Жаңалықтар

Ағайынның ахуалы қандай?

Күн тәртібінде күйіп тұрған мәселе көп. Ең өзектілерінің бірі – оралмандар ахуалы. Тәуелсіздік алған тұста Елбасының шақыруымен сырттағы ағайын жаппай елге орала бастады. Осылайша, әлемнің әр қиырына тарыдай шашылған өз ұлтын бауырына тартып, қолдау білдірген санаулы мемлекеттің біріне айналдық. Шетелдегі ағайынды шақырып қана қою жеткіліксіз, оларды жаңа ортаға бейімдеу, мемлекеттік қызметке тарту мәселесі басты назарда болуы тиіс.

Бұрнағы күні Теміртау қаласындағы Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде оралмандар мәселесі ортаға салынған жиын өтті. Қала әкімінің орынбасары Дәурен Жағыпарұлының қатысуымен өткен дөңгелек үстелге осы мәселе бойынша өкілетті органдардың өкілдері жиылып, қала тұрғындарының арызшағымдары мен ұсыныс-тілектерін тыңдады.

– Бұл жиынды қаламыздағы оралмандардың хал-ахуалын білу мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Осылайша, шетелден келген ағайындар мәселесін бірлесе шешуге, біз көрмей, ескермей жүрген дүниелерді анықтауға және шешімін табуға тырысамыз. Жиынға ақсақалдармен қатар жастар да көптеп қатысып отыр. Олардың өз бастарындағы қиындықтарын ашық айтуы көңіл қуантады. Дөңгелек үстел бейресми форматта өтсе де, түйткілді мәселелердің оң шешімін табуына сеп болады деген үміттеміз, – дейді Теміртау қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Жүнісова.

Жиын барысында құрыш қалаға көшіп келген ағайынның басты мәселесі – тұрғылықты тіркеуге тұру, әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізу және балаларын мектепке орналастыру екендігі белгілі болды. Сондай-ақ, оралмандарға ғана емес, жалпы қала тұрғындарына қатысты әлеуметтік мәселелер де көтерілді.

«Біздегі басты мәселе – азаматтық алу. Құжат жинау мәселесіне көп уақыт жоғалтамыз. Осы мәселені оңтайландыруға қол ұшын берсеңіздер екен», – дейді оралман ағайындар.

Өз кезегінде құзырлы органдардың өкілдері айтылған арыз-шағымдар мен ұсыныстарды қарастыруға және шешуге уәде берді.

Айта кету керек, бүгінде Теміртау қаласында 1500-ге жуық оралман тұрады. Олардың 277-сі биыл көшіп келгендер. Көші-қон полициясы басшысы қалаға көшіп келушілердің қатары жыл сайын ұлғайып келе жатқанын айтты.

Жиын барысында шекараның арғы бетінен «елім, жерім» деп келген ағайындар өз бастарынан кешкен қиындықтарымен бөлісіп, қала әкімінің үш жыл бойы атқарған ауқымды жұмыстарын тілге тиек етіп, өз алғыстарын білдірді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button