Ақиық азаматқа арналды

«Секундта-ақ залдың шуы тына қалды,

Кілемде айла асқанмен, жығар әлді.

Бір адам жаман атақ әкелсе елге,

Бір адам елдің де атын шығарады.»

Бұл жыр жолдарының авторы – ақын Жеңіс Қашқынов. Қаламгер қазақ күресінің қара нары, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Әбілсейіт Айхановқа арнаған поэмасында осылай толғаныпты.

Спорт, салауатты өмір салты, еліміздің атын шығарған спорт саңлақтары туралы өлең-дастандар мен мақалаларды Жеңіс ақын­ның мол мұрасынан көптеп кездесті­реміз. Ақтоғайлық ақиық, еркін күрестен Қазақстанның тұңғыш спорт шебері Қабден Бай­досовты:

«Алыптар қалайша тез

ұмытылар,

Бейнеңде жарық күннің нұры тұнар.

Әспеттеп болашаққа жеткізетін,

Жалынды ақындардың жыры туар», – деп шабыттана жырына қосады.

Жеңіс ақынның спорт тақырыбын еркін жырлауының өзіндік сыры, бұлжымайтын заң­дылығы бар. Жекең қазақ күресі мен еркін күрестен спорт шеберлігін қорғаған.

Қоғам қайраткерінің спорттық қырын, сіңірген еңбегін тану, таныту, насихаттау мақсатында Спорт күніне орай әуесқойлар арасында үстел теннисінен республикалық турнир өтті. Бәсеке Астанадағы «Алау» мұз айдыны сарайында байрағын көтерді.

Аталған мұз айдыны сарайының басшылығы мен «Астана жастары» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған іс-шараға Жеңіс Қашқынов атындағы қордың жетекшісі Ернат Қашқынов демеушілік жасады.

Қырықтан астам әуесқой спортшы қатысқан бәсекеге саланың білікті шеберлері төрелік етті. Ер-азаматтар мен әйелдер жеке санатта сынға түсті.

Жігіттер сайысында Ахметбек Биятов қарсылас шыдатпады. Жарыстың жеңіс тұғырына көтерілген Ахметбек: «Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қарсыластарымның бәрі мықты болды. Тартысты ойын өрнегін көрсете алдық. Финалдың екінші партиясында таразы басы теңесіп тұрып, соңғы сәтте жеңісті жұлып кеттім», —  деп жүрекжарды қуанышын білдірді.

Ал, әйелдер бәсекесінде Нұргүл Қонақ­баева шеберлігін танытты. Сондай-ақ, Дәурен Қапашов, Ерлан Әнуарбеков, Айнұр Мұсапи­рова, Іңкәр Тұрсын жүлдегерлер са­натынан көрінді.

«Ең тәжірибелі ойыншы» номинациясын «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бас редакторы, белгілі журналист Қайнар Олжай қанжығасына байлады.

Турнирдің «Ең жас қатысушысы» аталымына Екатерина Дремлюкова лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталып, сыйлықтар табысталды.

Турнирден кейін қатысушылар мен көрермендер қаламгердің салауатты өмір салтын ұстанған қырына байланысты құжаттар, суреттер және шығармалары қойылған көрмені тамашалады. Сайыс Жеңіс ақынның шы­ғармашылығына арналған концертпен түйінделді.

Бір мезетте 15 мың адам сыйып кететін кең сарайды Қарағандыдан арнайы ат басын тіреген жас әнші Ернұр Қабдыраштың қоңыр даусы кернеді. Ж.Қашқыновтың сө­зіне жазылған «Ақтоғайым – алтыным» (әні: Ескендір Хасанғалиев), «Сүйдім мен» (әні: Бағдат Омашев) әндерін орындады. Ақын, журналист, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Жастар одағының «Серпер» сыйлығының, «Алтын қалам» иегері Олжас Қа­сым бастаған жастар Жеңіс ағамыздың өлеңдерін жатқа оқыды.

Осылайша, спорт пен өнер мерекесі жоғары деңгейде өтті. Бұл турнир қатысқан жанға салмақты ой салды.

Өз ісін берекелі іспен бастаған Жеңіс Қашқынов атындағы қордың елге, ұлтқа берері мол боларына сенеміз.

 

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ.

АСТАНА қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.