Руханият

Ақтоғайдан – Алашқа

00
Шілденің 6-сы – Астана күні Алматы қаласынан шыққан «Әлихан Бөкейхан ізімен» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция Қарағандыға құлады. Мұнда олар Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарих факультетінің ғалымдары және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелге қатысып, Қарқаралыға тартты. Дөңгелек үстел аталған білім ордасының «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығында, директоры Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВАНЫҢ ұйымдастыруымен өтті.

Ғылыми-танымдық халықаралық экспедиция әуелі Ақтоғайға тоқтапты. Ондағы Желтау бауырындағы Жекежал қыстағында Әлихан Бөкейхановтың кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен жерге тағзым етіп, жергілікті өлкетанушы азаматтармен, тарихшылармен тағылымды кездесулер ұйымдастырылыпты. Осындағы Әлекеңнің аталары, төрелер жатқан Талдыбейітке тәуап етіп, құран бағыштапты. Талдыбейітте мемориалдық кешен тұрғызу, төрелер бейіті мен Әлихан Бөкейхан туған қыстау арасына жол салу, ауылды көркейту, көшелерді сәулеттендіру мәселесі көтеріліпті. Қазір экспедиция мүшелері Қарқаралыдан Семейге өтті, одан Ресейдегі Әлекең жерленген Дон зиратына туған жерінің топырағын апарып салады. Бұл – ұлт көсемінің зиратына өзінің кіндік қаны тамған туған жерінен алғаш салынатын топырақ. Мұны құрылғанына небары 6 жыл ғана болған Қазақ географиялық қоғамы мен экспедиция құрамындағы «Алаштану» ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары алғаш рет қолға алып отыр. Әлекеңнің экспедициясын қаржыландырғанда – осы Қазақ географиялық қоғамы. Басқалар емес!

Тұлғатану орталығындағы дөңгелек үстелде экспедиция құрамындағы топ – филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Айгүл Ісмақова, белгілі тарихшы, алаштанушы Қайырбек Кемеңгер, алаштанушы жас ғалым Елдос Тоқтарбай және Қазақ географиялық қоғамының мүшесі Қайсар Тұрсынғожаев Алаш тақырыбы, Әлихан Бөкейхановқа қатысты ордалы ойларын ортаға салды. Әңгіме Әлекеңнің қазақ үшін еткен еңбегі мен төккен теріне келгенде, астаналық алаштанушылар ұлт көсемінің туған облысында ол кісіні еске түсіретін не бар деген сұрақты көлденең тартты. Қарағандылық алаштанушы ғалымдар мен қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов сәл күмілжіп барып жауап қатты. Алла қаласа, Қарағандыдағы Октябрь ауданын Әлихан Бөкейханов атына беру туралы ұсыныстың жауабын күтіп отырғанын айтты. Алаштанушы ғалым Қайырбек Кемеңгер болса, «Ақпан төңкерісінен гөрі, қазаққа Октябрь түсініксіз төңкеріс болды. Сол түсініксіз төңкерістің түсініксіз басшысы (Ленин) тарихтан алынып тасталғалы қашан? Ендеше, осындағы Ленин көшесін де сары майдай сүрлеп отырудың қажеті шамалы. Октябрь ауданының атымен қоса, Ленин көшесіне де Әлихан Бөкейхановтың есімін беретін кез баяғыда болған», – деді. Бұл пікірді қуаттай түссек, Нұртөре Жүсіптің сөзі еске түседі: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан». Келер жылы қазан төңкерісіне жүз жыл десек, қазанды бір төңкеріп тастайтын уақыт та алыс емес.

– Әлихан Бөкейханов – қауіптенетін тұлға емес. Керісінше, бұдан былай біздің азаттығымызды ұстап тұратын Әлихандай тұлғалар тәрбиелеуіміз керек. Біз осы экспедицияға шыққанда, оның атын шығаруға бара жатқан жоқпыз. Әлекең онсыз да өз биігінде тұр және тұра береді. Журналист, көсемсөзші, ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, тіпті, ХХ ғасырдағы ұлт көсемі ретінде. Біз осы бара жатқанда, оның жасап кеткен істерін көріп, сол іс-әрекетіне елдің, қоғамның, тағы басқалардың назарын аудару үшін бара жатырмыз. Бұл – дөңгелек үстелде сөйлеген Айгүл Ісмақованың сөзі.

Дөңгелек үстел соңында Қазақстан-Қарағанды телеарнасының редакторы, халықаралық деңгейдегі журналист Сағат Батырханова, ҚарМУ проректоры Рымбек Жұмашев, тарихшы, алаштанушы Қанат Өскенбаев, Әлкей Марғұланның соңғы аспиранты, профессор Сағындық Жауымбаев ұзақ жолға шыққан экспедиция мүшелеріне сәт сапар тіледі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button