Ақсүйек өнердің ақтаңгері (сазгер Дәртай Сәдуақасовтың туғанына – 80 жыл)

 Әннің бууы

Ақтоғайдың асыл азаматы, әйдік әуенгері Дәртай Сәдуақасов сексен жасқа келіпті. Кім келіп-кетпей жатқан сексен, –дерсіз. Бірақ, сексен біркелкі болғанымен, оған келіп жатқан жандардың болмыс-бітімі әрқилы ғой. Біреулер барша өмірін жеңілдің асты, ауырдың үстімен өткізсе, енді бірі қара бастың қайғысын ұмытып, халық қамы жолында ақ тер, көк тер болып тірлігін тауысады. Алғашқысы майлы жіліктің басын мүжігені үшін марапат алса, кейінгісіне жауған кигіздің арасынан ұлтарақ та бұйырмауы мүмкін. Бірақ, оған өкінер ол емес. Өйткені, қай кезде де қас жақсының баласы, мақтан-мадақ, ақша-атақ үшін битін салмаған. Оған бойдағы Алла дарытқан дарынын жалғанның жарығына шығарып, жамиғаттан бағасын алса, жетіп жатыр. Қалғаны екінші кезекте.

Көңілі дарқан, жаны жайсаң Дәртай осы екеуінің соңғысына жатар еді. Оны желкесіне жал, қарнына қазы байламаған арғымақ десең болар-ды. Туған топырағының өнеріне олжа салуды мақсат еткен мүбәрак жан өле-өлгенінше сол мұратына адал болып өтті. Дәкеңдер дәуірлеген өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ғажайып кезең еді ғой. Сол тұста ауданның бұрынғы басшылары көбіне шаруашылық жоспарын орындауға басымдық берсе, жасы отыздан енді ғана асқан, қаршыға бітім, қағілез ойдың иесі Жаманқұл Шайдаров басшы боп келе сала өңірдің өндірісімен қоса өнерін де өркендетуге ерекше ден қойды. Сонда ол кісі өндірдей жас Дәртай, Тұңғышбай секілді дарындарға арқа сүйеп, олардың шабыт қайнарының көзін ашуға барынша демеу көрсеткен. Соның арқасында тұралап қалған аудан өнерінің қандай биікке көтерілгенін өзі де мәдениет майданында маңдай терін төккен Тұңғышбай Мұқанов жазған еңбектерден жақсы білеміз.

Қашанда пайғамбарды басқа жақтан іздейтін әдетіміз бойынша мән бермей жүргеніміз болмаса, Дәртай Сәдуақасов көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған адам еді ғой. Оны аңызға айналдырған – жүрегінің тереңінен Тоқырауындай толқып шыққан нәзік те нәрлі, әсем де әрлі ән туындылары болатын. Қайсыбір дарынсымақтар кем талантының орнын шайқы-бұрқы мінезімен толықтырып тыраштанса, Дәкеңнің туабітті дарыны ондай жамау-жасқауға орын қалдырмайтын. Шедевр туғызса да селт етпей, кермеде қалғыған Құлагер-кейіп танытатын.

Дәкең – ән жазудың классикалық үлгісін берік ұстанған сазгер. Артында қалған ауқымы бір өзіне жетерлік шығармалар шоғырының уақыттың желінен тозбай, күнінен қақтықпай келе жатқаны –содан. Әсіресе, вальс Дәкеңнің оң жамбасына келген жанр. Ол – қай шығармасын да көңілдің қазанында әбден пісіріп, тыңдарманның талғамына баптап түсіріп беруден жаңылмаған байыпты болмыстың иесі болды. Өнер дегенде ішкен асын жерге қойды. Өзгелерден де соны талап етті. Саздың саусақ сорудан, күйдің құр күшенуден тумайтынын терең түсінген жан ғана өнердің шартына осыншалық жауапкершілікпен қарай алар еді. Бұдан ұтпаса, ұтылған жоқ. Халқының құлағына жағымды, көңіліне қонымды әндер бірінен соң бірі туындап жатты. Сондай шоқтықты туындыларының бірі – еліміздің әр қиырына кеңінен тарап, қырық жылдан аса қанат қағып келе жатқан «Ақтоғай – алтын бесігім» вальсі дер едік. Бұл әннің сазының қалай сомдалғанын сазгердің өзі білер, ал, сөзінің бой түзеуі өзінше бір әңгіме.

Өлеңнің тууы

Жаңылмасақ, өткен ғасырдың 1973 жылы болар. Аудан мәдениетінің бойына жан, тамырына қан жүгіре бастаған. Жаңа хатшының қолдауымен қуаттанған үлкен ұжымның арасында Дәкеңнің де шабыты зар күйіне түскен. Әсіресе, соңғы кезде жазылған Ақтоғай туралы әні көзіне «арпа ішінде бір бидайдай» көріне берген. Енді мұның мәтінін қайдан табу керек. Қазіргідей әнін де, сөзін де өзі жазып, ол аздай, орындаушысы да өзі болатын «бесаспап» әншілердің тірлігі сәнге айналмаған кез. Тіпті, солай болған күнде де, өнерге өзгеше өлшеммен қарайтын Дәкеңнің ондай қадамға бармасы анық. Кітаптан кітап ақтарып, дайын текст іздейді. Таппайды. Сонда барып өзімізде де тірі ақындардың бар екені есіне түседі. Солардың біріне жаздыртса қайтер?

Бұл – ауданның алақандай үнқағазын өлеңмен ұшынған жас перілердің арадай талап жатқан кезі. Солардың қатарында біз пақырыңыз да бар болатынбыз. Неге екенін өзі біледі, Дәкеңнің таңдауы топ ақынның ішінде маған келіп тоқтаған ғой. Тоқтағанмен, қолына жуыр маңда түсе қоймаппын. Өйткені, ол кісі аудан орталығында болса, мен совхоздың бөлімшесінде тұратынмын. Дегенмен, ағамыз да асыға қоймаған. Әйтеуір қолға бір түсерсің, – деп істің ақырын күткен.

Дәкеңнің іс-жоспарынан хабарым жоқ мен бір күні ауданға келген шаруамды бітіріп, Балқаш бағытындағы автобуспен қайтқалы жатпаймын ба. Автокөліктің тепкішегіне аяғымды енді ғана сала бергенде қолтығымнан қыса ұстаған бір қуатты қол кері қарай ысырып әкетті. Бұл кім деп қарасам, өзім бұрын жанына жуық келіп көрмеген, бірақ сырттай атына қанық Дәкең. Көп созбай шаруасын айтты. «Осылай да осылай. Ән дайын тұр. Сөзін сен жазуың керек». Бірақ, тосыннан түскен тапсырыстың мәнісін түсіне қояр біз қайда?! Балаңдықтың басырлығымен өлең жазудан ада-гүде бас тарттым. Есіл-дертім жүрейін деп тұрған автобуста. Ауданда менен басқа да ақындар барын тілге тиек етіп жатырмын. «Білемін ғой, шекспирсініп жүргендерін қайтейін, шеттерінен шикі», – демесі бар ма Дәкеңнің. Жиырманың үстіне енді ғана көтерілген менен қандай «пісілік» көргенін ұқсам бұйырмасын. Бірақ, сенім артқаным – сенсің, – дейтін сыңайлы. Сөйтіп тұрғанда автобус жүріп кетті де, қолтықтан ұстаған аға менің толық қожайыныма айналды. Сол қолтықтаған беті бас көшемен жүріп отырып Мәдениет сарайындағы кабинетіне алып келді де: «Міне, стол мен орындық, міне, қағаз бен қалам. Қашан жазып болғанша бұл жерден шықпайсың. Өзім құлыпталған есіктің арғы жағында болам”, – деп сыртқа беттеді.

Енді шынымен сасайын дедім. Біріншіден, жасы үлкен ағаға ештеңе дей алмаушы едім. Сүйекке сіңген тәрбие солай. Екіншіден, өлеңді бүгін бітірмесем, ертеңгі автобустан да қалдырары анық. Үшіншіден, бұлданып жүріп жазған дүнием болымсыз бірдеңе болып шықса, масқараның көкесі сол. Дегенмен, сүт пісірім уақыт мөлшерінде үш шумақ пен қайырманы бір жобаға келтіргендей болдым. Аға оқып шыққанша дегбірім қалсайшы. Тек, «жарайсың» деп құшағына қысқанда ғана көңілім толқып қоя бергені. Бұл – мен де бір нәрсе тындырдым-ау, осы әннің қырық жылдан аса шырқалған кезін көремін-ау деген ой он ойлансаң миыңға кірмейтін сәт еді. Өлеңді тез жазып берсем Дәкеңнен тезірек алыстаймын деп ойлаған басым, керісінше, өзімді оған шығармашылық тұрғыда ажырамастай жақындатып жатқанымды қайдан біліппін?! Иә, бұл арты абыройға ұласар «тұтқындық» болатын.

Дәртай Сәдуақасов жалғыз әннің жапсарында қалып қоятын жан емес. Мұны ғұмырында бір ғана әнге сөз жазып, сонымен солығын басқан мен туралы айтуға болса да, сапа шеберлігі сары майдан қыл суырғандай сырбаз әндердің талайын тастүлектей талпындырған сазгер туралы айтуға болмас. Дәкеңнің әр әнінің туу тарихы ұқпағанға қоқымдай, ұққан жанға тоқымдай әңгіме. Әлгінде біз соның біреуін ғана келтірдік. Қалған әңгімелерді жинай жүру – келешектің ісі.

Сезімнің сууы

Дарын туралы сөз қозғалғанда, сол дарынның қоғамдағы орны, қадір-қасиеті, бәс-бағасы қандай деген сұрақтың да көлденеңдеуі орынды. Заман өзгерді. Ақшаң болса бәрін де жасауға, сатып алуға болады деген түсінік орнықты. Содан да болар, жалған ақын, жасанды әнші, жылауық сазгерден аяқ алып жүре алмайтын болдық. Жаратылыстан емес, жалаңаш колбадан туған мұндай жасандылар қазірден-ақ Шәмшіні шашып, Жұмекенді жалмап, Қадырды қылғытуға айналды. Тұманбайдың тұнығын лайлап, Мұқағалиды мұнарға батырғысы келіп жүргендер де солар. Яғни, ағым, сағым, – дегенді желеу етіп, дәстүрдің діңгегін құлатпақ. Өйткені, дәстүрлі өнер жасау қиынның қиыны. Сол қиыннан бір құтылып алса, қара көбейтуден әріге қауқары келмей жүргендердің талайы жалына қол тигізбес «классик» болып шыға келмек. Осындай жағдайда тума таланттар қума «таланттардың» тасасында қалып кетпеу үшін не істеу керек? Бұл – қазіргі қоғамымыздың алдында тұла бойымен түрегеп тұрған сұрақ.

Бұл сұрақтың денесінен бір шымшып алып лақтырып жіберсең, саз боп сайрап қоя беретін Дәкеңе де қатысы бар. Мәселен, Дәртай – саз әлемінің саңлағы. Саңлақтық оған табиғаттан келген. Жаратылыстан, Жаратқаннан қонған қасиеттің орнын қалтасында бес дипломы бар жанның өзі айырбастай алмақ емес. Жалғыз ғана мысал. Қысап жіберсең, өнер адамынан жаманды-жақсылы басшы шығуы мүмкін, ал, қанша қысасаң да ең қабілетті деген басшының өзіне өнершінің орнын алмастыру қиын. Бұл – басқа саланы кемсіту емес. Дем-тынысы дарынға ғана сүйенетін өнер шіркіннің табиғатының тарпаң екенін түсіндіру. Оның қосылғыштар орнын ауыстыру заңына көне бермейтін бұла болмысын бағамдау.

Ендеше, дәл сондай дарын Дәртайды қаншалықты елеп-ескеріп жүрміз? Оқта-текте «ойбай, керемет, ойбай, сұмдық» деп дабыралатқаннан басқа тындырғанымыз бар ма? Мінекей, жасы сексенге келген екен. Анау балдағының ізі, сырнайының үні қалған Мәдениет үйінің маңдайшасы бір иесін күткеніне көп болды. Қазақта «Жайған теріні ит қамайды» деген мәтел бар. Мына маңдайша да сол мәтелдің кебін кигендей. «Тері» ұзағырақ тұрған сайын «қамаушылардың» қарасы да көбейе түсуде. Аларманды алтауға айналдырсақ, даудың жетеуге жетпесіне кім кепіл?

Менің білетінім бір-ақ нәрсе. Сөз жоқ, Дәртай біреулердің қомсынуына қара­мастан, Ақтоғайдың мәдениетіне бір адамдай еңбегі сіңген кісі. Ілуде бір кездесер шығармашылықтың адамы. Шы­ғар­машылық болғанда, дайын нәрсені на­қышына келтіріп айтып беруші емес, өз жанынан өнер туындатқан, туындатқан әндері Көкше теңіздің көксеркесіндей тулап жатқан сазгер.

Жаттама машық, жалаң орындау­шы­лық әркімнің-ақ қолынан келер, бірақ сазгерлік атты ақсүйек әлемнің ақтаңгерін ауыздықтап міну мыңның бірінің қолынан келмес. Дәртай аудан мәдениетінің майлығына да, сулығына да жараған жан. Майлығы – қара жұмысы, сулығы – өзгеден өнер оздырған Сазгерлігі. Басқасын былай қойғанда, осы қырының өзі оны ортасынан бір бас биік етіп тұрған жоқ па?!

Мен, осы жолдардың авторы – бүгінде көзі жоқ сазгердің шығармашыл әріптесі һәм Ақтоғайдың Құрметті азаматы ретінде аудан басшылары мен Ақсақалдар алқасынан Мәдениет үйіне Дәртай Сәдуақасовтың есімін беру туралы оң шешім қабылдауды өтінер едім. Дәкеңнің сыңар аяғымен елу жыл арқалаған сырнайының салмағын санасақ, аз дегенде жүз тонна болады екен. Ал, ол туындатқан әндердің салмағы мен сапасы ше?.. Оны қанша тоннамен өлшеуге болады? Мүмкін, маңдайша Дәртайдың емес, Дәртай маңдайшаның сәні шығар. Ендеше, әркім өз лағынан теке қойғысы келетін пендешілік пиғылды ысырып қойып, оңтайлы бір шешімге келсек болмас па. Әлде, «Ауылдастың аузы сасық» деген ескі мәтелдің етегі тозғанша енжар қалпымызда қала береміз бе?

Кеніш

Дәртай – десе, елең етер бұл халық,

Өнегесін өлең етер бұл халық.

Шыр-пыр болып ол шанышқан

шыбық-ән

Шынар болып тұр бүгінде ырғалып.

Дәртай – десе…

Ән туғандай жаңа бір

жалт қарайды жеті қат көк, қала, қыр.

Өнердегі патша болды.

Өмірде тер төккен жан секілденіп

қара құл.

Ағамыздай алмаған бір тынымын

Мен де – құлмын,

Уақыттың құлымын.

Дәкең әнмен өрген болса,

Мен де өрдім

мұңлы жырмен муза-қыздың бұрымын.

Дәулет іздеп дәмесін жоқ сөйлеткен,

Сәулет іздеп сәнденген жоқ көйлекпен.

Әуреліктен ән туғызды әдемі,

Сән туғызды бел шешпеген бейнеттен.

Оған түк те керегі жоқ.

Қалаған күйін шертіп,

құйқылжыта салады ән.

Аз алтынға қарар емес.

Тұтастай

«Алтын бесік – Ақтоғайы» бар адам.

Абзал БӨКЕН,

ақын, Ақтоғай ауданының

Құрметті азаматы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.