Жаңалықтар

Павлодарда «Арқаның асыл мұрасы» атты көрме өтуде

Павлодарда Бұқар жыраудың 350 жылдығына орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының «Арқаның асыл мұрасы» атты көрмесі өтуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.


Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі көрмеге қарағандылықтар 300-ден астам экспонат әкелген. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов көрмеде қола дәуірінен бастап қазіргі заманға дейінгі заттарды тамашалауға болатынын атап өтті.

«Көрме Бұқар жыраудың 350 жылдығына арналады.  Бұқар жыраудың араб жазуымен қағазға түсірілген жыр жолдарын әкелдік. Сарыарқаның қола заманнан бергі тарихымен танысуға болады. Оған қоса, биыл «Қоянды» жәрмеңкесінің 170 жылдығы болғандықтан, аталмыш тарихи жәрмеңкеге де қатысты экспонаттар бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша киелі орындардың республикалық тізіміне Қарағанды облысынан 21 нысан енген. Сол орындар жайлы да біле аласыздар»,-деді Ержан Нұрмағанбетов.

 Көрмедегі айтулы экспонаттардың бірі – 2010 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданынан табылған алтын адамның көшірмесі. «Арқаның алтын адамы» атанып кеткен тарихи жәдігер Қазақстаннан табылған 4-ші алтын адам. Түпнұсқасы Астана қаласындағы ұлттық мұражайда сақталған.

Айта кетер жайт, Ержан Нұрмағанбетов Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне Қарағанды облысы мәдениет басқармасы басшысының көрмені ұйымдастыруға және облыстар арасындағы тарихи-мәдени кеңістіктерді нығайтуға атсалысқаны үшін алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ Бұқар жыраудың 350 жылдығына орай Қарағанды ғалымдары шығарған тарихи тұлғаның еңбектері мен сол кездегі айтқан сөздеріне талдау жасалған «Ұрпаққа ұлағат» кітабын сыйға тартты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button