Бас тақырыпЖезқазған

Байыпты басылымның мерейтойы

Мысты қалада аймақтық «Сарыарқа» (бұрынғы облыстық «Жезқазған туы») газетінің 45 жылдық мерейтойына арналған шырайы келісті, мазмұны мағыналы, мерекелік реңдегі іс-шаралар тартымды түрде әрі аса жоғары деңгейде атқарылды. Ойлы оқырман үшін бағасы биік басылымда ертеректе қызмет еткен ардагерлер, осы газет қабырғасында қанаттары қатайған журналистер қауымы мен техникалық қызметкерлер сол күні Жезқазғанға әр тараптан сартап болған сағыныштарын арқалай жетті.

Сәкен Сейфуллин атындағы қалалық орталық кітапханада өткізілген жазушы, аудармашы Марал Хасеновтің «Нобель сыйлығының лауреаттары» сериясымен жарық көрген жинақтарының «Шеберлік пен кемелдік үлгісі» тақырыбындағы таныстырылымы бағдарламада түзілген кешенді іс-шаралардың бастапқысы болды. Осынау орынды рәсімнің басылым мерейтойы аясында жоспарлануы, әрине, бекерден бекер емес. Марал аға Хасенов – облыстық «Жезқазған туы» газетінің тұңғыш санын шығарушылардың бірі, жауапты хатшының орынбасары лауазымында абыройлы еңбек етіп, басылымның бәсі биіктеуіне сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгер.

Жылыжүзді жүздесу Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әртісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әншісі Ғалым Мұхамедин орындаған әсем әнмен басталды. Өзінің кіріспе сөзінде жазушының жар қосағы, соңында қалған мол мұрасын жинақтап, жұртшылыққа танымал ету жолында қажымай-талмай еңбектеніп жүрген Рымбала Кенжебайқызы еңселі ердің есімін жадынан шығармаған Жезқазған халқына, ізгі ниетті істі ұйымдастыруға пейіл бұрған қала әкімдігіне, қалалық орталық кітапхана мен «Сарыарқа» газеті редакциясының ұжымына алғаусыз алғысын білдірді.

Көпшілік кеш кейіпкері хақындағы ескірмес естеліктерімен бөліскен бұрынғы облыстық басылымның жауапты хатшысы, ардагер журналист Қасым Орынбетов, Марал ағаның әріптес інісі, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі Амандық Рахұлы, сыйлас ғұрыптағы досы, Қазақстанның Құрметті геологы Сұлтан Сүтбаев, жазушы-драматург, филология ғылымдарының кандидаты Кенжебай Ахметов және басқаларының сүбелі сөздеріне зор ынтамен құлақ түрді. Мінберге көтерілгендер әр сөзі мірдің оғындай болған Марал Хасеновтің білім көкжиегінің кеңдігі, танымының тереңдігі, өресінің биіктігі, адами қасиеттерінің кемелдігі, журналистік шеберлігі, аударма саласындағы алғырлығы туралы көсіле толғап, орнықты ой-пікірлерімен бөлісті.

Кітапхана қызметкері Әсем Бірәліқызы тақырыптық көрмеге қойылған жазушының туындыларына қысқаша шолу жасаса, таныстырылымды әзірлеуге тікелей ұйытқы болған мәдениет ошағының директоры Ғалия Түгелбаева біртуар тұлғаның зайыбы Рымбала Кенжебайқызының иығына зерлі камзол жауып, лайықты құрмет көрсетті.

Кітапхана мамандары ақындардың Марал Хасеновке арнаған өлең-жырларын оқыды.

Келісті кеш «Сарыарқа» газетінің бас редакторы Дархан Мұқановтың жүрекжарды лебізімен түйінделді.

***

Ұзақ жылдар бойы жалдамалы баспаналарды тұрақ етіп, көшпелі ғұрыпқа көндіккен басылым редакциясы өз мерейтойының қарсаңында дербес меншік құқығы бар жаңа ғимаратқа қоныстанып, ормандай оқырмандарымен қоса көзайым қуанышқа кенелген болатын. Мерейлі сәтте алыс-жақыннан жи налған қауым сол баспананың тұсаукесер салтанатына қатысты.

Салтанатты рәсімді жүргізуші, ақын Ізтөлеу Түсіповтің арнау-толғауынан кейін алғашқы құттықтау кезегін қала әкімі Қайрат Бегімов алды. Қала басшысы редакция ұжымын, ардагер журналистер мен жалпы оқырман қауымды басылым мерейтойымен, оған тұспа-тұс орын алған газеттің баспаналы болу қуанышымен ақжарыла құттықтады. Шығармашылық топтың басқару тізгінін ұстаған Дархан Мұқановтың іскерлік қабілетін ерекше атап өтіп, жайлы қоныстың өнімді еңбек ошағына айналарына сенім білдірді. Зейнет демалысындағы журналистерге бақуатты тірлік тіледі. Көрікті ғимараттың көрімдігі ретінде компьютер тарту етті.

Қалың бұқара мен редакция ардагерлерінің көңіл төріндегі көрікті ойларын баспасөз ісінің майталманы, байырғы журналист Қасым Орынбетов кестелі тілмен әдемі жеткізе білді. Ардагер ағаның аппақ тілегін басылымның бұрынғы қызметкері, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ғалым Жайлыбай жарасымды жалғастырып, қастерлі қарашаңырақтың мерейтойына арнаған, сиясы әлі кеуіп үлгермеген өлеңін оқыды.

Салтанатты жағдайда лента қию рәсімін қала әкімі Қайрат Бегімов пен баспасөз саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған ардагер журналист, аудармашы Аманжол Үсенов іске асырды.

Бабалардан қалған бағалы дәстүр бойынша шашу шашылды. Тұсаукесерге қатысушы қауым жаңа ғимараттың ішкі ахуалымен танысып, іс үстіндегі қалам иелеріне сәттілік тіледі.

***

 Көркем шараларға куә болып, көңілдері тоғайған елдің шаттығы «Керуен» мейрамханасында өткен салтанатты басқосу кезінде еселене түсті. Шынында да, мерейтойда мерейі өскен жұртшылықтың келбетіне көз салып, жүрекжарды лебіздерін естудің өзі бір ғанибет еді.

Шымылдығы қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекованың құттықтауымен түрілген шара барысында айтылған ақ тілектер арнасынан асып төгілді.

Өнерпаздар әуелеткен әсем әуендер жалпы жұрттың жайдары күйімен астасып жатты.

Айтыс аламанындағы суырыпсалма қасиеті даусыз мойындалған тегеурінді жыр жүйрігі, ұлытаулық «Дәридай» ақын – Мұқаш Сейтқазиновтың шабыттана оқыған өзгеше бітімдегі арнау өлеңі тыңдарманды тәнті етті.

 Газет шығару ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңған ардагерлердің, арнайы шақырылған мәртебелі меймандардың, орта буын журналистердің, басылымның тұрақты авторлары мен белсенді оқырмандарының омырауларына «Сарыарқа» («Жезқазған туы») газетіне – 45 жыл» мерейтойлық медальдары тағылып, куәліктері табыс етілді.

Басқосуға келген барша ағайынға биылғы жылдың басынан бері басылым бетіндегі «Сарыарқа – 45» арнаулы айдары аясында жарияланған мақалалар, естеліктер, эсселер мен сұхбаттар топтастырылып, Астана қаласындағы «Кәусар» баспасында басылған «Ақпарат айдынында. «Сарыарқа» («Жезқазған туы») газетіне – 45 жыл» жинағы үлестірілді.

Осы орайда, мерейтойлық медальдар «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі журналист Абдолла Дастановтың жомарт пейілмен бөлген демеушілік қаржысы есебінен Алматы қаласында жасалғанын айрықша атап өткен жөн.

 Кезінде керегесін кеңге жайған облыстық «Жезқазған туы» газетінің ұлағатты ұстанымдары мен қалыптасқан қағидалы қалпына мысқалдай сызат түсірмеген саңлақ басылым – «Сарыарқаның» мерейтойлық шараларына қала әкімдігі қапысыз қолдау көрсетті. Байыпты түзілген бағдарламалардың кең тынысты болып, қаржы тапшылығын сезінбеуіне сондай-ақ, Ұлытау ауданының әкімі, ұлтжанды азамат Әнуар Омар мен Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты, танымал меценат Бекзат Алтынбеков демеушілік жасады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button