Ақын тағдырының тағылымы

Сәкен де көптеген қазақ зиялылары сияқты Кеңес өкіметін қолдады. Себебі, миллиондаған аш-жалаңаш халқын теңсіздік пен кедейшіліктен құтқарудың жолы сол деп білді. Сенді. Қазақ үкіметін басқарып, халқынан қамқорлығын аямады.

Бүгінде ұлт көсемі атанған қазақ белсенділері Қазан төңкерісін пайдаланып, тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруды көздеді. Олар Алаш партиясын құрды. Бұлардың соңынан да жүз мыңдап халық ерді.

Екі топ өкілдері, бір жағында – Кеңес өкіметін қолдағандар, екінші жағында – Алаш партиясының жақтастары болды. Ұлт жанашырларының арасында терең, ымырасыз қарама-қайшылық жатты.

Аяғында жаңа үкіметті жақтаған Сәкен де, қарсы болған «Алаш» партиясының серкелері де азап-қорлықта Кеңес өкіметінің қолшоқпар сотының үкімімен түрмеде құрбан болды.

Енді Сәкеннің туған күнін тойламақшымыз. Неше түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мені мазалайтын сұрақ – айтулы күн, яғни, мерейтой тойлау үшін керек пе, әлде ойлау үшін керек пе? Бұл екі түсінікте де қарама-қайшылық бар.

Ойланған адам, Сәкеннің қайғылы тағдырына үңілген адам той тойлауға көңілі соқпас еді. Тамағына өксік, көзіне жас үйіріліп, тізерлеп тұрып, Сәкен рухынан кешірім сұрар еді. Қайта-қайта дұға оқып, жанына жәннат тілер еді. Сәкен тағдырынан тағылым іздер еді.

Ол қандай тағылым?

Алаш өкілдері де, Сәкен де халқына жайлы қоғам іздеді, елінің бостандығын армандады. Тек олардын таңдаған жолдары ғана бөлек-бөлек болды.

Яғни, олар халық жаулары емес еді. Олардан Кеңес өкіметі өзінің зымиян саясаты арқылы «халық жауын» жасады. Саяси көзқарастары бөлек адамдарды пікірталаста дәлелді оймен жеңудің орнына, халықтың қамын ойлаған екі көзқарас өкілдерін түрмеге қамап, қолшоқпар сотты пайдаланып, азаптап өлтірді.

Осындай тағдырдан туындайтын бірінші тағылым – саяси көзқарастары алшақ адамдар қолшоқпар тергеу мен қолшоқпар сотты пайдаланбай, ашық пікірталаста қарсыластарының пікірлері мен тұжырымдарының қателігін дәлелдеу керек еді. Сөйтіп, елді артынан ертуі керек.

Екінші тағылым – заңға бағынған тергеу, әділ сот жүйесі болу керек. Бұлай болғанда Сәкен де, Әлихан да, басқа да елім деп еңіреген боздақтар атылмас еді. Істері сотқа барса да, ақталып шығар еді. Ол үшін Сталинге бағынбаған бейтарап сот керек еді. Ол болмады. Сондықтан да, демократияның негізгі қағидаларының бірі биліктің үш тармағын жетілдіру – қай қоғамда да өте маңызды мәселе.

Серік АЛПЫС,

заңгер.