Бас тақырыпОблыс әкімі

Майқұдықтың ажары кіреді

Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК Майқұдықтағы басты көлік артериясы саналатын Магнитогорск және Карл Маркс көшелерін жөндеуді тапсырды. Жөндеу жұмыстары көктемде басталуы тиіс.

Жоспар бойынша жолға қиыршық тас-мастикалық асфальт-бетон төселіп, бағдаршамдар мен жиектастар және жарық бағандары ауыстырылады. Сондай-ақ, «Акация» кафесі аумағындағы қауіпті жол қиылысы жойылып, оның орнына «Т» пішініндегі кең жолақты қиылыс салынады. Бұдан бөлек, жөндеу жұмыстарының жоспарында қоғамдық көлік үшін арнайы жолақтар салып, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдерді жаңғырту қарастырылған. Бұл жұмыстардың барлығын «Қазақжолқұрылыс» ЖШС жүзеге асырады.

  • Майқұдық және Сұрыптау тұрғындары күн сайын осы жолмен жүреді. Бұл – шамамен 200 мың адам. Көше Майқұдықтағы барлық аудан үшін басты көлік артериясы болып саналады. Қалада дәл осындай нашар жағдайдағы үлкен жолдар жоқ, – деген аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек мердігерлерге қала әкімдігімен, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесе отырып көшелерді жөндеудің тиімді жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Бұдан бөлек, айналмалы жолдардың жайы да талқыға салынды. Аймақ басшысы ол жолдардың құрылыс жобасын жол полициясымен бірге алдын ала ойластыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, көшелерді жарықтандыру мен бағдаршамдар кестесін аудан тұрғындары үшін барынша қолайлы етіп жасау қажеттігін атап өтті.

Тағы бір айта кетерлігі, Магнитогорская көшесіндегі өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған ең ескі 2 және 3 қабатты үйлердің шатыры мен қасбеттерін жөндеу жоспарлануда. Жөндеу жұмыстары көшенің бірыңғай архитектуралық стилін сақтау мақсатында жалпы жұмыс тізбесіне енгізіледі.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button