Бас тақырыпОблыс әкімі

Жөндеу жұмыстары қарқынды

Кеше аймақ басшысы Ерлан Қошанов Күнгей шағын ауданы және Октябрь аудандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Атап айтар болсақ, жол салу, аулаларды абаттандыру, қаладағы бірқатар мектептерге жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына баға берді, тұрғындармен тілдесті.

Алғашқы нысан – Күнгей шағын ауданындағы 16-бағыттағы автомобиль жолы. 3,8 шақырымды құрайтын жолға орташа жөндеу жұмысын жүргізуге 143 млн. 400 мың теңге бөлінген екен. Мердігер ұйым – «АрмСтрой» ЖШС 1996 жылдан бері сапалы атқаратын жұмысы арқылы Қарағанды ғана емес, Қазақстан бойынша танымал. Бұған дейін бұл жерде автокөлік жолы болмаған, барлық талаптарға сай салынып жатқан жолға тұрғындар да дән риза. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланса да, тамыз айының соңына дейін толық тәмам болады дейді мердігер ұйым өкілдері. Ауа-райының қолайсыздығы аздаған бөгет болғанымен, күн жылынса, жұмыс қарқынды түрде жүргізіледі, – дейді «АрмСтрой» ЖШС техникалық директоры Гриша Акопян.

Аймақ басшысының келесі аралап көргені – «Көгілдір тоғандар» шағын ауданындағы айналма және кварталішілік автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары. 1,2 шақырым жолды «Еуразия жолдары» ЖШС қосалқы мердігер ұйымы жөндеуде. Бөлінген қаржы – 66 млн. теңге шамасында. Жолды жөндеу, жиектастарды орнату жұмыстарымен қатар, автобус аялдамасы бекетінің де орны өзгертілген. Бұл автобустың бұрылуына да ыңғайлы болмақ. Сондай-ақ, №77 мектеп пен балабақшаға баратын жер де назардан тыс қалмаған.

Бірақ, аймақ басшысы осы шағын аудандағы №4 емхана төңірегін абаттандыруға қатысты наразылығын білдірді. «Тас төсегенше, гүлзар орнатып, ағаш егуге болмады ма?» – деген Ерлан Қошанов тұрғындардың дем алулары үшін қолайлы болуына назар аудару керектігін айтты. Мердігер ұйым – «Астана Базис-А» ЖШС-нің өз есебінен төңіректі қайта жасатамыз ба деген де ұсыныс айтты.

Абаттандыру жұмыстарын мердігер ұйым – «Сарқан +» ЖШС-і жүргізіп жатқан К. Маркс көшесі, 7 үйдің тұрғындары да облыс әкіміне үйлеріне қызмет көрсететін «Айым-Т» пәтер иелері кооперативіне деген наразылықтарын жеткізді. Дегенмен, үйдің ауласы абаттандырылып, асфальт жол салынып, жиектастар төселген. Балалар алаңы да қалпына келтірілмекші. Бюджетке қарай бермей, көмек қолын созатын адамдармен келісіп, ретке келтіріңдер деген тапсырма берді Октябрь ауданының әкімі Мейрам Қодықовқа. Облыс әкімі үйдің жағдайына пәтер иелерінің кооперативі жауап беретінін, мақсатты қаржы есебінен сыртқы жұмыстарды жүргізу керек екенін айтты. Өз кезегінде «Айым-Т» ПИК-і басшысының орынбасары Қанат Бейсембеков өздерінің тараптарынан атқарылуы керек шаралардың барлығын уақытылы орындауға уәде берді.

Жалпы, биыл Октябрь ауданы бойынша 50 аула абаттандырылуы керек. Майқұдықта – 27, Пришахтинскіде – 16, Сұрыптау елді мекенінде –7. Қазірдің өзінде 33 нысандағы жұмыстардың 90 пайызы атқарылса, қалған нысандарда 50-70 пайыз шамасында. Жұмыс кесте бойынша кідіріссіз жүргізіліп, мерзімінде аяқталмақшы. Сондай-ақ, Магнитогорская көшесіндегі 35, 37-үйлер мен Күзембаев көшесіндегі 81, 83-үйлерге өтетін жолдар жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолы реттелген. Аулалар да жарықтандырылып, қоқыс жәшіктері қойылып, сәкілер орнатылған. Мердігер ұйым – «Райс kz» ЖШС. 16 шағын ауданындағы 12, 18 үйлер аулаларында да жұмыс қарқынды. Мердігер ұйым – «Astana Unity Group» ЖШС. Мемлекет тарапынан жасалатын жұмыстар өз алдына, жыл бойы үйдің жағдайын бақылап, қызмет көрсететен «Жилсоцсервис» ПИК-інің қызметіне тұрғындар да риза. Айта кету керек, қала бойынша 2500 үй болса, 400 үй күтімсіз екен. 100 үйге дейін қызмет көрсетуге қауқарымыз жетеді деген «Жилсоцсервис» ПИК өкілдері биліктегілер тұрғындарға ұсыныс жасаса, біз қызмет көрсетуге дайынбыз дейді. Тұрғындар болса, 30 жылдан астам жөндеу жұмыстары жүргізілмеген аула қазір көз қуантады деп, ризашылықтарын білдірді. Пришахтинскідегі Методическая көшесі, 4,6,8,9,10,11,12,14,16 үйлерінің, Зелинский көшесіндегі 2,4,6,8,10 үйлердің, Садовая көшесіндегі 2,3,6 үйлердің тұрғындары да атқарылған жұмыстарға риза. Небары 16 пәтерлік 2 қабатты үйлердің сыртына салынғаннан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген екен. Тұрғындарының көпшілігі зейнеткерлерден құралған үйдің ауласында жасалған жұмыстарға риза болған қариялар, алғыстарын жаудырды. Болашақта үйлердің қасбетін жөндеу де қолға алынады деген сенімде. Аулалармен қатар, қала мектептерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары қарқынды. Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ирина Любарская бірқатар мектептерде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Мәселен, №18, 65, 76 мектептің, №32 интернаттың қасбетіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар 2019 жылы да жалғасын табатын болады. Қоғамдық кеңес, депутаттар корпусымен қатар, ата-аналардың да тарапынан қатаң қадағалаудағы жұмыстар ойдағыдай әрі мерзімінде жүргізілуде.

Қаланың Майқұдық бөлігінде балалар сарайы болмауына байланысты №76 мектепте гимнастика залы қайта жабдықталып, хореография залы ұйымдастырылған. Апаттық жағдайға жеткізбес үшін, келесі жылы шатырды жөндеу де жоспарда. №54, 61 мектептердің едендері ауыстырылып, №65 мектептің жылыту жүйесі толықтай ретке келтірілген. Ал, Сұрыптау елді мекеніндегі №137 мектептің қоршауы ретке келтіріліп, ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. И.Любарскаяның айтуынша, қаладағы тағы бірқатар мектептерде жұмыс қарқынды. Жоспарға енген мектептердегі жұмыстар толық аяқталатын болса, білім саласындағы жөндеуді қажет ететін 23 нысан ғана қалмақшы. «2019 жылы білім беру мекемелеріндегі ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстары аяқталар болса, 2020 жылға қарай аулалары толықтай абаттандырылатын болады», – дейді қала әкімінің орынбасары.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button