Руханият

Жұмбақ жұмыс ауыстыру

«Социалистік Қазақстанда» («Егемен Қазақстан») қызмет ету – зор мәртебе әрі жауапкершілігі мол іс. Маңдайында республикаға басшылық жасайтын ең құзіретті үш саяси органның газеті деген жазуы бар бұл басылымға екінің бірін ала бермейтін. Оның материалдық-моралдық тұрғыдан артықшылықпен пайдаланатын игіліктерінің қатарында жаңадан келген қызметкерге әрі кетсе екі айдың ішінде пәтер беретін дәстүр де бар еді. Сондықтан, мұндай жерге мұрныңды батыру үшін не жамиғат жаппай мойындаған журналистік талантың, не өзіміз ауызекі айта беретін «толкашың» болуы керек. Демек, мұның екеуінен де мақұрым қалған мен үшін ондай оты-суы мол орыннан дәмету – аспандағы айды ілгенмен бірдей. Дәмету былай тұрсын, армандаған да емеспін.


1987 жыл, жаз айы. Баспада қызмет етіп жатқаныма екі жылға жуықтаған. Кеңсе табалдырығын аттап, үйреншікті орныма жайғаса бергенім сол еді, хатшы қыз Бас редактордың шақырып жатқанын жеткізді. Заматта алдына бардым. Ол кісі ертеңнен бастап «Социалистік Қазақстанға» кететінімді, кешке дейін құжаттарым дайын болатынын айтты. Мен болсам осы бір табан астынан пайда болған өзгерістің байыбына жете алмай, состия тұрып қалыппын. Күні кеше ғана тып-тыныш дүние бір түнде қалай құбыла қалған? Негізі, жаман нәрсе болмағанымен, іштей намыстанып қалғаным да рас. Көнбей қайда барасың дегендей, сыртымнан билегені қалай? Шынында да, алдын-ала бір уәжге келіп алу – қос тараптың ежелден жазылмаған заңдарының бірі емес пе еді?!
Ертеңінде «СҚ»-ның көлдей көсілген, бір қабырғасы тұтастай жиһаздалған бөлмесінің төріне орналасқан айналмалы орындығы бар үстел басында отырдым. Бас редакторымыз Балғабек Қыдырбекұлы болуы керек-ті. (Бірақ, ол кісі болса, менің бұл табалдырықтан аттауым да неғайбыл-ау… Өйткені, кадр жинақтауда «география саясатын» қатты ұстанады, – деп еститінбіз… А.Б.) Бірақ бұл кезде жоғары жақтың қаһарына ұшырап, отпускіден соң оралмайтын болған. Орнына келген Көрік Дүйсеев республика Жоғарғы Кеңесінің марапаттау бөлімін басқарып немесе сол бөлімнің қызметкері болып жүрген жерінен жуықта жіберілген екен. Аққұба келген, шапаты бойлы, киіктің асығындай шағын тұлғалы адам. Тұла бойынан мәдениеттілік пен зиялылықтың лебі еседі. Жалғыз ғана айыбы – осындай азулы газетті ұлт мүддесімен ұштастыра алып кететін журналистік тәжірибесі де, кәсіби шеберлігі де кемшін, – дейді біреулер. Бірақ, бұл олқылықты білдірмей жіберетін орынбасарлары мықты. Бірі – кәсіби журналист, танымал қаламгер Сарбас Ақтаев, екіншісі – белгілі ақын, беделді журналист Әбірәш Жәмішев. Екеуі де газет шығару ісінің жілік майын шағып ішкен шебер публицистер.
Жайылып, жайбарақат жүруге үйреніп қалған басымыз жинақы жүруге көндіге бастадық. Қанша айтқанмен, терең дәстүрі бар, ел тарихымен етене жасасып келе жатқан газет қой, үйренерлік, үлгі аларлық жағы мол екен. «Ойбай, «СҚ-ның» тілі қасаң, тілегі босаң», – дейтініміз бекер сөз болып шықты. Оның қазанында бір қайнап алған қаламгер далада қалмайтынына кейін де сан мәрте көзіміз жетті.
Бір күні Көрік Дүйсеев кетеді екен, – деген сөз шықты. «Халық айтса, қалып айтпайды», солай болды да. Енді оның орнын кім баспақ? Дәмегөйлердің қатарында осы басылымға бір кісідей-ақ еңбек сіңірген Сарбас Ақтаев та бар еді. Бірақ, ақыр соңында таразы басын Шерхан Мұртаза басты. Сол дұрыс та болды. Талабы күшті, таланты мығым басшы келгеннен кейін тізгінімізді қымти ұстадық. Салмақты мақала, салиқалы очерктеріміз дүниеге келді. Мәселен, жылқы туралы очеркімнің мақтауы бір жылға дейін басылмады. Бастығымыз екі сөзінің бірінде соны үлгі етіп, көздерін шұқи берген соң, қатарластарымның «қарғысына» қала бастадым. Асқар Сүлейменовше айтсақ, материалға қойған тақырыптарымның өзі «құтырып» тұратын болды. Бас редакторымыздың мені Мәскеудің өзім атын естіп-білмеген бір мықтысына теңейтіні сол тұс.
Бір күні жұмыс бабымен шақырған бастығым сөз арасында «баспанаң бар ма?» деп сұрады. Мұндайда қазақ баласының берер жауабы белгілі ғой. Мен де соны айтып күмілжідім. Ол дереу редакция кәсіподағының төрағасы мен өзінің бірінші орынбасары Ержұман Смайылды шақырып алып: «Мына Абзалдың бізден үй алуға мүмкіндігі бар ма? – деп мәселені төтесінен қойды. «Киіз кітабын» арқалай келген жеркомның бастығы «мүмкіндігі жоқ», – деді. Себебі – республика Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбиннің «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы қабылданған кезде менің қалалық тіркемем болмай, әлгі шарадан тыс қалуым. «Біздегі пәтер мәселесі де сол бағдарлама шарттарымен сәйкестендірілген, – деп алдымды мүлдем тұйықтады жерком жолдас. Әрине, бағзы кездегідей дүние тыныш болғанда Шерағаңның бұл мәселені тізеге сап шешіп жіберуіне болар еді. Бірақ, Желтоқсан көтерілісі болып, Қонаев орнынан кетіп, Колбин қаһарына мініп тұрған мына алмағайып заманда мұндай тәуекелге кім барар?! Осы «мүмкін емес» кейін айдарымнан жел естіріп, арманыма қанат бітірген ұжымнан кетуіме себеп болды. Менің кетуімді қаламаған Шерағаң, маған баспана бере алмайтынын мойындағандықтан ренжи де алмаған.
Бір қызығы – үй алудан үмітім үзіліп мұңайып отырған мен енді аз уақыттан кейін сол Колбиннің «Тұрғын үй – 91-інен» де бұрынырақ жаңа салынған көпқабатты үйден екі лоджиясы екі қапталында көсілген кең пәтер алатынымды білмеуші едім… Бұл енді бөлек әңгіме. Ал, енді менің «Егемен Қазақстандай» қазақ баспасөзінің қасиетті қарашаңырағына келуіме кім дәнекер болды – әлі күнге дейін жұмбақ. «Егеменде» үш жылдан аса жұмыс істегенде мен бұл сұрақты ешкімге қойған емеспін және «мен қолұшын созып едім» – деп ешкім тіс жарған емес.
Қазақтың бір отырыста бір қойдың етін бірақ жеп қоятынының дәлелі болу үшін Петербург ақсүйектерінің салтанатына сонау Қызылжардан қырық күн жүріп жеткен, бірақ сондай сынға түсетінінен хабарсыз қалыпта жоян қала жақсыларының алдында бір қойдың етін бір-ақ жеп, бір шара сорпа мен бір тегене қымызды бір-ақ қотарып, ертеңіне мұнда не үшін келгенін біле алмай еліне аттанып бара жатқан әйгілі Шоқанның туысы құсап, мен де бір күндері осы бас басылымға кім әкелгенін біле алмай, «Парасат» журналына ауысып бара жатқам. Мұны бір білсе, «СҚ-ның» сол кездегі басшылары біледі. Солардың көзі тірісінен қазір саламат жүргені Сарбас Ақтаев ақсақал болуы керек. Бірақ, араға отыз жылдан аса уақыт түскен сол сұраққа бүгін жауап іздеудің мәнісі бар ма? Жоқ та ғой. Дегенмен… дегенмен… алты аласым, бес бересім жоқ бас газетке мені қызметке тартқан кім екен? Қарауылшылық кәсіп болса бір жөн, «СҚ-ның» қарағайдай журналистігі ғой бұл. Әлі де таңырқаймын. Мұндай жұмбақ жұмыс ауыстыру, сірә, менің ғана басымнан өткен шығар…

Абзал БӨКЕН,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты.

Құрметті өнерсүйер, өлеңсүйер қауым! 

Ақтоғай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ақтоғай аудандық Мәдениет үйінде 12 қыркүйек күні сағат 16.00-де халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жерлесіміз, белгілі ақын Абзал Бөкеннің 70 жылдық мерейтойына орай, «ЖЕТПІС БЕЛДЕН ЖЕЛІП ӨТКЕН ҚАРА ӨЛЕҢ» атты шығармашылық кеші өтпек.

Кешке белгілі өнер шеберлері – Амантай Жұмаш, Сейіл Аяған, Дәуренбек Әркенов, «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі және елге белгілі қаламгерлер қатысады.

Кешті ақын Ілияс Мұқаев жүргізеді.

Басқа материалдар

Back to top button