«Оралман» термині ресми түрде «қандас» деп ауыстырылды

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының көшi-қон процестерiн реттеу мәселелерi бойынша кейбiр заңнамалық актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  • Этникалық көші-қон саласына қандай өзгерістер енгізіледі? Біріншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, этникалық қазақтар «оралман» мәртебесін алу үшін Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұру фактісін растау қажет. Іс жүзінде, 1991 жылдан кейін туған этникалық қазақтар мұндай құжаттарды бере алмайды. Осыған байланысты, «оралман» мәртебесін алу үшін бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмауы негізгі критерийі ретінде енгізіледі.

Екіншіден, қандас бауырларымызға қолайлы жағдай жасау үшін, сондай-ақ өткізілетін құжаттардың тізбесі қайталануына байланысты, өзі ниет білдірген өтініш берушінің тұрақты тұруға рұқсатты және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарды бір мезгілде беру мүмкіндігі көзделген.  Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында заң жобасында «оралман» сөзін «қандас» сөзіне ауыстыру бөлігінде түзетулер енгізілді, — деп нақтылады Біржан Нұрымбетов.

Көші-қон процестерінің құқықтық базасын кеңейту және заңсыз көші-қонға жол бермеу мақсатында тиісті қадамдар ескерілген.