Жаңаарқа

Ақтүбекте – ұлы дала дәстүрі

Жуырда Жаңаарқа ауданының Ақтүбек ауылында құрылысы жергілікті тұрғындар мен сыртқары аумақтарда жүрген ел азаматтарының нақты қолдауымен заманауи үлгідегі еңселі мешіттің мерекелік реңдегі ашылу рәсімі өткізілді. Ұлы Дала Елінің байырғы дәстүрімен астасқан шырайлы шараға алыстан ат арылтып арнайы келген ағайынның қарасы тым қалың болды.

Салтанатты жиынды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа мен Жаңаарқа аудандық мешітінің имамы Асхат Қанайұлы Құран аяттарымен бастап берді.

Құттықтау лебіздері легінде сөз алған аудан әкімі Юржан Бекқожин, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы, белгілі исламтанушы Ершат қажы Оңғар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино тарланы, сахна сардары Қайрат Кемалов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Алаштың айтулы ақыны Аманжол Әлтай, аудандық мәслихат хатшысы Қуат Имантүсіпов және басқалары көңіл төріндегі көрікті ойларымен, ақтұма тілектерімен бөлісті. Жұртшылықтың ақ тілегімен ұштасып, мерейді өсірген мешіттің пайдалануға берілуімен ақжарыла құттықтады.

Өз кезегінде Ершат қажы Оңғар аудан әкімі мен жаңа мешіттің имамына қасиетті Құран Кәрімді сыйға тартты.

Имандылық ордасының лентасын аудан басшысы Юржан Бекқожин мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ершат қажы Оңғар қиған соң сәждеге маңдайын тигізіп, Жаратқанға жалбарынатын мұсылман қауымы бесін намазына ұйыды. Той бағдарламасының аса тартымды сәтінің бірі ақындар айтысы болды. Жағалай тігілген киіз үйлер ортасындағы далалық сахна төрінде тізгінін танымал ақын Төлеген Жаманов ұстаған жыр додасында халықаралық, республикалық деңгейдегі айтыстардың жеңімпаз-жүлдегерлері – Өміржан Көпбосынов пен Мейірбек Сұлтанхан, Мақсат Аханов пен Аруна Керімбек және Мұхтар Ниязов пен Дидар Қамиев суырыпсалма айтыстың таңдай қақтырарлықтай тамаша үлгісін көрсетті. Халықтың қапысыз қошеметін сезінген жыр дүлділдерінің шабыттары шалқып, ел мен жердің өткені мен бүгінін, Арқа төсінде қазақы қалыптың қаймағы бұзылмағанын жарасымды жырлады. Жаңаарқаның жазирасын, ондағы жампоз жандарды, Ақтүбектің айшықты келбетін әспеттейтін шұрайлы шумақтарды арнасынан асыра ақтарды. Әсерлі айтыста әдемі әзілдің де тиегі ағытылды.

Ақындардың барлығына Алғыс хаттар табыс етіліп, тақымдарына бір-бір тұлпардан тиді. Бұдан бөлек, Ақтүбектің «Атымтай жомарты», ауыл ақсақалы Төкен Кенжебаев ел-жұрттың атынан Мұхтар Ниязовқа тағы бір ат мінгізді.

Мешіт құрылысы жұмыстарына қол ұшын созып, елдік ұстанымын айғақтаған бір шоғыр кең пейілді жігіттерге Ақтүбек селолық округінің әкімі Айдархан Аманбаев ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар тапсырды.

Қазақ күресінен өткен сында 50ге тарта атан жілікті азаматтар бақ сынады. 60 келі салмақ дәрежесінде Еренғайып Қылыш III орынды місе тұтып, II орынның жүлдесін Нариман Тұтқышев еншіледі. Ал, Мейірхан Мейрамов I орынды жеңіп алды.

Түйе балуандар тартысында жеңімпаз тұғырына Асыл Бәрменов көтерілді. Одан кейінгі жүлделі орындарды, тиісінше, Қарқаралы ауданынан келген Ерсін Мұхамеджанов пен Шет ауданының балуаны Ақжігіт Оралов өзара бөлісті.

Бозкілемнің шаңын шығарған апайтөс жігіттерге лайықты сый-сияпаттар берілді.

Сол күні кешкілік ел назарына Жаңаарқа аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.

 Одан кейін Ұлт мәдениетінің көрнекті өкілі Аманжол Әлтай жүргізген Қазақстан өнер жұлдыздары гала-концертінің шымылдығы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, танымал айтыскер Айнұр Тұрсынбаеваның арнау жырымен ашылды. Концерт бағдарламасында бұлбұлкөмей, жезтаңдай әншілер Қарақат Әбілдина, Айгүл Қосанова, Айгүл Елшібаева, Алтынай Жорабаева, ағайынды Қайрат және Жақсыкелді Кемаловтар, Ержан Базарбеков, сондай-ақ, Ақтүбектің болашақ жарық жұлдызы Аяулым Қамажан өнер көрсетіп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.

 Ақтүбек селолық округінің әкімі Айдархан Аманбаев шаттық тойына әнмен шашу шашқан қонақтардың иығына ауыл тұрғындарының атынан Жаңаарқаның брендіне айналған шапан жауып, құрмет көрсетті. Алғыс хат тапсырып, ел ықыласы есебінде сый-сияпат жасады.

Айтқандай, ақтүбектік белгілі меценат Марал Қазыкенов өнер әлемінде туған жерінің абыройын асқақтатып жүрген дара дауысты әнші Қарақат Әбілдинаға ат мінгізді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button