Кентте – қоныс тойы

Осакаров ауданы Молодежный кентінде жас мамандарға пәтерлер пайдалануға берілді. Бұл баспаналар «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың қаржысына жөнделген. Аталмыш шараға Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Серік САПАРБЕКҰЛЫ арнайы қатысып, жас мамандарға пәтер кілтін табыстады.

Сонымен қатар, игі шараға қатысқан Осакаров ауданы әкімінің орынбасары Руслан Нұрмұханбетов пен Молодежный кентінің әкімі Әбдіқасым Садықов тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу үшін аталмыш кәсіпорын арасындағы әлеуметтік әріптестік өзінің тиімділігін көрсетіп отырғандығын тілге тиек етті.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының Жолдауы жастарды жігерлендіріп тастады. Жолдауда нақты жүзеге асыру керек негізгі мәселер мен міндеттің әр қайсысы жастарға тікелей байланысты. Себебі, болашағынан зор үміт күттіретін білімді ұрпаққа жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселе. Біз Елбасының Жолдау аясында жастарды қолдап, жас мамандарға пәтер кілтін табыстаймыз. Бүгінгі жас маман білікті кадрлердің ертеңгі орнын басатын тұлғалар. Сондықтан қай сала мамандары болмасын өздерінен кейінгі толқынды білікті маман болуға баулиды. Бұл күнде өз мамандығына құлшынысы зор мамандар көп. Осыларды елімізді көркейту жолында жұмылдырумыз керек. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған шаралар атқарылып жатыр. Оның ел-жұрттан алғыс алған сәулелі ісінің шапағаты бізге де тиіп, міне, ауданның дамуы, жақсаруы жолында жастарға үлкен сыйлық жасап отырмыз. Жастардың жаңа қонысы қайырлы болсын! – деді Серік Сапарбекұлы.

Сондай-ақ, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қаныш Сәтбаев атындағы канал филиалының директоры Оңдасын Жиенқұлов, Молодежный кентінің ардагері Николай Куделич құттықтауын жеткізді.

Бұл күні пәтер кілтіне суды пайдалану және гидротехникалық ғимараттар бөлімінің инженер-гидротехнигі Ардақ Сапарғалиұлы мен Қарағанды эксплуатация басқармасының №1 учаскесінің электр жөндеушісі Нұрсұлтан Еламанұлы ие болды.

Бізге көмек қолын созып, пәтерді тарту еткен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына алғысымыз шексіз. Биыл отау тіктім. Енді, баспаналы болып жатырмын. Мұның барлығы Елбасының салиқалы саясатының арқасында атқарылып жатқан игі істердің жалғасы. Жас маман ретінде үш бөлмелі пәтер алу біз үшін үлкен қуаныш. Пәтер еуро стильде жөнделіп, қазіргі заманға сай жабдықтармен қамтылған. Мәселен, су құбырлары, үлкен, жарық терезелер, ағаш есіктер, бөлмелер жабдығы, бәрі-бәрі уақыт талабына сай жасалған. Үйдің ауласы қоршалып, балалардың ойнауы үшін арнайы алаңқай жасақталған. Айнала асфальтталып, әктеліп, үйдің маңы абаттандырылған. Енді, тек, қыстағы жылуы үшін коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлеп тұрамын. Баспаналы болғаныма қуаныштымын, – дейді пәтерге иелік еткен Нұрсұлтан Еламанұлы.

Айта кетейік, Нұрсұлтанның жұбайы Жанар Серғазықызы дәрігер-терапевт маманы болып жақында ғана Молодежный кентіндегі ауруханаға орналасыпты. Жастар ауылдағы ағайынға қызмет көрсетуге әзір екендігін атап өтті. Сонымен қатар, Оңдасын Жиенқұлов жергілікті билікпен бірлесе жұмыстың арқасында жас мамандарға 3 бөлмелі 8 пәтерді табыстау рәсімі де алыс еместігін сөз етті.

Осылайша, жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтуға қос тарап уағдаласып, кент тозығы жетіп, көптен бері иесіз тұрған үйге жан бітірді.

Сондай-ақ, сапар барысында Серік Сапарбекұлы кәсіпорн жұмысымен танысты. Орталықтан басқарылатын жылу жүйесі, каналдың учаскелерінің ғимаратына және № 17 насос станциясына ат басын тіреді. 7 учаскенің қызметкерлері шоғырланған ғимаратты айтулы мекеме күрделі жөндеуден өткізіп, арнайы іс-сапармен келіп жұмыс жасайтын қызметкерлер үшін 50 адамдық жатын бөлмелер де қарастырылғандығына ризашылығын жеткізді. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалы Қарағанды пайдалану басқармасының басшысы Дулат Экзеков ғимарат сырты түгелдей қоршап, айналасы көгалдандырылып, асфальт төсеп, қызметкерлер мен ауыл тұрғындары үшін жаңа көпфункционалды хоккей (корты) алаңын салып бергендігін атап өтті. Бұдан бөлек, орталықтан басқарылатын жылу жүйесінің жұмысын жандандырып, көшелерге қоршаулар орнатып, тіпті, асфальт төсегендігіне тоқталды.

Сумен қамтамасыз ету жүйесіндегі насос станцияларының орналасуы мен жақсы жұмыс істеуі су көзінің, яғни, өзен-көлдегі су деңгейінің жыл бойына бірқалыпты болып тұруына тікелей байланысты. Біз канал жұмысын цифрлы технологияны қолдануға автоматтандыру ісі және мониторинг жүргізуге бейімдеп жатырмыз. Елбасының әрбір айтқан тапсырмасын толықтай жүзеге асыруға өзіміздің бар күш-жігерімізді саламыз. Білімімізді, біліктілігімізді сала отырып, көздеген мақсаттарға жетуге өз үлесімізді қосамыз, – деді Дулат Экзеков.

Серік Сапарбекұлы халықты ауыз сумен қамтамасыз етумен қатар, ауыл шаруашылығын дамытуда айрықша орынға ие каналдың бүгінгі жұмысын жоғары бағалады.

Нұрдос КӘРІМ,

«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.