудармашы, драматург Ғазиз ЕШТАНАЕВТЫҢ «Тамшыда да тағдыр бар» атты жыр жинағы Алматыдағы «Ан Арыс» баспасынан 2018 жылы жарық көрді.

Әдемі өлең, сұлу жыр өмірге құштар ақыннан ғана тумақ. Ғұмыр – Тәңірдің пендесіне сыйлаған баға жетпес сыйы. Адамзат баласы, әсіресе, Жаратушы ие өнер сыйлаған ақын сол жарық дүниеге мәңгі-бақи іңкәр. Арманын да, құштарлығын да, тіпті, пендешіліктен туындайтын қулықайласын да әлгі өмірдің аясына сыйғызғысы келеді. Оны бәрі ойлантады, бәрі толғантады. Өмір мен өлім заңдылығы, жақсы мен жаманның аражігі, адамның пиғылы мен танымынан туындар небір жайттар тек ақынға ғана мәлім. Әйтсе де, шын ақындық табиғаты таза, санасы сара жанға ғана қонса керек. Біз біле бермейтін көп жайтқа қанық болса да, біраз нәрседе сол ақыныңыз мүлдем дәрменсіз. Сонымен қатар, өзін-өзі ауыздықтап, жамандықты жақсылыққа жығып берем деп өзімен-өзі арпалысады. Жанына шуақ сыйлайтын, ақ-қараны ажыратуға бастайтын елші іздейді.

Жүйке тозды,

Жүйе жоқ.

Ол да қайғы,

Маңдай терім маңдайға сорғалайды.

Басу айтпақ боламын өзіме өзім,

Бір сөзімді бір сөзім қолдамайды…

дей келіп:

…Бала күннен алатын еншім ерек,

Көктемдерім, көңілді көрші демеп.

Мендегі екі сұмдықты бітістірер

Түбі маған тіс қаққан елші керек.

Елші керек… дейтіні содан («Елші керек»).

Оның осыдан 23 жыл бұрын Абайдың 150 жылдық мерейтойы мүшәйрасында жүлде алған «Жалғыз арша», «Кетемін» өлеңдері де осы жинағына еніпті.

Шыншылым-ай,

Шырағдан, шарайнам-ай,

Аңыз болған Абыздар, Абайлар-ай.

…Қарқаралы басында жалғыз арша

Көзім талды-ау жалғызға қарай-қарай.

Жалғыз арша – символ. Пәктік пен тазалықтың, ұлылық пен іріліктің әлдеқашан жұрт таныған белгісі. Халық әнінде ғашығына ынтық азаматтың сырласар, махаббат сезімін бөлісер символ болса, Ғазиз ақында ол Уақыт пен Кеңістікті (кешегі) көктей өтіп, бүгінде әділ биге, шынайы таразышыға айналмақ. Абай – жалғыз. Қарқаралы басындағы арша – жалғыз. Қос жалғызда ғаламат үйлесім бар. Соңғысында Ғазиз ақын аманат еткен ғаламат ауыр міндет бар.

…Бақ орнайды білмеймін басқа қашан

Бақытымды деуші едім тасқа басам.

Жалғыз менің қолымнан келер емес

Қазағыңды қайта өзің бастамасаң.

Қылығым да жетеді жек көрерге,

Қайтіп ақталғандаймын сөккен елге.

Қарқаралы басынан қарайлай сал

Құдай ісін ұмытып кеткен елге («Жалғыз арша»).

Бір ғажабы, ақында сүйіспеншілік, жастық шақ сияқты тақырыпқа жазылған өлеңдер аз. Елім деп шынайы соғар жүрегі бар айтулы ақындардың қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттарға баса назар аударып, кейінгі ізбасарларына қалдырып кеткен аманаттарының біріне осы Ғазиз ақын ие болып қалғандай әсер аласың. Сыршыл, нәзік мұң мен жүректі сыздатар өткен шаққа негізделген өлеңдерінің лирикалық қаһарманы Өзі болып келсе де, әлгі өзіндік Меннің біртін-біртін Бізге айналғанын ақын шығармашылығының бірден-бір ерекшелігі деп қабылдаған абзал.

…Сорақы боп бір күнінен бір күні,

Қасірет кеп жаулығымнан жұлқыды.

Таңдайымда замананың шер-мұңы,

Маңдайымда қантөгістің тыртығы…

Көргенім – көп, көкірегіме зар тұнды,

Сөйтсе де үміт қаншама рет талпынды.

Қажи-қажи әжім түсті тауларға,

Жылай-жылай өзендер де тартылды.

Бірлігі жоқ ел бақытсыз – түйгенім,

Маңдайыңа жазды тағдыр сыр керім.

Бірлік дейтін ұранды естіп өзіңнен

Енді ғана тыншу тапқан күйдемін.

Дау тудырма қару кезеп, тіл кезеп,

Уақыт – төре.

Қызық – кезек.

Мұң – кезек.

Жұмыр жердің бөлшегімін мен деген

Маған да енді тыныштық бер бір мезет («Дала үні»).

Бұл – сайын даланың барша тіршілік иесіне өтініші. Өтініш өкінішпен өрілген. Ақын мана тау басындағы аршаға өтініш айтса, енді мына дала ақынға наласын жеткізіп тұр. Ақын арқылы барша адамзатқа. Аманатты қабылдаушы – ақын. Аманатқа қиянат жүрмесе керек-ті. Ақын жүрегі езіле Ұлы Даланың зарын барша адам баласына жеткізіп тұр. Бұл – Даланың ғана наласы емес, бүкіл Табиғат-Ананың назасы.

Сыршыл ақын – сезімтал ақын. Сезімталдық болмаса, сыршылдық қонбайды. Ауқымды проблемалар бар, шыңғырған шындық бар, өзекті өртер өкініш бар, жүректі кернер қуаныш бар мына жарық дүниеде…

Ақынның «Ленин ескерткіші орнында» атты өлеңі кезінде түрлі пікірлерге арқау болғаны анық. Шын мәнінде осынау бейкүнә өлең өмірдің өткінші екенін, тал бесік пен жер бесіктің арасын жүріп өтуге кететін уақыттың аясында қилы тағдыр қалыптасатынын бір демде баяндап берген табиғи әрі шынайы дүние болатын.

…Солай, Ильич,

Бәрі өткінші білдің бе?

Қызық боп тұр,

Күлмедің не, күлдің не…

Октябрьде атқа мінген сарбаздың

Махоркамен бағасы бір бұл күнде…

…Бар ма бүгін Тәубаңа кел дейтін үн?

Келбетімді кекетеді кей күнім.

…Сол түні мен түсімде бір гәп көрдім

Басы-ау деймін, Махамбет пен Кейкінің.

Ақынның көзіне байқалған тарихтың осы замандағы ірі бір оқиғасы ойлантады, білінер-білінбес астар бар өлеңде…

Шағын дүниеде көбірек көсілуге газет көлемі көтермейтіндіктен, осымен тәмамдайық. Поэзия әлеміне олжа салған әдемі дүние жарыққа шықты. Тәуба дейік!

Мәуен ХАМЗИН,

филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мәдениет қайраткері.