Ақынға — ауылдастар құрметі

Ұлытау ауданының Қорғасын ауылында селолық округ әкімдігінің ұйытқы болуымен «Шеңберден шыққан, Алашқа аян шайырым» атты жыр кеші өтті. Кеш кейіпкері – ақын Жүрсін Ерманның сөзімен айтқанда «Дәурені жүрген шақта «дәридайлап», Ұлытауына олжа салған» белгілі айтыс ақтаңкері, Ұлытау ауданының құрметті азаматы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, білім саласындағы Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Мұқаш Сейтқазинов.

Арқалы ақынның зейнет демалысына шығуына орай жоспарланған шараның осы ауылда өткізілген ХХ аудандық Абай оқулары аясында ұйымдастырылуы – оның тағылымдық мазмұнын байытып, көрермендер қатарын қалыңдата түсті.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов, Шеңбер селолық округінің әкімі Сағат Сұлтанов және №2 Қорғасын орта мектебінің директоры Еркебұлан Абылаев жыр дүлдүлін сахна төріне шақырып, жүрекжарды лебіздерін арнады. Ата салтымен иығына оқалы шапан жапты.

Жергілікті мектеп оқушылары саналы ғұмырын туған ауылында өткерген шайырдың өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Жас дарындар Аяла Сартай мен Аяулым Әмірәлі сан додада топ жарған ұстаздарына ілтипат ретінде өздеріне тән балалар айтысының үлгісін көрсетті. Кеш кейіпкері қос шәкіртіне ақ батасын берді. Іргелес Терісаққан ауылынан Абай оқуларына келген 5-сынып оқушысы Нұрасыл Сәрсенбайдың сахнаға жүгіре шығып «Ата, сізге арнаған өлеңімді оқиын, маған да бата беріңізші» деп қиылуы елді әдемі әсерге бөледі.

Аудандық деңгейдегі байқауға қатысу үшін өзге ауылдардан атбасын бұрған ұстаздар мен оқушылар да өз өнерлерін ортаға салып, жиынды жандандыра түсті.

Кеш кейіпкері өлең оқып, тыңдаушыларын өзінің өмір жолынан хабардар етті. Ұлттың бекзат өнері айтыс жайында әдемі әңгіме өрбітті.

Шырайлы шараны Нұр- -Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орнында оқитын осы ауылдың түлегі, өнерлі өрен Жарасқан Нұриден шебер жүргізе білді.

Мұқағали СЕЙТҚАЗЫ.