Ғибрат

Ақтаулық азаматтар жарады

Дәл қазіргі уақытта санитарлық бекеттердегі полиция қызметкерлері мен дәрігерлердің атқарып тұрған еңбектері ерен екені анық. Күні-түні кірпік қақпай, қаққан қазықтай тапжылмай қызмет еткен олар өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруда. Қай-қайсы болсын, соны көзқарас пен құрметке лайықты. Осыны сезінгендер өздерінің азаматтық ұстанымдарын айғақтауда. Солардың бірі – Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылындағы «Батыр ауылы» шаруа қожалығының көрсеткен ілтипаты. Ізгі ниетін айғақтаған алшақтағы ауыл өкілдері бес табақ етті Қарағандыдағы бес санитарлық бекеттің қызметкерлеріне таратып берді.

Былтыр ғана бал қымызымен Гиннес рекордтар кітабына енген Жаңаарқалықтар – сүр етімен де елдің аузында. Ақтаулық жігіттер Нұрбек Хиват, Әмірлан Әбеков, Қайсар Ынтықбаев, Жансая Жарылғап сауапты істің көшін бастап, кезекшіліктегі қызметкерлерге осылайша, дәм ауыз тигізді. Әлеуметтік желілерге жүктелген бейнежазба да тез таралып, оң пікір қалыптастырды. Желі қолданушылары азаматтарға алғыстарын жаудырып, жаны жайсаң жігіттердің келісті ісіне ерекше тәнті болуда. «BizBirgemiz» ұранының нақты айғағы осындай болса керек!

– Елдігіміз қиын шақта көрсетілуі тиіс. Олар бастарын қатерге тігіп, қызмет етуде. Ел үшін, әрине. Біз тым болмаса, қолдау танытуымыз керек. Қазақы үрдіспен ет асып, дәм татқыздық. «Көңіл көңілден су ішеді», – дейді игі істің басында жүрген Әмірлан Әбеков.

Әлеуметтік желідегі бейнежазбадан:

«Ал, мынау Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылының дәмі. Бірге істейтін жігіттер полиция қызметкерлері мен дәрігерлерге түскі асқа арнайы дайындадық. Олардың еңбектерін бағалап, бес бекетке бес табақ етті апаруға дайындалып жатқан жайымыз бар», – дейді ақтаулық Қайсар Ынтықбаев.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button