Ақыл азабы

«Көп жазу міндет пе?», «Бір шығармамен ел есінде қалу мүмкін бе?» Осы сауалдарға жауап іздеуге тырыстық. Ал, кеттік!

Ол бар жоғы 34 жыл өмір сүрді. 10-15 өлең, төрт-бес драмалық шығарма, шағын прозалық шығармалар және қаламгер достарына жазған хаттар ғана. Бітті.

Оның атын әлемге әйгілі еткен, орыс әдебиетінің XIX ғасырдағы інжу-маржандарының қатарынан орын алған шығармасы – «Ақыл азабы» («Горе от ума»). Осы шағын шығармасы арқылы ол әдебиет тарихында қалды. Бұл комедияның асқан шеберлікпен жазылғаны соншалық, көп жерлері афоризмге айналып кеткен. Ендеше үңіліп көрелік. Алғашында шығарманың атауы «Горе уму» болған екен. Кейін өзгертіліпті.

Қазақтың үлкен ақындарының бірі Тайыр Жароков аударыпты. «Ақыл азабы». Өлеңмен жазылған төрт перделі комедия. Барлығы елу көріністен тұрады. Басты кейіпкерлер Фамусов – әкесі, София – қызы, Молчалин – София ұнатып жүрген жігіт. Фамусовтың хатшысы, Софияның үйінде тұрады. Чацкий – елге белгілі, беделді, биік парасат иесі. София Молчалинмен таныспас бұрын, Чацкий екеуінің арасында сезім болған. Лиза – қызметкер.  Сондай-ақ, екінші дәрежелі кейіпкерлердің саны бес-алтау. Оқиға Фамусовтың үйінде өрбиді бастан-аяқ.

Қысқаша мазмұны былай.

«Креслоға сүйеніп ұйықтап отырған қызметкер Лиза көзіне шағылысқан күн сәулесінен оянады.

Светает!.. Ах! как скоро ночь минула!

Вчера просилась спать — отказ.

Таң саз берді! Ах! Түн қалай өтті тез!

Кеше ұйықтайын деп ем: ұлықсат бермеді».

Айтулы шығарма осылай басталады. Лиза Софияны оятады. Ол бөлмесіне Молчалинді кіргізіп алған еді. Мұны әкесі Фамусов байқап қалады. Қос құрбы өтірік айтып құтылады. Араға біраз уақыт салып, Фамусовтың үйіне Чацкий келеді. Үйдегілер оған жақтырмаған сыңай танытады. Чацкийді ұнатпайтындардың бәрі патшаға жұмыс істейді, үкіметтің адамдары. Бірін-бірі мақтайды, өтірік сөйлейді. Молчалин Софияға үйленіп, байлыққа жеткісі келеді. Фамусовқа да көнбіс күйеу бала керек. Ал Чацкий адал, шындықты бетке айтады, ол Молчалиннің алаяқ екенін біледі. Чацкийдің сөзіне ешкім құлақ аспайды. Чацкий декабристердің көсемі іспеттес. Оларды революцияға бастаушы жойқын күш, бунтарь сияқты. Ойы қасындағылардан әлдеқайда алға озып кеткен. Асқан білім мен адамгершілік өзегін өртейді. Туылмайтын кезде туылған екенмін деген ой маза бермейді. Чацкий Софияға ғашық. Оны бақытты еткісі келеді. Ол әрбір орыс баласының білімді, бақытты, азат болғанын қалады. Шығарманың соңында Чацкий тарапынан айтылған ақиқат пен дәлелдерден жалтара алмастарын білген Молчалин мен Фамусов оны ақылынан алжасқан деген сөз таратады. Себебі Чацкийдің тілін түсінуге өрелері таяздық қылатын. Сондықтан бәрі бұл сөзге сенеді. Өйткені, Чацкий өз заманының барлық ақиқатын бас-көз демей бәрінің бетіне басып оларды ащы әжуа қылған еді, патшаға да қарсы. Молчалин Софияны сүйем деп жалған сөйлеп, Лизаны жыныстық қатынасқа тартады. Бұл жағдайды София естіп қалып,  өтіріктің беті ашылады. София Чацкийден кешірім сұрап, енді одан ештеңені бетіне баспауын сұрап жылайды. Чацкийдің өзегін өксік өртеп, әділетсіздікке шыдай алмай, өз ақылының азабына душар болып, каретасына мініп мүлдем кетіп тынады.

Оны сыртынан тағы жындыға шығарады.

Ну что? Не видиш ты, что он с ума сошел?

Скажи сурьезно:

Ал, немене? Есі ауысқанын көрмей тұрсың ба?

Айтшы өзің дұрысын да:

Осымен тәмәм.

Ал осыдан не түсіндік. Тарқатып көрейік. Қайсыбір оқырмандар Чацкий мен Грибоедовты әлі күнге дейін шатастырып жатады екен. Себебі Чацкий Грибоедов екеуі бір адам сияқты. Шығарма сондай асқан талант, тегеурінді шабытпен жазылған. Оқыған адамды баурап алады. Бір артық сөз жоқ. Егер роман болғанда мұндай табысқа жете алмауы да мүмкін де еді? Өйткені, драмалық шығармада тек кейіпкерлер ғана сөйлейді. Грибоедов кейіпкерлерін асқан шеберлікпен сөйлеткен. Жай емес, өлеңмен. Сол дәуірдің ащы шындығын өлең тілімен сөйлетіп, әжуа, ащы тілмен, кейіпкерлер арқылы халыққа жеткізе білді. Әрине бұл жерде типтік образ Чацкий. Себебі ол – Грибоедов сияқты, әділетсіздік, ашкөздік, сауатсыздықпен жалғыз күресті. Сол кезде драма театрлар таласып қояды екен, осы шығарманы. Әлі күнге дейін құнын жоймаған шығарма ең көп сұранысқа ие. Халық көшеде осы комедиядан үзінді айтып жүреді. Пушкин, Кюкелбекер сияқты әдебиет майталмандарымен үзеңгі қағыстыра жүріп жеке дара мектеп қалыптастыра білді. Бір өкініштісі осы шығармадан кейін оның қаламынан мұндай асыл шығарма туған жоқ. Екі ғасырға жуық театр сахналарынан көрсетіліп келе жатқан шығарманың жазылуы да оңай болмаған. Әрине ол жастайынан өте зерек білімге құштар болған. Әлемдік классиктерді бірін қалдырмай оқып шыққан. Гришунин, Бегичевтардың зерттеулері мен естеліктерінде  1810 жылдары жоспарланған әйгілі туынды 1824 жылдары жазылып болынды делінген. Әрбір ақынның шоқтығы биік шығармасы болады. Ол оны мүмкін жиырма жасында немесе елу жасында жазуы мүмкін. Сондықтан ақындарды жаспен бөліп қараған дұрыс емес. Грибоедов өз биігін бар жоғы отыз жастың айналасында бағындырды және сол биігінде қала білді. Грибоедов – жалғыз, «Горе от ума» – жалғыз, Чацкий – жалғыз.

Шығарма жайлы Пушкин былай деген: «Грибоедов сделал свое дело: он написал «Горе от ума».

Ауқатты дворян отбасында 1795 жылы 15 қаңтарда Мәскеу қаласында заманынан оза туған Александр Сергеевич Грибоедов, дипломаттық іссапармен Персияға келіп Тегеранда жауыздардың шабуылынан оқыс қаза табады.

Бегичевтің бір естелігінде Грибоедовтың ұлылардың барлығы сияқты алдын ала болжай білетін қасиеті болғандығын көреміз. Сондай-ақ өте ойлы, көздерінен от шашып жүретін, жанары өткір болатын деп еске алады.

«А.А. Жандр баяндап берген болатын. Грибоедов министр қабылдауынан шығып, түнделетіп келіп оны оятты да, былай деді: «Қош бол, досым Андрей! Мен Парсы жеріндегі өкілетті елші болып тағайындалдым, біз енді сірә кездеспейтін болармыз». 

Түйін. Шығарманың соңында каретасына мініп біржола кеткен Чацкий, өз ақындық миссиясын атқарып мәңгілікке аттанған Грибоедов сияқтанады да тұрады.. А.С. Грибоедов жұмысында да, шығармашылығында да жанкештілік танытты. Биік талғам мен өзіне деген сенім және отанына деген адалдығы – өмірге «Ақыл азабы» шығармасын алып келді. Бұл шығарма Грибоедовтың еңсесін тік ұстап, ғасырлардан-ғасырларға апарар тұғыртасы және мақаламыздың басындағы сұраққа да жауап болары сөзсіз.

Осы жерде бір емес, бірнеше сұрақ туады. Біз ше? Не бітірдік ? Мүмкін осы бастан жолымызды айқындап алған дұрыс шығар? Грибоедов неліктен өлең, прозалық шығарма жазып жүре бермеді? Төл әдебиетіміздегі драматургия саласы қандай жағдайда?

Ойланатын жағдай…

Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ