ҚарағандыРуханият

Ақ орамал – бейбітшілік нышаны

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан

Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы «Ақ орамал» республикалық акциясын өткізуге бастама жасап, жергілікті жерлерден қолдау табуда.

Орамалдың, әсіресе, ақ түсті жаулықтың қазақ мәдениетінде, тұрмысы мен тарихында философиялық мағынасы терең. Ақ түс – тазалықтың белгісі, ізгіліктің, аманатқа адалдықтың белгісі.

«Ақ орамал» акциясының негізінде дана халқымыздың ежелгі дәстүрі – татуластыру салты жатыр. Кезінде әйел-ана басындағы жаулығын жауласушы топтардың ортасына тастауы – бейбітшілікке шақырудың, ана дауысы мен рөлінің орасандығының айқын үлгісі болған.

Елбасының манифесінде: «Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар» делінген.

Акцияның мақсаты – еліміздің дамуына немқұрайлы қарамайтын азаматтарды «Ақ орамал» акциясына белсенді қатыстыру арқылы олардың этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру.

Осыған орай, біз – облыстық Аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын, ең алдымен, ана әрі қазақстандықтар ретінде, еліміздің тұрақтылығы мен бірлігінің сақталуына үлес қосатын шара деп қызу қолдаймыз. Себебі, әрбір ана қай елде, қай жерде болмасын, өскелең ұрпақ үшін тек бейбітшілік тілейді. Бейбіт өмір – әр әйел-ананың арманы, әйелдің табиғаты мен жүрегіне жақын үйлесімділік.

Аталған акция аясында Аналар кеңесі мүшелерінің қатысуымен Қарағанды қаласында «Әлем – бейбіт ғаламшар» атты тарихи-құжаттамалық көрме өткізілді. Жезқазған, Сәтбаев қалаларында, Нұра, Жанаарқа аудандарында жаңа туған нәрестелерді перзентханадан шығарған кезде көп балалы ардақты аналардың қолынан жас келіндерге ақ орамалдар сыйланды.

Бұдан кейін де акция төңірегінде бірқатар шаралар атқарылмақшы. Достық үйінде облыстық Аналар кеңесінің, этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері жастармен кездесу өткізеді. Әскери бөлімшелерде ұландармен, олардың аналарымен кездесулер өтуде.

Облыс орталығында 29 тамыз күні осы акция және қатар келген Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуын атап өту мақсатында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ескерткішінің жанында қалалық шара жоспарланған. Бұған әйелдер ұйымдары, зиялы қауым өкілдері, жастар шақырылады. Онда ескерткіш маңына бейбітшіліктің нышаны ретінде гүлдермен қоса ақ орамалдар қойылмақшы. Аталған іс-шаралар қоғамдағы бірлік пен келісімді, азаматтардың санасында еліміздің бейбіт болашағы туралы сенімін нығайтуға бағытталған.

«Ақ орамал» акциясы Отанымыз – Қазақстанның бейбіт саясатының әлемге үлгі екендігінің бір айғағы болуына тілектеспін.

Сәлима НҰРМАҒАНБЕТОВА,

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы

Аналар кеңесінің төрайымы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button