Жаңалықтар

Ақиқаттың айнасы – «Адалдық алаңы»

Ұлттың өзгелермен терезесі теңелуі үшін оның ұлттық сана деңгейі көтерілуі шарт. Ұлттық мүдде, ұлттық намыс дегеннен жоғары тұратын ұғым болмайтыны баршамызға белгілі. Жалпы ұят жетілмей, қараңғылық тұманы басып тұрғанда, таланттылардың көбін сол тоғышарлық құрдымы тартып кетеді. Ал қазақ халқы болса бағы заманнан бері адалдықты, әділдікті, шындықты ту етіп көтерген.  Кез-келген зұлымдық пен әділетсіздікті ушықтырмай бір ғана қара қылды қақ жарар салмақты сөзбен басып отырған. Қазақ халқының даналығы да, даралығы да осында.

Өкінішке қарай, заманның зұлмат көшіне бірауыздан төтеп бере алмай, бәйгеден есек озып, қара сөзден өсек озған бұл қоғам түбегейлі өзгеріп кетті. Адам баласы ұсақталып, ұлттық мүдде, ұлттық құндылық деген ұлы ұғымдар өз мәнін жоғалтқандай. Адамды адам ететін басты қасиет – «сана» сезімі мүлдем бұғатталды. Осы сананың саяздығынан да адалдықты алауыздық, әділдікті алаяқтық алмастырып, жеу, ұрлау, жымқыру деген құбылыстар ұлтымызды артқа тартып отыр. Адамға жақсылық жасау жанына жат, жамандыққа келгенде жанып түсетін жемқор, парақор, санасыз сотқарлардың сиремей жатқаны да осы себептен.

Дегенмен, арсыздық, санасыздықты түбегейлі жоймасақта, оны болдырмауға, алдын алу жолында егемен елімізде барлық жағдай жасалған. Мемлекетіміздің басты межесі де, осы санасыздықтың салдары болып табылатын жемқорлық ұғымын жойып, әділетті қоғам ретінде дамыған елдердің көшін бастау. Ал, әділетті қоғам болу үшін, оның әрбір мүшесінің көкірек көзі ашық, жақсылыққа құштар, жаны ізгі болуға тиіс. Бұған қатысты ұлы данамыз Абай: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» – деп кесіп айтып кеткен. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, әділеттің орнауы – адамдардың ұятына, әділдігіне, мейірбандығына, ар тазалығына байланысты болмақ.

Осындай ұлы ойшылымыз болған хылқымыз ендігі кезекте баба мұратын сақтап, Мәңгілік ел болуға ұмтылуымыз міндет. Өз кезегінде Мәңгілік ел болуға парақорлық іспетті індет кедергі болары айдан анық. Әрине, ешбір дамыған мемлекет жемқорлықты түп-тамырымен жоя алмаған, алайда, оған ықпыл етер себеп-салдардың алдын алу кез-келген елдің, кез-келген қоғамның қолынан келеді деп ойлаймын.

Осы орайда, адалдық пен әділдіктің ұйытқысы болған Агенттіктің бастауымен іске қосылған «Адалдық алаңы» атты үлкен жоба жүзеге асырылуда. Жобаның басты міндеті «тұрмыстық» жемқорлықты жойып, қарапайым халықтың алаңсыз өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Жоба аясында, еліміздің барлық саласында бірқатар
іс-шаралар атқарылып, азғантай уақыт ішінде халық арасында оң бағасын алып үлгерді.

«Адалдық алаңы» жобасының бір ерекшелігі, еліміздегі жаңа ілім, жаңа ұғым, басқарудың жаңа құралы «жобалық менеджмент» саласының қолданылуында. Яғни, белгіленген мерзім ішінде, көздеген мақсатқа қол жеткізу. Ал мақсат анық, бағдар айқын, ол жемқорлықтың алдын алып, сананы өзгерту, ояту. Жоба ең алдымен, адамның санасына сәуле түсіріп, адамды, қоғамды түзетуге бағытталған. Сондықтан, адалдық, әділдік жолындағы басты құндылығымыз – қоғам, ал қоғамды өзгертер күш – білім мен адал еңбек.

Демек, еңбекке немқұрайлы қараушылыққа, жалқаулыққа, қоғамды жұтатып, тоқыраушылыққа ұшырататын әлеуметтік жүдеулікке әкеліп соқтыратын алаяқтық пен жемқорлыққа қарсы бір ағзадай қоғам болып төтеп беру ауадай қажет-ақ. «Еңбек жоқ, қарекет жоқ, қазақ кедей, тамақ аңдып қайтеді тентіремей» – заманына қайта оралмас үшін алауыздық пен әділетсіздікке ұйытқы болған жемқорлық зұлымдығына қарсы бірлесіп әрекет етейік. Тегінде ақыл, ғылым, мінез, ар, адалдық сынды құндылықтарға ие адам ғана қоғам көшін бастайды.

Сәрсенов Жандос, 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік

қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа

қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қарағанды облысы

бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

Басқа материалдар

Back to top button