Ақтоғай

Ақтоғай ауданының әкімі жастармен жүздесті

Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат ӘБЕУОВА өңірдегі белсенді жастармен кездесті. Өскелең ұрпақ бас қосқан жиын барысында аудандағы жас кәсіпкерлерді қолдау және жұмыссыз жастар мәселесі талқыланды.

Аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кездесуде аудан басшысы Салтанат Әбеуова жастарды білім мен ізгілікке үндеді. Индустрияландыру картасы аясында ашылған «Алтыналмас АК» АҚ-на қажетті техникалық мамандыққа байланысты жұмыстар ұсынды. Аудан әкімінің айтуынша, ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бойынша жаңа бизнес пен идеяларға қолдау көрсетілмек. Бағдарлама аясында 40 адамға 10 млн. 100 мың теңге, сондай-ақ, 35 адамға 17 млн. 675 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант беру жоспарланған. Биылғы жылы жастар тәжірибесіне 47 орынға 20 млн. 820 мың теңге қаралса, қоғамдық жұмыстармен 175 адам, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру мақсатындағы «Жасыл ел» жобасы аясында 65 адам жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, аудан бойынша шаруа қожалықтары жалақысы 50-100 мың теңгеге дейінгі, вахталық әдіспен атқарылатын 34 жұмыс орнын (бақташы, ветеринар) ұсынып отыр. Бұдан аңғарғанымыз, ауданымызда еңбек етемін, кәсіп ашамын дегендерге мол мүмкіндік бар. Тек талап пен ынта болса болғаны.

Сондай-ақ, ауданға қарасты елді мекендерден келген жас буын аудан басшысына өз жобаларын таныстырып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Аудан жастарының дені жеке кәсіп ашуға ынта қойған. Таудай талап арқалаған Диана Өзбек өзінің жобасы аудан басшылығы тарапынан қолдау тапса, Үшарал ауылынан наубайхана мен қоғамдық монша ашатынын айтты. Істің ұтымын тауып, тігін тігуді отбасылық бизнеске айналдырған Ақтоғай, Сарытерек ауылының жастары Әйгерім Сағынтаева мен Айгүл Өміржанова шағын шеберханаларын ұлғайту үшін мемлекеттік грант алуға ниет білдірді. Ал, жас ана Гүлнұр Тәліпбаева Ақтоғай ауылынан сұлулық салонын ашуды межелеп отыр.

Сонымен қатар, жиынға қатысқан аудандағы ауылшаруашылығы саласының мамандары аймақта ата кәсіпті дамытуға, егін шаруашылығын өркендетуге үкіметтік бағдарламалар аясында жас кәсіпкерлерге көмек-қолдаулар болатындығын, қайтарымы бар несие берілетіндігін тілге тиек етті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі: «Жастар бойына жалпыұлттық отансүйгіштік рух сіңіру бүгінгі күннің басты талабы. Елбасы мақаласына өзек болған рухани жобалардың барлығы дерлік жастарымызға бағытталған. Қоғамдағы жаңғыру үрдістері мен салалық реформалардың барлығы жастардың қайрат-жігері мен ізденісіне мүдделі. Ал, белсенді жастардың берекелі ісі мен ұтқыр идеялары елімізді өркениет өріне шығара алады» деп, өзін-өзі жұмыспен қамтуға бел буған жастарды әркез қолдайтынын жеткізді.

Басқа материалдар

Back to top button