Ақадырда 11 отбасыға баспана берілді

Ақадыр кентіндегі 11 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады. Пәтер тапсыру салтанатына облыс әкімі Ерлан Қошанов пен «Астана-Моторс» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов арнайы барды.

Әр үйдің жанында жер учаскесі мен шаруашылық құрылыстары бар. Бақша егіп, үй шаруашылығын жүргізуге болады.

Баспанаға ие болғандардың бірі – Фарида Көмекованың отбасында жеті бала бар. Бұл күнді ол ұзақ жылдар бойы күтті. Бұрын отбасы екі бөлмелі жалдамалы үйде тұрып келген болатын. Енді, міне, 12 сотық жер учаскесі бар, үлкен төрт бөлмелі үйде қоныс тойын тойлауда.

 – Біз күйеуіміз екеуміз де жұмыс істейміз. Бірақ, біз үшін баспаналы болу шешілмеген қиын мәселе болған еді. Бүгін – біз үшін ең бақытты күн! – дейді көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Фарида Көмекова.

Ләззат Ахмағанбетова тұрғын үй алу кезегінде 13 жыл тұрған. Оның бес баласы бар. Енді олар да өздерінің төрт бөлмелі үйлеріне қоныстанады.

– Мен соңғы күнге дейін бас паналы болатынымызға сене алмадым, – деп өзінің әсерімен бөлісті көпбалалы ана.

Қоныстанушыларға кілттерді табыс ету рәсімі нағыз мерекеге айналды. Ауыл тұрғындары «Астана Моторс» компаниясының арқасында баспаналы болып отыр. Бұл үйлерді компания өз есебінен жөндеп, абаттандырып, көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларға сыйға тартты.

Өз сөзінде Ерлан Қошанов Елбасы тапсырмасы бойынша өңірде көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Бұл отбасылардың әрқайсысы үшін ең өзекті мәселе – баспана. Бұл мәселені шешуге кәсіпкерлер көмектесуде. Биыл кезекте тұрғандар қатарынан 700 отбасы пәтер кілттерін алады. Олардың үштен бірі бизнесмендердің көмегімен жаңа баспанаға қоныстанады.

– Тәуелсіздік алған кезеңнен бері мемлекет кәсіпкерлерді қолдап келеді. Бүгін бизнес аяғына нық тұрып, мемлекетке әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесетін кез келді. Балаларымыз бен немерелеріміз осы жомарт азаматтарды үлгіге ала отырып, өсуі тиіс. Дәл осындай шаралар «Туған жер» идеясын – өзінің туған жеріне, отанына көмек көрсету керектігін нақты мысал ретінде көрсетеді, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Ол «Астана Моторс» компаниясына көпбалалы отбасыларға көмек көрсеткені үшін рахмет айтты. Сондай-ақ, жергілікті мектептің талантты түлектері еліміздің үздік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болып отырғанына да алғысын білдірді. Оған Нұрлан Смағұлов құрған «Білім қоры» көмектеседі.

– Ақадыр – менің кіші Отаным. Бұл жерде менің әкем өсіп, балалық шағын өткізген. Бұл жер – менің ата-бабаларым үшін ыстық болған мекен. Табысқа жеткен кез келген адам өзінің Отаны алдындағы қарызын қайтаруы тиіс. Мен бүгін өз туыстарыма көмектесіп жатқаныма қуаныштымын. Біздің компания қайырымдылықпен белсенді түрде айналысады, адамдарға көмектеседі. Бұл – біздің тұжырымдамамыз, біздің өмір салтымыз және біздің философиямыз, – деді Нұрлан Смағұлов.

Ол компания келешекте де Ақадыр тұрғындарына көмектесетініне уәде берді. 2011 жылы «Астана Моторс» балалар-жасөспірімдер спорт мектебін салды. Онда балалар бассейні мен күрес залы бар. Спорттық нысанда дзюдо, самбо, қазақша күрес, футбол чемпионаттары өтеді. Мектеп тәрбиеленушілері әрдайым халықаралық жарыстарға шығып, жүлделі орындарға ие болады.

Биыл Ақадыр кентінде 70 пәтерлі тұрғын үй қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Қоныстанушылар арасында көпбалалы отбасылар болды. Олардың барлығы тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар тізімінде болған. Шет ауданында барлығы 41 көпбалалы отбасы тұрады. Биыл кентте 32 пәтерлі үй салынады. Келесі жылы тағы екі көпқабатты үй пайдалануға беріледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.