Тазы — иттің тектісі

Ақын Свет Оразаев өзінің ит жайлы өлеңін: «Ит адамның досы ғой, талас бар ма? Ортамыздан хақың жоқ аластауға. Компасың боп үйіңе алып келер, Борандарда, түндерде адасқанда», – деп бастаған екен. Мұхит бабамыз да төлтума әніне «Қоянды шалмай алар қара қаншық» деген сөздерді бекер қоспағаны анық. Қазақ үшін жүйрік ат, қыран бүркіт және құмай тазының жөні бөлек. «Жеті қазынаның» біріне баланған құмай тазыға киіз үйінен орын берген де осы қазекең.

Біздің буын өкілдері арасында ат жүгіртіп, соңына ит ертетіндер некен-саяқ. Әр ауылда аңшылыққа әуес жігіттер болғанымен, түпкілікті айналысатын, оған жантәнімен берілген азаматтарды табу қиын. Серілердің сарқытындай болған, өне бойынан қазақылықтың иісі есіп тұратын Құрманғазы Әлимановпен құмай тазы жайлы ой қозғау ойымда жүрген еді. Өзі асаба, өзі атбегі жігітпен әңгімелесу кімге болса да жақсы көңіл-күй сыйлары анық. Сәті түскен әңгімені Құрманғазының өз аузынан естігенімдей біржақты баяндап беруді жөн санадым.

– Жүйрік ат, құмай тазы десе, делебесі қозатын қазақпыз ғой. Сол ортада жүргеніме, ләззатын жан-тәніммен сезіне алғаныма қуанамын. Оларды көріп өскендікі, әлде, атадан дарыған қасиеттен болар – осы ортада жүргенім. Бабалардан «Ораза-намаз – тоқтықта» деген тәмсіл қалған. Ат баптап, ит жүгірту үшін тоқшылық керек. «Бөрінің Тәңірісі болса, иттің иесі бар» демекші, итің мен атың аштықтан бұралып жатса, киесіне ұшырауың кәдік. Ат пен иттің бабын табу – оңай дүние емес. Қазір ат мініп, ит ерткен жастар көп секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, қиыншылығына төзбей, соңын сұйылтып, ақыры, иті мен атының қайда қалғанын білмейтіндер де бар.

Жалпы, шашасына шаң жұқпайтын жүйрік ат та, аузымен құс тістеген құмай тазы да, әуелі, босағаға бітеді. Қазір қолымда үш тазы бар. Егер, мен олардың күтімін жасамасам, аңға салар мезгіл – қансонарда жаңағы иттер жүгірмей қалуы да мүмкін.

Ит күтімі – қарнын тоқ қылып, уақытылы атқа мініп, оны соңыңнан ертіп отыру. Нағыз ит күтімі – осы. Ит өз формасын жоғалтпауы керек. Біз ит күтімі былай болуы керек деп, әлденені тыңнан ойлап тауып жатқан жоқпыз. Бізге бұрынғылардан жеткенді жасаудамыз. Баяғыдан келе жатқан итті баптау, иттің қоясын түсіру, итті ауыздандыру деген дүниелер бар. «Иттің қоясын түсіру» әртүрлі жағдайда жүреді. Қоясы түспеген ит жүгірмейді, көңіл-күйі болмайды. Қоя – жеген тамағы,жүн-жұрқадан асқазанында түйіншіктің түйіліп қалуы. Оны түсіру үшін сары майға немесе тоң майға жылқының қылын орап жұтқызады. Содан ит құсып, қоясын тастайды. «Иттің артына сары май жақпас» деген сөз содан қалған болуы керек. Ал, кейде иттер көк шөп жеп, қоясын өзі түсіріп жатады. Бірақ, ол саған керек кезде болмауы мүмкін. Сондықтан, өз қажетіңе ыңғайлап отырасың.

Енді құмай тазыны қайдан алу керек, жақсы иттің тұқымы қайдан табылады дегенге келсек. Жақсы иттер көп. Осы ортада жүрген жігіттердің көбінен «Міне, мынау таза қазақы ит» деп жұртқа көрсететіндей сүйіспеншілік сезілмейді. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Өзім араласатын, қазақы тазыға еңбегі сіңіп жатқан жоражолдас, аға-інілерім бар. Дей тұрғанмен, мынандай мәселелер де бар. Қасқырды ұстап әкеліп, оған ит салу, қалай айтсам екен… Бұл – шоу жасау. Қазір шоуға құмар болып кеттік. Қасқыр алатын ит шығарамыз деп түрлі әрекетке бару, неше түрлі қанды араластыру… Өзім осыған қатты наразымын және қарсымын. Тазы – тазы болуы керек, дөрегейі – дөрегей, төбет – төбет болып қалуы керек. Тазының да түр-түрі бар. Жарғақ құлақ тазы, шашақ құлақ тазы дегендей. Менің тазыларым шашақ құлақты. Шашақ құлақ пен жарғақ құлақты араластырады. Нәтижесінде, «түсініксіз» иттер пайда болады. Одан да сорақысы – төбетті тазыға салу. Әйтеуір, бірдеңені бірдеңеге салмаса, жүре алмайтындар көбейді.

Менің пайымымда, ата-бабалар ұстаған тазылар салпаң құлақ, шашақ құлақты, құйрығы дөңгелене оюланып, қайрылып тұрады. Құйрығында селдір шашақтары, кейбірінің аяқтарында балақ жүндері болады. Мен сондай иттерді көріп өскенмін. Кейіннен неше түрлі иттер пайда бола бастады. Арабтың салюкиіне, қырғыздың тайғанына, ағылшынның грейхаундына қолымыз жетті. Солардың барлығы араласып, түсініксіз тұқым пайда болды. Былай қарасаң тайғанға, былай қарасаң тазыға ұқсайды. «Мынау қандай тұқым?» деп сұрасаң, нақты жауап бере алмайтын итұстарлар шықты.

Атам ат жүгіртіп, ит ұстаған кісі екен. Ол кісіні біз көрген жоқпыз. Әке-шешемнің айтуымен құлаққа сіңген әңгіме – атамның Ақкиік, Сұркиік деген қос тазысы болыпты. Өспен ауылының маңында «56 разъезд» деген елді мекен бар, тұқымы сол жақтан деседі. Қарағанды төңірегінде аққасқа, көкқасқа иттер көрсем, ауылымның иттерін көргендей боламын. Тоқсаныншы жылдары барлық ауылдардағыдай біздің жақтың көп жігіті де аттан түсуге мәжбүр болды. Ертұрманды қораға іліп, қалаға кетті, сол кезде ауылдың иттері де жан-жаққа бытырады. Сол иттердің тұқымын танып та жатамын…

Қазір осы салаға мемлекеттік тұрғыда көңіл бөліне бастады, «Қансонар», «Салбурын» секілді шаралар ұйымдастырылуда. Осыған көңілім марқаяды.

Қайсыбір жылы иттерім ерте күшіктесе, оларды алғашқы қарда жүгіртіп, ауыздандырып үлгерсем деген үмітпен қаншықтарыма жылдам күйлететін дәрі ектім. Иттерімнің қылығы келді. Арлан тазылар тауып, ұйықтырдым. Соның бәрі бос әрекет болып шықты. Иттің ішіне күшік бітпеді. Аң аулау уақыты таянған тұста, тамыз бен қыркүйекте иттерді баптауды бастар мезгілде, жондандырып, атқа жайлап ертетін кезде күйлеп тұр. Оны ыңырсытып қоя алмайсыз. Қазір ұйыққан ит тура аңшылық мезгілінде күшіктейді. Ондай иттің сізге аң аулауы – екіталай. Содан түсінгенім – табиғи жолға ештеңе жетпейді екен. Бұрынғы баптаудан артық ештеңе жоқ екен. Атаның айтқан әңгімесі, ағаның жеткізген насихатымен ит ұстап, ат баптап жүрміз, бұл тұрғыда жаңашылдыққа ұрына бермеген жөн.

Нарық заманында «ит сату», «ит сатып алу» деген ұғымдар бар. Бірақ, мен осыны қабылдай алмадым. Ол қанша жерден жүйрік тазы болсын, оның арғы атасы – ит қой. Ит сатқаны несі?! Ел осыны ескерсе екен деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім, келісу, не келіспеу – әркімнің өз еркі. Біреулер бұдан нәпақасын да тауып жатқан болар. Десек те, «ит сатып, нан тауыпты» деген тұрпайы естілері анық. Тазының шынайы жанашыры болса, «Қазақтың төл өнеріне қиянат жасамаймын» деген адамға тазыны тегін тарату керек. Өз басым тазы сатып, оған құн белгілеп көрген емеспін. Келген адам дәстүрлі ырым бойынша қарғы бауын қалдырып, таңдаған күшігін алып кете береді.

Қаны таза иттер қаймағы бұзылмаған ауылдарда әлі де кездеседі. Біздің Өспен ауылында қаны таза тазылар табылады. Осындай ауылдар еліміздің әр аймағында бар. Мәселен, Айғыржал деген шағын ауылда саналы ғұмырында ат баптап, ит жүгірткен Қайыржан, Әділ есімді ағаларым бар. Олардың ұзақ жылғы еңбегі нәтижесін беріп отыр. Сол кісілерден жақсы иттердің тұқымын алуға болады.

Қазақта «Жетелеп қосқан тазы түлкі алмас» деген мақал бар. Итті сүйрелеп жүріп баулымайтынымыз анық. Жалпы, иттің бойында аңшылық инстинкт болады. Күшігінен әлденені қуып, соны ұстауға бейімделген ойындар ойнайды. Иттердің арасында ауызданғаны болса, соған еріп жүріп ауызданады. Тазы аңды алыстан көргенде тұра жүгіреді. Ұстамаған, шалмаған күннің өзінде қумай қоймайды. Бастысы – лекке ілесіп, өзге иттермен қатар, аңды бір тістесе болды. Ауызданғаны – сол.

Қазақ тазыға төрінен орын берген, бұл – ақиқат. Ол – жеті қазынаның бірі. Тазы – ит атаулыда бойына сұлулық пен тектілікті жинай білген, Жаратушының назары ерекше түскен тұқым шығар деп ойлаймын. Анам келін болып түскенде атам елуді еңсеріп қалған кісі болса керек. Тайыншадай ақ тазысы үйде, көрпенің үстінде жатады екен. Ол кісінің осы әулетке енді келген кезі. Ит әлі жете тани қоймайды. Үй шаруасын істеп жүрген келінге әлгі тазы қимылсыз, әр іс-әрекетін көзбен бақылап отырады екен. Көзінің суықтығы соншалықты, істеп отырған ісіңді тастап далаға шығып кеткің келеді, жүріп келе жатсаң тоқтап қалғың келеді дейді. Сол тазы қасқыр алады екен. Қасқырдың да қасқыры бар, әрине. Десек те, қасқырды жеке алғаны иттің сырттандығын білдірсе керек. Қашқан қасқырды қуып жетіп, тірсектен алып, иесінің қасқырды жеңіл соғуына ыңғайлап береді екен.

Атам ұлдарымен аңға шығады. Қоржынына қазы-қартасын кертіп жеп, тоспада ыңғайлы сәтті күтіп жатады. Балаларына «Түлкі, қоян қашса, айғайлап, шуламаңдар. Шулайтын болсаңдар, жіліктеріңді сындырамын. Қасқыр көрсеңдер ғана айтақтаңдар», – деп тапсырма береді екен. Содан балалары қасқыр көрінсе ғана атойлап, айтақтайды. Сол кезде ғана Ақкиік пен Сұркиік іске кіріседі. Атам қасқырдың бағытын көрсе болды дейді. Өзі басқа бағытқа беттеп кете береді. Сөйтіп, қасқырды алдынан тосып алып, бүйіріне мелкашкасын тіреп атып алады екен. Ақадыр мен Айсаның ортасындағы Аяқбосаға деген жерде атамның Жекен деген ағасы болыпты. Серілігі мен аңшылығы қатар жүретін кісі болған. Бұл кісінің аңшылық ерекшелігі – қашқан аңның аталық, иә болмаса, аналық екенін жазбай танитындығында. Өзінің соңында он шақты тазы жүретін, алдынан қашқан аң құтылмайтын кісі болса керек. Түлкі, қарсақ, қоян, қасқыр сынды аңдарды қабына салып алып, қанжығасына байлап жүре береді екен. Кезіккен кісіге қолын қабына сұғып жіберіп, іліккенін байлап жіберетін адам болыпты. Үлкендерден «Аңды қапқа салғаны несі?» – деп сұраса: «Ойбай-оу, баламысың деген, қаншама аңның бүргесі үстіне жұғады ғой, әйтпесе» деп жауап беретін. Міне, бойымда осындай әкелердің қаны болған соң, мен аңшы болмағанда кім аңшы болады?

Иттің бабы жоғарыда айтқанымдай, адамның әлеуметтік жағдайына байланысты. Өзің аш жүріп, итіңнің жонын астаудай қыламын деу – бекершілік. Күшік енесінің төсінен айырылған соң неше түрлі ауруға шалдыға бастайды. Күйі кетеді. Екі айдан асқан бетте егетін вакцинасы болады, соны міндетті түрде егу керек.

Қазір өзім Қарағандының жанындағы Южный кентінде тұрамын. Осы жерде Николай Лебедкин деген адам болды, кейін Ресейге көшіп кетті. Ол кісінің тазыға іңкәрлігі анау-мынау қазақты жолда қалдыратын. Коля ағаның итті таңдауына, ит күтіміне дән ризамын. Сол кісінің күшігінен таңдаған тазылардың әдемі болмағаны, жүгірмегені жоқ. Ол бойына біткен қасиет пе, тәжірибемен келген дүние ме, білмедім. Өзі қазақтармен араласып, мал бағып, аңға ит қосып, қазақы өмір салтын ұстанған кісітін. Заты басқа демесеңіз, тірлігінің барлығы қазақы еді. Күшікті баптау, тамақтандыру мәселесінде ол кісінің алдына түсетін қазақ жоқ шығар, сірә. Жас күшікке ақуыз аса қажет. Оны ірімшікпен, сиырдың жаңа сауылған сүтімен бересіз. Осындай дүниелерді сол кісіден үйрендім. Ірімшік пен таңғы сүттен беріп отырса, күшіктің жілігі майлы болады.

Мінекей, менің ит күтіміне қатысты айтарым – осы. Тазы асыраймын, аңға ит қосамын деген жігіттер болса, осы әңгімемде іліп алар дүние болса, алсын. Ондай жігіттер табылып жатса, қуанамын.

Тағы бір айтарым – қазақ тазысына көңіл енді бөлініп жатқан тұста, оны көрінген қанмен араластырмай, таза ұстап қалуға талпынған дұрыс.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.