Жаңалықтар

ЕНДІ КІМГЕ ЕРКЕЛЕЙМІН?

Тағдыр-ай! Бар еркелігімді көтеріп жүрген Ағамның табытын арқалаттың-ау…


…Суық хабарды құлағыммен емес, жүрегіммен қабылдадым. Ал, құлағымның түбінен тықылдаған дыбыс кетер емес. Тілекеңнің машинкасының дыбысы. Тоқтады. Машинканың тықылы да, ақ жүрегінің дүрсілі де.
Сене алар емеспін. Соңғы рет кездескенімде «Алпыстың сегізінші қырын асамын. Алла жеткізсе…» деп мұңайды. Иә, 68 жасқа толуына тура бір ай қалған. Редакцияға әр келгенінде артына қарайлап, біздерге әрнәрсені тапсырып, әр кездесуіміз қимай қоштасумен тәмамдалушы еді. Бұл жолы артына қарайламады. Ешнәрсе айтпады да, ештеңе тапсырмады. «Алла жеткізсе…». Неткен ауыр сөз еді?! Мен әдеттегі еркелігіме басып: «Шал, оның болмайды! Жетпісіңді тойлаймыз. Мен өзім жазамын!» дедім. Аңырап отырып азанама жазарыма көрінді ме?! Әйтеуір, жазу ғой… Мен де жазуға отырдым, Ағам да Алланың жазуына көндікті.
…Кешелі-бері қаралы үйдің төңірегінде, Ағама соңғы қызметімізді көрсетіп жүрміз. «Бауырымдап» келіп, жер тоқпақтап жылаған елде қисап жоқ. Ана бір ағам босағада мұңайып тұрған маған салқын амандасты. Тура соған жазған қылдай жазығым жоқ еді. Неге? Ақ тілеулі Тілеуқабыл ағамның қазасы да сабақ болар түрі жоқ бұл ағама…
Тілеш ағама бәрібір. Ол тірлігінде ешкімге өкпелеген де, ешкімді өкпелеткен де жоқ. Мен білетін шалдардың ішіндегі «сәбиі» еді. Аңғалдығын, оған қоса адалдығын айтыңыз. Амал нешік, босағасына кие дарып, төріне сөз құдіреті жайғасқан қарашаңырақтың тағы бір қара нары омақаса құлады.
Қамыт. Шабыт. Табыт. Тілекең қу тірліктің қамытын шешті. Шабыты сарқылды. Табыты – ауыр. Қара табытта қасиетті қалам жатыр көсіліп. Арқа журналистикасы аңырап, қарашаңырақ қаңырап қалғандай… Енді кімге еркелеймін, Аға!
Бақұл бол!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button