Жаңалықтар

Бір даңғылда – мың тағдыр

Кеше Балқаштан құрдасым келді. Азкем шүйіркелесіп отырғанбыз. Жанындағы құлыншағы «Мені Көк Туға апарыңыздар. Сол жерде тұрып, «Көк Тудың желбірегені» деген әнді айтамын», – дейді. Бүгінгі тойға арнайы келіп жатыр ғой, Баба атындағы даңғылды біржола аралатайын деген ой туды. Көлікке міндік те «Шахтер» стадионының маңайына жеттік. Баба атындағы даңғыл осы жерден басталады, «Қазақстан» және Сәтбаев көшелерімен қиылысатын тұсынан. Қалаға кіреберіс қой…

Оң қанатымызда Бұқар жырау даңғылы, 1/1, 1/2 және 1/3 үйлер. Түрлі бизнес субъектілері орналасқан. Ұлттық нақыштағы киім үлгілерін тігетін «НұрӘсем» сән үйі де осында.

Көп ұзамай, Бұқар жырау даңғылының Жамбыл көшесімен қиылысатын тұсында Қарағанды жоғары политехникалық колледжі орын тепкен. Сұранысқа ие мамандар даярлайтын оқу орны. Жолдың қарсы бетінен көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжді көресіз. Жанымызға ерген кішкентай ұл: «Демек, Қарағандыда студенттер көп екен ғой. Мектеп бітірген соң, мен де осында оқуға келемін», – деп қояды. «Талабыңа нұр жаусын!», – деп жатырмыз…

Біз бойлап келе жатқан даңғыл 13-ші үйден соң Чкалов көшесімен қиылысады. Кезінде, 1966-1979 жылдары біздің «Орталықтың» редакциясы сол көшенің бойында орналасқан-тұғын. Қарсы бетінде радионың кеңсесі болыпты. «Орталықтың» ардагерлерінен естіп-білгенім ғой. Жол қысқартпақ ниетпен, осының барлығын айтып келемін. Айтпақшы, бұл даңғылға Бабаның аты осыдан 25 жыл бұрын берілген. 325 жылдық мерейтойында. Мұның алдында «Советская» аталса, одан әріде Сталиннің атында болған екен. Құрдасым сөзімді бөліп, Балқаштың бас көшесі әлі күнге дейін Лениннің атында екенін айтып қынжылды осы тұста. Мен оған Қарағандыдағы Октябрь ауданын Әлихан бабамыздың атына беру туралы мәселенің көп уақыт бойы оң шешімін таппай келе жатқанын айтып мұң шағайын…

Бір уақытта дүркіреген «15-ші магазин де» осы маңайда. Қаланың көнекөз тұрғындары жақсы біледі. Бір кездері бұл даңғылдың бойымен троллейбус қатынапты. Біз көргеміз жоқ, әрине. Одан берірек, жолдың сол жағында Орталық Қазақстан академиясы орналасқан.

Даңғылды бойлап келеміз. Бұқар жырау даңғылының Бейбітшілік бульварымен қиылысатын тұсына жеттік. Алдымызда – еңселі ғимарат. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры. Қасиетті қарашаңырақтың осы жаңа ғимаратының ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын. Газетке жазғанбыз.

«Ооооо! Қандай әдемі ғимарат! Сәкен атаның ескерткішінің алдына суретке түсейікші» дейді балқаштық балақай. «Әрине!» деп, құп көрдік…

Тағы да екі-үш үйді артқа тастағанбыз. Жолдың сол жақ қанатында Кеншілер Мәдениет сарайы тұр жарқырап. 1940 жылы салынып, 1952 жылы пайдалануға берілген. Қарсы бетте – «Кеншілер даңқы» ескерткіші. 1974 жылы қоладан құйылып, граниттен қашалып орнатылған. СССР-дың даңқты скульпторы А.Билык пен архитектор А.Малковтың туындысы ғой. Қарағанды көмір бассейнінен 2 миллион тонна көмір өндірген сәтте арнайы ашылған.

Бұл нысанның алдында да естелік суретке түсіп алдық та, «подземкамен» жолдың арғы бетіне өттік. Мәдениет сарайының алдында суретке түсу үшін. Жанымызға ерген құлыншақтарға бір-бір балмұздақтан әпердік. Олар көңілді… «Шаршаған жоқсыңдар ма?» деп қоямыз, былдырлаған тілдеріне тамсанып. «Жоооооқ» дейді олар хормен.

Бәрекелді! Жолдың арғы бетіне қайта өтіп, көлігімізге міндік.

Оң қанатымызда – облыстық сот, сол жағымызда – облыс әкімдігінің ғимараты. Әкімдіктің алдында – «Тәуелсіздік» ескерткіші. 2011 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған. Биіктігі 47 метрлік композицияның авторы және сәулетшісі – Мұрат Байысбай. Маңайы мазмұнға сай абаттандырылған нысаннан қалай аттап өтейік? Аялдадық, жанында тұрып суретке түстік. Бұл – Бұқар жырау даңғылының Әлиханов көшесімен қиылысқан тұсы.

Жолдың оң жағына түсіп, жоғарылап келеміз. «ЦУМ-ды» бойлай өтіп, Н.Әбдіров атындағы спорт сарайының алдына жеттік. Қос даңғылдың қиылысқан жері. Бұқар жырау және Н.Әбдіров даңғылдарының. Қарсы бетте – Батыр бабаның ескерткіші. Қайсар рухтың нышаны! Жолсеріктерімізге Кеңес одағы батырының өмірінен азкем ақпар бердік осы тұста…

Бұдан сәл жүрген соң, «Сити молл» сауда үйінен өтіп, «45-інші орам» аялдамасына жеттік. Қаладағы ең үлкен аялдама осы болса керек. Ығы-жығы кісі, бір-біріне жарыса «сигналдатқан» қоғамдық көліктер. Қу тірлік үшін жанталас. Уақытын үнемдейді, жолаушыға таласады. Құрдасым «мына қалада адамнан көлік көп сияқты ғой» деп қалжыңдап қояды.

Алдымызда – желдей ескен көліктер толы көпір. Бұқар жырау даңғылының Ермеков көшесімен қиылысқан тұсы. «Оң жағымызда, Ермеков көшесінің бойында «Орталықтың» редакциясы орналасқан. Міне, мынау – орталық вокзал. Алдында Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші орнатылған», – деп шама-шарқымша әрмен қарай қаланы таныстырып келемін. Ә.Ермеков көшесі бұрын – «Горношахтная» (1972 жылға дейін), Дзержинский (1992 жылға дейін), сондай-ақ, Бұқар жырау даңғылымен параллель жатқан С.Ерубаев көшесі Киров көшесі деп аталған.

Көпірге шықтық. Балалар шу ете қалды. «Ооооооо, Туға жеттік пе?» деп. Әлі де сәл жүретінімізді айттым.

Жобамен 3-4 шақырымдай жерден Алланың үйі – Орталық мешіттің мұнаралары көрінді. Базарды, өзге де сауда ғимараттары мен көпқабатты тұрғын үйлерді артта қалдырғанбыз. Тығыз әрі жолға тым жақын орналасқан жер үйлерге жеттік. Бір кездегі «16-шы магазиннің» тұсы. Одан сәл өте бере, Бұқар жырау даңғылы Волочаевский көшесімен қиылыстан соң солға қарай бағыт алған. Оң жағымызда – Университет көшесі, Қарағандының «Оңтүстік-Шығыс» бөлігіне бастайтын. Дәл осы тұстан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің бас ғимараты мен жатақханалары, өзге де тұрғын үйлер көрініп тұр.

Балалар көлікті «басына көтерсін». «Туға қараңыздар!» десіп… Жүргізушімізден жылдам жүруін сұрап қояды және де. Көше бойы жылдамдықты өлшейтін фотаппараттар барына бас қатырсын ба?

Бұқар жырау даңғылының біз жеткен тұсы бұрындары «Приканальная» көшесі деп аталған. Қазір Ту-тұғырға дейін Бұқар жырау даңғылы болып өзгертілді.

Жоғарыда жазғанымыздай, көпірден мұнаралары көрінетін облыстық №1 мешіттің жанынан өтіп келеміз. Даңғылдың оң жақ қанатындағы бұл нысан 2000 жылдың 23 желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған. Қасиетті орынға халық көптеп жиналады. Әсіресе, жұма намазының уақытында мұнда жиналатын жамағаттың қарасы қалың екенін көзіміз көріп жүр.

Мешіттен өте бере, Бұқар жырау даңғылы Құрылысшылар даңғылымен қиылысады. Сол жағымызда – «Орбита» ықшамауданы. Оң қанатымызда – Жеңіс саябағы. Қаланың көрікті жерлерінің бірі.

Ту-тұғырға асыққан балалар аса назар қоймаса да, құрдасымыз екеуіміз даңғыл бойындағы нысандар туралы білгенімізбен бөлісіп келеміз…

Біз бойлай өткен жолдың Республика даңғылымен қиылысатын тұсына да келіп жеттік. Даңғылдың мәреге жететін жері.

Балалар мәре-сәре. Көліктен жарыса түсіп, Ту-тұғырға қарай жүгірді. Сапқа қаз-қатар тізіле қалып, «Көк Тудың желбірегеніне» басты.

«…Көк Тудың желбірегені,

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен Ту

Жан емес,

Маған керегі –

Көк Тудың желбірегені…».

Ішіміз жылып барады. Құлыншақтарға «бәрекелді!» айтып жатырмыз…

Олар діттеген жеріне жеткендеріне мәз-мейрам. Қайта көлікке міндік. Әрқайсысы өз әсерімен бөлісіп жатыр…

Патриот, елін, жерін сүйетін жас буын өсіп келеді. Қандай жарасымды-ақ!

Біз де ойға шомғанбыз. 1934 жылы қала статусын алған Қарағандының бір ғана Бұқар жырау даңғылында мыңдаған тағдырдың ізі жатыр-ау…

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,

«Орталық Қазақстан»

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button