Ағайындылардың ерлік жолы

Екінші дүниежүзілік соғыста елін қорғап қасық қанын аямаған батырлар қаншама. Бейбіт күнде өмір кешіп жатқан біздер сол ауыр жылдар туралы ардагерлердің естеліктерінен ғана білеміз. Осындай батыр ұлдардың қатарын толықтырған Өтебай қажы әулетінің төрт бірдей азаматы – әкем Балапанның інілері Ақтай мен Дүйсеке Өтебаевтар және екі ағам Қанапия Балапанов, Мәнетай Естаев.

1942 жылдың қаңтар айында әкемнің екі інісі, Ақтай мен Дүйсеке және екі ағам Қанапия Балапанов пен Мәнетай Естаев соғысқа аттанған. Батыс майданы 10-шы әскердің 326 атқыштар дивизиясының жауынгері Ақтай 1942 жылы қырқүйекте оққа ұшқан. Дүйсеке хабарсыз кеткен…

Әкемнің тұңғыш ұлы Қанапия інісі Мәнетай екеуі, 26-шы жеке атқыштар бригадасының пулеметчиктері, жауынгерлік жолын 49-шы армияның құрамында бастаған.

1942 жылдың 22 қаңтарынан 6 ақпанына дейін Торопецко-Холм операциясына қатысқан.

Холым түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін гвардия сержанты Қанапия Балапанов пен Мәнетай Естаев «Ерлігі үшін» медальмен марапатталды.

 1942 жылдың тамыз айынан 26 атқыштар бригадасы Калинин майданының 4-ші армиясына (4-шабуылдаушы әскер) ауыстырылған.

Осы сәттегі Калинин майданының әскеріне жүктелген тапсырма бойынша, өзінің сол қанатымен Духовщинаға соққы беріп және Батыс майданы әскерлерінің оң қанатымен бірлесе отырып, Смоленскіге баса көктеп кіру керек болған. Бұл бағыттағы неміс фашистерін талқандағаннан кейін, Белоруссия ішіне дендеп кіру мақсат болды.

Қазақтың екі пулеметшісі – Естаев пен Балапанов кескілескен шайқас кезінде немістің жаяу әскерлерін танкілерінен бөліп әкетіп, немістерге жүз елу метрдей жақындап келеді де, сазайын тарттырды. Жол үстінде үйіліп қалған фашистердің денесін көрген Балапанов, Естаевқа қарап: «Жау өлігі жақсы сасиды» деген шындық сөз екен, – депті»… (18 қазан 1942 ж. («Ел мен ердің жеңісі» 30 бет, «Қазақстан баспасы», 1985 ж. ).

Великолукск операциясы барысында майдан әскері жау шебін бұзып Великие Лукиді босатты.

1942 жылы 20 желтоқсанда № 189 майдан бұйрығы бойынша гвардия сержанты Қанапия Балапанов пен Мәнетай Естаев Бабкино селосы бағытындағы жаумен шайқастағы ерлігі үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалін кеудесіне тағады. Екеуі тағы да осы бағыттағы еселі ерліктері үшін 1943 жыл 14 қаңтарда № 10 майдан бұйрығымен, «Қызыл Жұлдыз» Орденімен марапатталады.

1943 жылы Ржев-Вязем операциясы барысында Батыс майданы әскерімен бірге 130-160 шақырым жылжып, Белый қаласын жаудан босатты.

Смоленск операциясына қатыса отырып, 1943 жылы Калинин майданы әскері 14 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Духовщино-Демидовск операциясын өткізді.

13 тамызда Калинин майданының жауынгерлері Духовщинаға негізгі соққыларын жасады. Бірақ, жау табанды қарсылық көрсетіп, 5 күнде 6-7 шаршы метр ғана алға жылжыды.

Смоленск жолындағы ұрыста Батыс және Калинин майданы әскерлері 1000-даған елдімекенді жау қолынан азат етті. Қиян кескі шайқастан кейін Смоленск 1943 жылы 28 тамызда фащистерден азат болды.

Қызыл Армияның шабуылына жаудың қарсы жанталасқан қорғанысы еш бөгет бола алмай, Невельді және басқа 320 елдімекенді жаудан тазартты. Немістердің Невельді қайта алу ниетімен жүргізген шайқастары нәтижесіз болып, Қызыл Армия Беларуссияның шығыс шекарасына бір-ақ шықты.

Қазан айының басында Беларусияны азат етіп, Польша мен Шығыс Пруссияға шығу мақсаты тұрды.

Шығыс Пруссия үшін күрес 1945 жылдың 13 қаңтарынан 26 сәуіріне дейін жалғасып, Кенигсберг қамалы мен қала азат етілді. Кенигсберг қамалы шабуылына қатысқаны үшін Кеңес Одағының Бас қолбасшыМаршалы И.Сталин «Алғыс» жарияланды.

Осы қанды соғыстың қайнаған ортасында болған ағам Қанапия Балапанұлы Жеңіс туралы қуанышты хабарды Шығыс Пруссияда естіген. Ол өз қолынан інісі Мәнетайды соғыс даласында жерлеп, өзі аман-есен елге, отбасына оралды. Нұркелді мен Нұриден атты балаларын көрді. 1975 жылы өмірден өтті.

Шынарбек БАЛАПАНОВ.