Бас тақырыпРуханият

Ақын рухын асқақтатқан кеш

Қарағандыда көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен СЕЙФУЛЛИННІҢ 125 жылдығына арналған шаралар тізбегі Орталық саябақтағы жаңа алаңда, ашық аспан астындағы жұлдызды концертпен мәресіне жетті. Жергілікті өнер ұжымдарымен бірге қазақстандық эстрада жұлдыздары – Алтынай Жорабаева, Мәдина Сәдуақасова, Бауыржан Исаев, «Асыл» аспаптық триосы мерекелік кештің көрігін қыздырды.

Сөз басында айта кететін бір жайт, көрермен назарына ұсынылған әр нөмірде Сәкен шығармалары сомдалды. Тұтас концерттің өне бойынан табиғилық көзге ұрып тұрды. Өйткені, ақынның әндері мен жырлары жанды дауыста орындалып, көрермендер классикалық поэзия мен нағыз есті әннің құдіретін сезгендей күй кешті. Ашық аспан астындағы театр дерсің…
Концерт Қарағанды облысының әкімдігі мен «Nur Otan» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған.

Жақында облыс орталығында халықаралық айтыс және жас ақын-жазушылардың республикалық форумы өтті. Сәкен Сейфуллиннің туған жері Жаңаарқада ұлттық сусынымыз қымыз бүкіл әлемге паш етілді. Біршама конференциялар мен кездесулерде «Рухани жаңғыру» және халық мәдениетін дамыту мәселелері талқыланды.
– Жастарымыз өздеріне лайықты үлгі бола алатын ұлт қайраткерлерін білуі тиіс. Қиын кезеңде Сәкен аға қазақ халқы үшін көп аянбай еңбек етті. Өзі секілді алыптармен иық тіресе жүріп, елі үшін тер төкті. Үш бәйтерегіміз – Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және Сәкен Сейфуллиннің бір уақытта өмір сүруі, бір жолмен жүріп, өз азаматтық ұстанымдары үшін өмірлерін қиюы қайталанбас ерлік. Олардың ерен ерліктерін үлгі тұтып, келесі ұрпаққа жеткізу парызымыз, – деп айрықша атап өтті өзінің құттықтау лебізінде облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Концертті Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бауыржан Исаев пен Алтынай Жорабаева ашты. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Болат Әбділманов Сәкеннің «Аққудың айырылуы» поэмасын нақышына келтіре оқыды. Поэма оқылып жатқанда би ұжымдары тамаша хореографиялық қойылым жасаса, «Тәттімбет» оркестрі әуенмен сүйемелдеп отырды. Сәкеннің классикалық үлгіде жазылған айтулы шығармасы осылай өз оқырманын тағы да рухани ләззатқа бөледі.

Сәкеннің өмірі мен шығармашылығы туралы алтын қордан алынған бейнефильм көрсетіліп, Сәкен театры актерлері ақын тұлғасын шебер сомдап шықты.
Қоюшы-режиссер Аспет Омардың айтуынша, концерттік бағдарлама бірнеше ай бойы дайындалған.
– Жыл басында Сәкен Сейфуллиннің мерейтойын атап өту туралы жарияланғанда жобаның идеясы дүниеге келген.
Бірнеше іс-шаралар оның туған жерінде, театрларда өтті. Маусым айында бекітілген концерт бағдарламасы бойынша жұмысты бастадық. Көрермендер жаңа әндерге де куә болды. Шығармалардың барлығы дерлік оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалды. Фон сапасы бойынша бағдарлама бойы статикалық хореографиялық композиция орындалды, – деді ол.
Концерттік қойылымда Тәттімбет атындағы академиялық оркестрі, фольклорлық ансамбльдер, қарағандылық театрлардың танымал әншілері мен актерлері өнер көрсеткенін атап өткен жөн. Арқа қашан де есті әнге кенде емес. Десек те, бұл кеш жұрттың есінде біразға дейін жүрері хақ…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button