Жаңалықтар

Көңілге қонымды жаңа әліпби

Жуырда академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекетттік университетінде Қазақ жазуын латын графикасына аудару орталығының ұйымдастыруымен “Жаңа қазақ әліпбиі және графика мәселесі” тақырыбындағы республикалық семинар өтті.

Бүгінгі таңда еліміздің рухани әлеміндегі өзекті мәселе – қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру идеясы. Бұл ретте, ҚР Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2018 жылғы 19 ақпанындағы Жарлығы негізінде қыркүйек айының соңында өткен Ұлттық комиссия отырысында «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасы таныстырылған болатын.

Семинар жұмысына Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталықтың орфография бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдерінова, А.Байтұрсынов атындағы «Тіл білімі» институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек, «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталықтың атқарушы директоры, филология ғылымдарының докторы Ербол Тілешов, сондай-ақ, аталған білім ордасының профессорлық-ұстаздық құрамы, студенттер, магистранттар, облыстың білім ұйымдарының өкілдері қатысты.

– Біздің университетте өткен жылдың желтоқсанында қазақ жазбасын латын графикасына аудару бойынша арнайы орталық құрылған болатын. Академиялық қоғамдастыққа ауқымды жұмыстар атқару қажет болады. Себебі, біздің ғана университеттің кітап қорында 1 млн. 800 мың басылым бар. Біздің қызметкерлер кирилицадан латиницаға аударма жасайтын арнайы компьютерлік бағдарлама құрастырып, оған авторлық куәлік алды. Бір минутта бағдарлама шамамен 100 бетке дейінгі мәтінді аудара алады. Бұған қоса, біздің орталық ұстаздарды оқытумен айналысады, – деді Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың бірінші проректоры Рымбек Жұмашев.

Өз кезегінде, ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталықтың ғылыми қызметкерлері мен “Тіл білімі” институтының мамандары да жаңа жобаны өңірлерден келген білім саласы қызметкерлеріне кеңінен таныстырды. Әсіресе, «Жаңа қазақ әліпбиі негізіндегі емле ережелері жобасы: құрылымы қандай, ұстанымы неде?» деген баяндасында Құралай Күдерінова жобаның әр тарауына тоқталып, мысалдар келтірді. Бұл баяндама семинар жұмысына қатысушыларға еліміз латын графикасына көшкен кезде қандай деңгейге көтерілетініне көзін жеткізді. Бұл ретте, көптеген сұрақтарға дер кезінде жауап алған тіл жанашырлары көкейлеріндегі мазалаған ойларымен де бөлісіп, пікір алмасты.

Баяндамада емле ережелері жобасының орта мектеп оқушыларынан бастап, арнаулы және жоғарғы оқу орындарының студент жастарына, оқытушы-филологтар мен жалпы халыққа негізгі қағидаларды тиянақтай түсу мақсатында таныстырылып, назарға ұсынылып отырғанын да тілге тиек етті. Нақты шешім шығарылып, бекітілмеген жобамен әрбір ел азаматы танысып, қараша айының ортасына дейін пікір-пайымын айтуға, өз үлесін қосуға құқылы екендігін ескертті.

– Латын графикасындағы сауатты жазу ережелері «Тіл білімі» институтында құрастырылып, жыл басында әзірленді. Маусымда ұлттық комиссия жанындағы орфография бойынша жұмыс тобына ұсынып, еліміздегі жоғары оқу орындарының тіл кафедраларына таратылды. Сөйтіп, төрт ай аралығында сарапшылар сауалнама жүргізіп, нәтижелерді сараптап, тәуелсіз талдаушылардың пікірлерін тыңдауда. Барлық облыстарда семинарлар ұйымдастырылып жатыр. Онда латын графикасының жазу сауаттылығы талқыланады, – деді Құралай Күдерінова.

Қатысушыларға семинар барысында сауалнама сұрақтары беріліп, жауап та алынды. Сондай-ақ, семинар аясында Әлімхан Жүнісбек 2006 жылы Елбасының қазақ тілін латын қарпіне көшіруге үндеу жариялаған күнінен бастап А.Байтұрсынов Тіл білімі институтының Әдістемелік жұмыс топтарымен бірге қарастырылған зерттеулері мен ғылыми еңбектерін таныстырды. Ол қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруге қатысты түрлі көзқарастар мен екі жақты пікірдің қалыптасып келгенін, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да түрлі ұсыныстар, ой-пікірлер тасқыны үздіксіз жарияланғанын, сонда да күн тәртібінде тұрған осынау өзекті тақырыпты одан әрі дамытып, латын әліпбиіне көшудің тиімді жақтары қарастырылғанына тоқталды.

Сөйтіп, семинар жұмысы ҚарМУ ғалымдарының жаңа қазақ әліпбиіне қатысты баяндаулары, жарыссөздер мен ой-пікірлері негізінде түйінделіп, қатысушыларға сертификаттар табысталды.

А.ЖҰМАДІЛДИНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button