Ақын мұрасын дәріптеді

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Қарағанды медициналық университетінде «Абай – дана, Абай – дара қазақта!» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешті ұйымдастырушы – аталған университеттің қазақ тілі кафедрасының оқытушы-профессорлық құрамы.

Тағылымды шара екі кезеңде өрбіді. Алғашқысына түрлі ұлт өкілдерінен жиналған I курс студенттері қатысты. Қатысушылар ақын өлеңдері мен қарасөздерін жатқа оқып, әндерін шырқады.

Әдеби-сазды кештің екінші бөлімі университет оқытушылары мен қызметкерлері арасында өтті. Университет ұстаздары ақын өлеңдерін нақышына келтіре орындады. Әндерін әуелетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Университет қызметкерлері Абай шығармашылығында өнеге жатқанын айтып, мұндай шаралардың ұстаздар арасында да жиі өтіп тұру керектігін айтты.

Кеш қонағы – облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі Қасымхан Ғалым шараның маңыздылығына тоқталып, терең тағылымы жөнінде ой өрбітті. Қатысушылар университет ректорының түрлі номинациядағы Алғыс хаттарымен марапатталды.

Өз тілшімізден.