Қарағандылық әскерилер қала көшелерін зарарсыздандыруда

Қарағанды қаласының басты көшелеріне «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскерилері зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуде. Кеше Бұқар жырау даңғылының бойында санитарлық өңдеу шаралары өтті.

 

Әскерилер жеке қорғаныш киімдерімен жұмыс істейді. Санитарлық өңдеу жұмыстарына арнайы жуу құралдары және  «Рубеж» дезинфекциялық ерітіндісі бар жинақтар пайдаланауда.

Бұл шараларға елуге тарта әскери қызметшілер жұмылдырылды. Бүгінге дейін 7 мың текше метр дезинфекциялық ерітінді пайдаланылған. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының денсаулығы мен өмірін қорғауға бағытталып отыр.

— Қарағандыда ауқымды дезинфекция жүргізіліп жатыр. Санитарлық өңдеу болатын жерлермен дауыс зорайтқышы бар машина жүріп өтіп, жұмыстың басталғаны туралы хабарлайды. Егер сіздің үйіңіздің жанынан осындай көлік жүріп өтсе, терезелер мен балкондарды 5 сағатқа жабыңыздар, — деп хабарлады «Senim 109» қызметінің мамандары.

Сондай-ақ, осы уақыт ішінде өңделген жерлерден аулақ болу немесе мүмкіндігінше тез өту ұсынылады.
Мамандар, тұрғындардан бұған түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше көшеге шықпауды және балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды.