Жаңалықтар

Ақиқат адастырмайды

Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Әнет баба» атындағы орталық мешітте теолог мамандарға арналған семинар өткізілді. Шараға аймақтың қалалары мен аудандарында, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жұмыс атқаратын теологтар мен дінтанушы мамандар қатысты. Негізгі дәріс оқушылар исламтану ғылымдарының докторы, «Нұр Мүбәрак» университетінің ұстазы Ризабек БАТТАЛҰЛЫ мен психолог мамандар болды.

Екі күнге жалғасқан семинардың алғашқы күні дәрістер пайғамбарлардың және VIIVIII ғасырдағы Ислам ғұламаларының ұстанған Әһлү-сүннет ақидасы хақында өрбіді. Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.), сахабалар және сәләфуссолих ғұламалары Алла Тағаланың есім сипаттарын қалай түсінген және түсіндіргені жайында егжей-тегжейлі талқыланды. Мамандар өздерін мазалап жүрген сұрақтарына толыққанды жауап алды.

  • Жергілікті мамандарға дәстүрлі дінімізді дұрыс түсіндіру жөнінде бағытбағдар беру, тәжірибе алмасу мақсатында келдік. Қазір жағдай бір қалыпқа түскенімен, қуануға әлі ертерек. Жастарды жіті назарда ұстап, дәстүрлі дінді насихаттауды тоқтатпауға тиіспіз. Дініміз – ақида (сенім), шариғат (мұсылманның құқығы), ахлақ (мінез) деген негізгі үш тараудан тұрады. Осы семинарда қоғамда орын алып жатқан жағдайларға байланысты ақида мәселесіне тереңірек тоқталдық. Құрандағы өзекті мәселелерді тура мағынасында қабылдау, тура жолдан ауытқуға алып келіп отыр. Яғни, Құран Кәрімнің астарлы мағынасын түсінбеудің салдары – бұл. Құран – өте терең. Оны түсіну үшін биік талғам мен пайым керек. Ғылымсыз дін жоқ. Семинарда осы мәселені жеріне жеткізе айтуға тырыстық, – деді Ризабек Батталұлы.

Ата-бабаларымыз бекем ұстанған Әбу Ханифа мәзхабы мен Ахлү-сүннет ақидасы халқымызды адастырмай аман алып келе жатыр. Секта сеңдей қаптаған заманда тұрақты дін керек-ақ. Алайда, дінге оның тарихы мен тармақтарын, Пайғамбарлардың өмірін, пайдасы мен зиянын білмей келіп, адасып жүрген бауырларымыз, өкінішке орай, баршылық.

Семинардың екінші күні осы мәселе жайлы дәрістер оқылды. Псевдосәләфизм ғалымдарының Ислам ақидасында адасушылығы және олардың адасқандығы туралы Әһлү-сүннет ғалымдарының дәлелдері мен аргументтері ортаға салынып, сәләфизм жайында қазіргі ғалымдардың пікірлері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар да өз білімдерін дәлелдеп, семинарды әсерлі етіп отырды.

– Дәріс оқушылар өз ісінің нағыз маманы екендігін байқатты. Әр айтылған мәселе бүге-шігесіне дейін нақтыланып, түсіндірілді. «Мыңдаған ағымдар бар, бір-біріне қатты ұқсас. Бұл – өте нәзік әлем. Дінге терең бойлай алмасаң, титтей қатемен жат ағымға түсіп кетуің ықтимал. Оқылған тәпсір мен аударманы Құранның өзі деп қателесетіндерді де көріп жүрміз. Құраннан мысал келтіру үшін араб тілін жетік білген жөн» – дейді олар.

Дін мамандарының айтуынша сәләфиттер де қулыққа көшкен. «Әминді» іштен айтып, қолын кіндігіне байлап жүріп-ақ, сырттай қарсыласпай, өз идеологияларын жүргізе беруі мүмкін. «Құдай қайда?» деп сұрасаң ғана олар ашулана бастайды, жанды жері, өйткені. Осыны әрбір мұсылман білуі керек. «Құдай аспанда» деп Құранда жазылмаған. Ол – барлық жерде. Бәрін көруші, естуші Құдірет.

– Семинарда жат ағымның жетегінде кеткен азаматтарды тура жолға түсірудің әдіс-тәсілдері мен адаспаудың алдын алу бойынша да дәрістер оқылды. Аймағымыздағы теологтардың діни білімі де өз деңгейінде жеткілікті. Дегенмен, уақыт өткен сайын жаңа қырлары ашылатыны белгілі. Осы саланың Ризабек Батталұлы сияқты нағыз мамандарының дәрісі білімдерін тереңдете түсері сөзсіз. Бүгінде аймағымызда жағдай тұрақты. Облыс көлемінде 37 теолог маман жат ағымға кеткен азаматтармен жұмыс істеуде, – деді облыстық дін істері басқармасы жанындағы дін істері орталығының басшысы Жанболат Сектай.

Семинар қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификат табысталды.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button