Ақтаңкер

(Очерк)

Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі жаңа ғимаратқа қоныс аударған. Қаншама жыл көшпенді бабалар күйін кешіп, әр босағаны паналап жүр еді. Мына ғимарат басыбайлы колледж меншігіне берілді. Өзі қолайлы деп таңдап алған кабинетінде директор Мейірхан Адамбеков жалғыз отыр. Таңнан бері қалтафонында дамыл болмаған еді. Құттықтап, киелі шаңырақтың қуанышын бөліскен тілеуқорлар қоңырауы толастады, білем. Сағатына бір қарап, ойға шомған Мекең әлденеге алаңдап отырғанын өзі де сезбейді. Әйтеуір, дегбір тауып отыра алар емес. Әуелі Аллаға, екінші облыс әкіміне деген алғысы – шексіз. Өнер – кие ғой. Қазақтың қасиеті. Осы киемізді қасиетімізге қосақтап, осынша жыл тентіреткен билік не ойлады екен? Шешілместей болып еді. Ерлан Жақанұлы аймақ тізгінін ұстаған бетте шешті де тастады. Өнер ордасының басыбайлы ғимаратқа көшу бақыты өзінің директор болып отырған тұсында бұйырғанын қарасаңшы… Бұл да тағдыр сыйы шығар.

Ұстазы Жәнібек Кәрменов марқұм біреуге өкпелеп, ренжісе, домбыра алып, Абайдың «Сегіз аяғын» төгіп-төгіп тастаушы еді. Директор елең ете қалды да, жан-жағына қарманып, жан серігі қара домбырасын іздей бастады. «Мен өкпелеп отырған жоқпын ғой. Шаттанып отырмын. Біржан бабаның «Айтбайына» бассам ба екен?!» деді де, орнынан шапшаң қозғалып, екі адым жердегі жаңа жиһазға сүйеулі тұрған домбырасына қол созды.

«Базарың құтты болсын, ардақты елім!»… Ән әуелеп сала берді. Бұрын мұндай сәтке куә болып көрмеген терезелер сылдырап, қабырға қақырап кететіндей… Рухты ән! Зор дауыс! Маңғаз мәнер! Сиқырлы иірім! Ана жылы бірнеше жыл паналаған Жауынгер-интернационалистер көшесіндегі «Бизнес-орталықтың» босағасында, кешегі дәлізінде дәріс өткізген қан орталығының ескі ғимаратында қалып кеткен өр рухты әп сәтте жаңа қонысқа алып келіп, шашып жіберді. Шіркін, әннің құдіреті! Әннің соңғы иірімінде қанат бітіп, тым биікке самғап бара жатқандай сезінді өзін.

…Домбырасын үстелдің үстіне баппен жайғастырды да, орнына отырды. Директордың былғары креслосы. Бұл жолы тақымына жайсыз сезілді. Сонда барып түсінді, сахнадағы киенің, сахнадағы рухтың директор креслосында болмайтынын. Өзі де бұрыннан бұл креслоны өзіне жүктелген жауапкершілік, білдірілген сенім деп қана білетін. Өресінің биіктігі ғой…

Қайтадан ойға шомған. Алыс күндерге аңсары ауып, Нұрғисаның «Сағындым ғой» әнін салғысы келді.

Әнші қиялында шарқ ұрған шуақты күндерге ел – куә. Қарапайым қойшының баласы еді. Танымал болып туған жоқ. Талантты, талғампаз болып туды. Әкесі Сәйді ән айтпаса да, сөз ұстаған, парасаты биік, нағыз еңбекторы еді. Өнер нағашыларынан дарыған. Анасы Рауза марқұм әннің табиғатын бұзбай орындайтын көпкөрім әнші болатын. Нағашы атасы Біләл «Көкейкестіні» кестіріп те, тестіріп орындайтын күйші еді. Ал, Нұржан нағашысы – ақын. Өзінің томағасы Қарқаралының Томарында сыпырылған. 11-12 жасында домбыра ұстап, 17 жасында Қарқаралының «Салтанат» ансамблімен Францияға барып, Әміренің рухын жаңғыртты. Жүсекеңнен (Елебеков) бата алып, Жәнібектен (Кәрменов) баға алды.

Барлығын сағынып кетті. Көктемді сағынды, көк белді сағынды. Ауылды сағынды, бауырды сағынды… Анасын, даласын, әкесін… Бәрін сағынып отыр.

***

…Қарқаралының «Үлкен көлінде» шопандар тойы өтіп жатыр. Әкесі Сәйдіге еріп келген бала Мейірхан аламанға түсетін сәйгүліктерді аралап жүр. Он жыл бойы алдына қара салмаған Аққораның Ақтабан атының жанындағы елдің қарасы – қалың. Гу-гу, дуду. Жарықтық жануардың мына тұрысына қарап, сәйгүлік екен демейсің. Қойшының тұяғы тасқа кетілген ақсақ торысы. Иә, оң аяғын ақсап басатындай кейіпте ұстап, жерге тигізбей тұр. Белі бүкірейіп, әбден ерсоқты болған шабан торының өзі дерсің.

Сәуегейлер соғып жатыр.

– Ақтабан қажыған екен, – деді біреуі.

 – Иә, болған екен, – деді екіншісі.

Бала Мейірхан кәнігі ат сыншысындай Ақтабанның алдына бір шығып керегедей омырауына, артына бір шығып артық еті қалмаған сауырына таңдана қарап жүр.

Бір көреген көсіліп берді:

 – Ә, бұл Ақтабанның жерді барлап шабатынын білмейді екенсіңдер ғой. Мұны кеше әкеліп, атшабар айналымын бір айналдырып алған. Қазір тізгінге бағынбай, жерді аңдап шабады. Қай дөңде қандай жылдамдық ұстау керектігін сіз бен бізден артық біледі Ақтабан. Бұл жолы да маңдайы жарқырайды, Алла жазса, – деді.

Бала Мейірхан Аққораның Ақтабанынан басқа аттардың неге бұлай талқыланбайтынында жұмысы жоқ, соңғы көрегеннің болжамына сеніп қалды. Соның сөзіне іші жылып қалды. Былтырғы жылы да, оның алдындағы жылы да тура осылай жауыр аттай жабырқап тұрып, көмбеге жарқырап жеткен Ақтабан емес пе бұл?! Қайран Ақтабанның кермеде осылай елеусіз тұрып, сөреге шыққанда ойнақтап сала беретінін де, мәреге алқынбай жететінін де көрген. Осы жолы да тура солай болады деп топшылады Томардың бала сәуегейі Мейірхан.

Бала сәуегейдің болжамы бұлжымай шықты. Жарықтық Ақтабан содан кейін қатарынан алты жыл бәйгенің алдын бермеді. Сәйгүліктің шабысын болжап, намысын жыртып даурыққан ел сол жолы орталарында Ақтабанның жерді барлап шабатынындай – әнді талғаммен орындайтын қазақ әнінің болашақ Ақтаңкері тұрғанын білген жоқ.

Иә, Аққораның Ақтабаны атшабар айналымын бір айналып шығып, ертесіне тұяғын тасқа тигізбей сақ шабушы еді. Мейірхан әнші де қолайына келмейтін әнге жоламай, әнді зор талғаммен орындайтын, өзі түсініп, қабылдап алып, тыңдаушыға түсіндіріп, жетесіне жеткізе орындайтын әншіге айналды. Айқайлағанның бәрі әнші емес!

Ақтабанның даңқы «Үлкен көлде», Мейірханның даңқы үлкен сахнада асқақтады.

***

1976 жыл. Қарқаралының «Салтанат» ән-би ансамблі Францияға сапар шеккелі жатыр. Аудандық партия комитеті делегация құрамын жасақтау бойынша әбігерге түскелі біршама уақыт болған. Тізім күнде өзгереді. «Прогресс» совхозында көмекші шопан болып еңбек етіп жүрген Мейірхан Адамбековтің әншілігін ел біліп қалған. Өнердің шын жанашырлары жас әншіні «Салтанаттың» құрамына қалай енгізудің жолын қарастыруда. Әнші деп қосып еді. Жоғарыдағылар «музыкалық білімі жоқ» деп сызып тастады. Ақыры Мейірхан делегация құрамына әнші болып емес, 100 саулықтан 105 қозы алған аға шопанның комсомол көмекшісі болып кірді. Әміренің ізімен Францияға ән апарған Ақтаңкер Мейірхан «Кәрі құрлықтың» төріне домбырамен емес, шопан таяғын ұстап барды десе де болады.

…Әнші болуға елдің ата-анасы қарсы болып жатушы еді. Мекеңде ондай кедергі болған жоқ. Солай бола тұра, өнерге келудегі жолы ауыр болды. Арқа әнінің абызы Жүсекеңнің қолын ерте алып еді. 1975 жылы республикалық деңгейде «Біз таланттарды іздейміз!» атты байқауға қатысып, қазылар алқасында болған Жүсекеңмен тұңғыш рет жүздесті, батасын алды. Әскерде жүргенінде анасынан хат келді. «Балам, өзіңе бекем бол. Қазақ әнінің дүлдүлі Жүсекең дүниеден өтті» деп, анасы марқұм көңіл айтыпты. Жүсекеңе шәкірт бола алмағанына өкінді. Жылап отырып: «Бәрібір, Жүсекең мектебінің мәнерін жалғастыратын әнші боламын!» деп, өз-өзіне серт берді. Сертінде тұрды.

Әскерден оралған жылы бір жыл ауылда жұмыс істеді. Клуб меңгерушісінің орны бос тұр екен. Әкесі директорға барып: «Балам әншілік оқуға барам деп жүр. Емтиханда септігі тиер, аз уақыт болса да, завклуб болып істей тұрсын» деп еді. Бермеді. Ақыры көмекші шопан болып, ауылдағы мал бордақылау алаңына жұмысқа тұрды.

Келер жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк студиясына оқуға түсіп, Жәнібек Кәрменовтен дәріс алды. Студент кезінде Жүсекең атындағы тұңғыш республикалық байқаудың жеңімпазы атанып, есімі қазақтың дәстүрлі ән өнерінің тарихына жазылды. Сол жолы еді ғой, Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібековтің көзіне түсіп, тікелей сол кісінің нұсқауымен «Сазген сазы» фольклорлық ансамбліне жұмысқа қабылданғаны. Бірақ, студиядағы оқуын бітірген жылы анасы қайтыс болып, ұстазы Жәкеңнің рұқсатымен Қарағандыға оралды. Жүсекеңнің бәйбішесі Хабиба апай: «Елге – Теміршіге сәлем айт!» деп өзі шығарып салып еді. Хабиба апайды анасындай қастерледі. Ол кісі де баласындай өбектейтін. Қарқаралыдан Алматыға барған адамның Жүсекең шаңырағына соғып, Хабиба шешейдің қолынан дәм татпағаны жоқ. Ал, Хабиба апайдың амандықтан кейінгі сұрағы: «Теміршім аман ба? Мейірханым аман ба?» болатын.

…Дәл қазір Мекең аядай кабинетте, директордың креслосында отырып, соның бәрін сағынып отыр.

Елге келген соң, облыстық филармонияға әнші болып орналасқан. Үздіксіз, әрі ұзаққа созылатын гастрольдік сапар діңкелетіп жібереді екен. Өнер адамының ел ішінде жүргені жақсы, әрине. Алайда, үш-төрт айға дейін үй бетін көрмей кету қиынға соқты. Тіпті, екінші баласы Шынар дүниеге келгенде Қызылорда облысында жүрген. Телеграмма алды. Қуанышты хабарды естіді. Алайда, өз отбасының қуанышында өз шаңырағында бола алмады. Үйге төрт айдан соң оралды. Періште Шынарын қырқынан шығып, уілдеп, әрнәрсеге талпынып отырғанда бір-ақ көрді. Осыдан кейін қызмет ауыстыру жөнінде ойлана бастаған. Алайда, әртістік дипломмен кім қабылдай қойсын… Не керек, «Союзпечать» мекемесіне қарапайым жұмысшы болып орналасты. Сахнаны сағынады. Аңсайды. Амал қанша… Сөйтіп, он жылдай өнерден жырақ жүргені бар.

1993 жылы оралды өнерге. Облыстық халық шығармашылығы орталығына салтдәстүр бөлімінің меңгерушісі болып орналасты. Бір жылдан соң, Тәттімбет атындағы өнер колледжіне оқытушы болып қабылданды. Осынау киелі шаңырақта еңбек еткеніне де ширек ғасырға жуықтап қалды. Қатардағы оқытушы, халық әндері бөлімінің меңгерушісі, директор.

Абырой да, атақ та бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жоғары санатты оқытушы, Қарағанды облысы әкімі «Алтын қобыз» сыйлығының «Жыл әншісі», «Халық әндерін үздік орындаушы» аталымдары бойынша иегері. 2008 жылы «Мәдени мұраны жаңғырту» республикалық жобасының «Күміс көмей» аталымы бойынша жеңімпазы. Ең бастысы, киелі өнерге деген адалдығын дәлелдеді. Ұстазы Жәнібек марқұм: «Сенің маңдайыңа өмір бойы сахнада жүруді жазбаған. Сенің ыңғайың, жобаң шәкірт тәрбиелеуге келіп тұр. Мен байқаймын, сен түбі оқытушылық жолға түсесің-ау» дейтін еді. Әулие екен ғой… Айтқаны айнымай келді.

Сағынып кетті Жәкеңді. Ұстазы дүниеден озған жылы өмірге келген ұлына Жәкеңдей болсын деп, есімін Жәнібек деп қойған. Ұлы ұстазын сағынғанда өз Жәнібегін иіскеп тұрушы еді. Кіші Жәкең қазір шетелде оқып жатыр.

Орнынан тұрып, тағы да домбырасын қолына алды. «Сағындым ғой» әніне басты.

«Жол күтіп елеңдеймін, елеңдеймін,

Сағынтпай келер деймін, келер деймін»…

***

Ойын телефон қоңырауы бөліп жіберді. Бір студент жолыққысы келетінін айтты хатшы қыз. Есіктен именшектей аттаған жігіт:

– Аға, рұқсат па?

 – Келе ғой. Қандай сұрақпен?

 – «Қарғам-аудың» мына бір иірімін Сіздің мәнерге салғым келеді. Бірақ, шығара алмай қойдым.

Екеуі екі домбырамен «Қарғам-ауды» олай шырқады, былай шырқады. Оң жаққа да шығарды, сол жаққа да шығарды. Ақыры, әлгі шәкірті қабылдап алды әнді.

– Жарайсың! Жаттаған ән жаттық көрсетеді, санаңа сіңген ән сарқырап төгіледі. Әнді бірден дауысқа салып, айқайлағанмен, әнші болмайсың. Ән санаңа сіңу керек, – деді де, сәттілік айтып, шәкіртін шығарып салды.

Есік жабылған соң, жаңағы айтқан сөзін есіне түсірді. «Апыр-ай, не дедім жаңа? Жаттаған ән… Санаңа сіңген ән дедім бе?… Өзі шешен болып барамын ба, қалай?» деп, өзінен-өзі ыңғайсызданды. Иә, осындай оқшау ойларын қойын дәптеріне түртіп қоятыны бар еді ғой. Мына сөзді ұмытып қалмай тұрғанда, жазып қояйын деп, қаламға қол созды. Қойын дәптерден гөрі, кітапша деуге тұрарлық, өзі айтпақшы «киіз кітабындағы» жазбаларға көз жүгіртіп біраз отырды. «Жас келген соң оңтайыңа көнбеген ән – атасы мен әжесінің тілін алмайтын ерке немере секілді». Бұл да – өз ойының жемісі.

***

Өнердегі һәм өмірдегі айнымас досы Жақанды (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Жақсыкелді Кемалов) шақырды. Екеуі ұзақ әңгіменің тиегін ағытқан. Жанды дауыс пен фонограмма төңірегінде орамды да, өткір ойлар легі ағытылды. Егіз қозыдай жұптарын жазбай жүретін екі достың екеуі де – ұлт руханиятының шынайы жанашырлары. Екеуін жұрт қазақ ән өнерінің егіздей жұптасқан алыптарына ұқсатады. Әміре мен Иса, Жүсіпбек пен Ғарифолла, Қайрат пен Жәнібек… Осы жұлдызды жұптар қыранның қос қанатындай Мейірхан-Жақанмен толыққалы қашан.

Мейірхан айтты:

 – Сенің Ақселеу ағаң «Маған қазақтың ән өнері адам кейпіне айналған Жәнібек Кәрменов сияқты болып көрінеді» деуші еді. Қазіргі эстрада «жұлдыздарынан» осындай бағаға лайықтысы бар ма, Жақан? – деп. Жақан жауап таппай дағдарды. Өресіздігінен емес, шоу-бизнестегі самсаған «жұлдыз фонерщиектердің» арасынан бұл бағаға лайық бір әнші таппағандықтан.

***

Киелі өнер ордасының жаңа қонысына әншінің отбасы да құтты болсын айта келген. Жары Нәсіп, балалары Алданыш, Шынар, Арайлым, Жәнібек, немерелері. Ғимараттан шығып барады. Алдында – отағасы. Қазақтың дархан даласындай кең пішілген бітіміне еріксіз сүйсінесің. Кетпендей тұяғы қара тасты шытынатып жіберетін кәнігі Ақтаңкер! Алпыс деген асқаралы шыңға – абырой асуына алшаң басып бара жатыр. Алпысы тал түсі болғай Ән ғұмырдың! Артында шәкірттері Сержан Мұсайын, Абзал Қуанышұлы, Гүлмира Тапай, Сырым Қордин, Медет Осатаев сүйсіне қарап тұр. Ақтаңкердің ізіне! Ал, Ақтаңкердің тұяғы тиген жерде ошақтың орнындай ойық қалып барады. Шәкірттерінің бәрі де осы ізді таңдаған. Тек қана, Мейірхан ұстаздары жиі айтатын Жәнібек марқұмның «Қанша алға бассаң да, ұстазыңның көлеңкесін баспа» деген тәмсілі естеріне түсіп, кідіріп тұр. Осы бір ізгілікті іздің бастауында қазақтың Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Естай, Әміре секілді ұлылары тұр. Оның Жүсекең, Ғарекең, Қайрат пен Жәнібек жалғастырып, осы Мейірхан, Жақандарға аманаттаған. Ұлы көшке ілескелі тұрған Мейірхан шәкірттерінің бойына ұлылықтан ұшқын дарығаны сөзсіз.

…Аққораның Ақтабан атының дүбірі тоқтаған. Арқа әнінің Ақтаңкері дүбірлетіп барады!

Ерсін МҰСАБЕК,

«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.