Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі

Дүйсенбіде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ жұмыс сапарымен Қарағанды қаласына келіп, облыс орталығындағы бірқатар білім беру мекемелерінің қызметімен танысты. Сапар соңында министр Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан xалқына Жолдауын түсіндіру бойынша кездесу өткізді.

Шағын орталықтың шапағаты мол

Алдымен, Ерлан Сағадиев және аймақ басшысы Ерлан Қошанов бастаған жұмыс тобы «Колобок» шағын орталығында болып, қарағандылық педагогтармен инклюзивті білім мәселелерін талқылады. Өткен жылдың тамыз айынан бері осы шағын орталық балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтамасыз етудің «Балапан» атты мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 орынға негізделген мемлекеттік тапсырысты орындап келеді. Бұл ретте, орталықта балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тиісті материалдық база құрылғанын да айта кеткен жөн болар.

Топтық бөлмелерді жатын және мейрамхана бөлмелерімен біріктіре отырып, заманауи жоспарлау жасалған. Оңашалау орны бар медициналық кабинет жабықталған. Музыкалық және дене шынықтыру залдары, тіл дамыту кабинеттері жұмыс істейді. Мұнымен қоса, сенсорлық интеграция залы, дефектолог, логопед, психолог кабинеттері, сенсорлық бөлмесі, ЛФК және психомотрика кабинеттері бар түзету қызметі құрылған. Ал, шағын орталықтың бірегейлігі ретінде мұнда инклюзивті білім беруге мүмкіндік жасалғанын, түзету қызметін ұйымдастыру жұмыстары кезінде психологиялық-педагогикалық диагностика жасау, дефектолог, логопед, психолог мамандардың жеке-дара және топтық қызмет көрсетуі, ата-аналар мен мамандарға тренинг, кеңес беру шаралары қамтылғанын айтуға болады.

Сондай-ақ, аталған орталықта сенсорлық интеграция, Монтессори және нейропсихология сынды тәжірибелік бағдарланған заманауи әдістемелер де қолданылады. Бұл аз десеңіз, қазақ және ағылшын тілдері де үйретіледі. Тіпті, арттерапия, иппотерапия, канистерапия, гидрокинезді терапия, ЛФК және массаж жұмыстарына да жағдай жасалған. Айта кету керек, қос қабатты ғимараттың жалпы аумағы 2451,2 шаршы метр болса, орналасқан жер аумағы 8,6 гектарды құрайды.

Орталықта Ерлан Сағадиев пен Ерлан Қошанов балаларды түзеу қызметінің жұмысымен танысты. Мұнда сөйлеу қабілеті және психикалық денсаулығы бұзылған бүлдіршіндерге арналған топтар бар. Олармен логопедтер, психологтар және дефектологтар жұмыс жасайды.

Қазір ерекше дамуы бар балалар бөлек дәріс алады. Алайда, шағын орталық әкімшілігі инклюзивті топтар құруды жоспарлап отыр. Ол үшін топтардағы ерекше балалардың санын реттейтін нормалар болуы тиіс. Бірақ, әзірге бұл заң жоқ.

Сондай-ақ, педагогтар барлық жерде инклюзивті білім енгізілуіне байланысты тәрбиешілердің біліктілігі туралы мәселені көтерді. Өз кезегінде, «Колобок» құрылтайшыларының бірі Назым Жәркенова шағын орталық базасында біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды ұсынды.

– Біз тәрбиешілердің біліктілігін арттыруға қаражат қарастырамыз. Қазір қалай оң шешім қабылдасақ екен деп ойлап отырмыз. Жергілікті жерде қысқа мерзімді курстар өткізу үшін қаражатты аймақтарға аударсақ па, әлде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы арқылы жобаны жүзеге асырсақ па деп ойлаудамыз. Бірақ, курстарды аяқтаған соң тәрбиешілер тестіден өтулері керек болады. Біз педагогтың санатына байланысты жаңа айлық ақы желісін енгіземіз, – деді Ерлан Сағадиев.

Өз кезегінде, облыс әкімі де алдағы жылдары мұндай тағы 5 орталық ашылатынын тілге тиек етіп, бұл бағытта жүйелі жұмыс жасалып жатқандығын жеткізді.

Колледжде – көп жетістік

 Бұдан соң, жұмыс тобы Қарағанды техникалық-құрылыс колледжіне табан тіреді. Мұнда Ерлан Сағадиев инклюзивті білім беру бағдарламасының енгізілуі барысы туралы сұрады. Байқағанымыздай, білім ордасында арбамен жүретіндер үшін екінші қабатқа көтеріле алатын платформа жасалыпты. Өз кезегінде, колледж ұстаздары мүмкіндігі шектеулі оқушыларды 11-17 қараша аралығында Ижевскіде өтетін Парадельфий ойындарына дайындап жатқандығын айтып өтті.

Сонымен қатар, министрге студенттердің ІТ-технологиялар саласындағы зерттемелері көрсетілді. Оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «ақылды кабинет» макеті ұсынылды. Ол бөлмеде жарықты қосу, немесе, терезені ашу арнайы мобильді қосымшаның арқасында жүзеге асырылады. Ерлан Сағадиевке өткен жылы «Мейкатон» фестивалінде студенттерге бас жүлдені алуға мүмкіндік берген экзоскелет те көрсетілді. Министр студенттерді атқарған жұмыстары үшін мақтап, инклюзивті білім беруді енгізу өте маңызды екенін тағы бір мәрте атап өтті.

Ерлан Сағадиев, сондай-ақ, жақын уақытта арбаға таңылған балалар үшін балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыс сомасы ұлғаятынын жеткізді. Ол айына 78 мың теңгені құрайтын болады. Қазір ерекше күтімді қажет ететін балаларға айына 52 мың теңге бөлінеді.

Мұғалім абыройы – мемлекет назарында

Сөйтіп, ҚР Білім және ғылым министрінің өңіріміздегі жұмыс сапары Назарбаев зияткерлік мектебінде түйінделді. Аталған білім ошағының жиын залында министр ұстаздармен жүздесіп, Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын тілге тиек етті. Педагогтарға қатысты Президент Жолдауында айтылған білім процесіне алдағы уақытта енгізілетін өзгерістер туралы айтты.

Кездесуге жергілікті атқарушы органдардың, педагогикалық ұжымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сөйтіп, министрдің айтуынша, білім саласы балабақшалардан бастап жаңғыртылатын болады. Келесі жылдан бастап-ақ тәрбиешілердің біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылады. Олар үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылып, соңында ұлттық тест өткізіледі деп жоспарлануда. Тәрбиешілер үшін жаңа жалақы жүйесі құрылады. Айлық ақы еңбек өтілі мен санатқа байланысты болады.

Ерлан Сағадиев мектептердегі қауіпсіздік және жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғаларының алдын алуға ерекше назар аударды. Бұл бағытта жұмысты, оның пікірінше, білім ордаларындағы психологтардың санын көбейтуден және олардың біліктілігін арттырудан бастау керек.

– Мектеп психологтарында екі проблема бар. Ол – төмен жалақы және ескірген білім. Бұл проблемаларды біз біліктілікті арттыру курстары және емтихандар арқылы шешуді көздеп отырмыз. Мектеп психологтары үшін сондай-ақ, бөлек жалақы жүйесі құрылатын болады. Бұған қоса, мектеп психологтарының саны мектептегі оқушылар санына байланысты есептеледі. Осылайша, мамандар саны ұлғаяды, – деді Ерлан Сағадиев.

 Реформалар жоғары оқу орындары беретін білімге де әсер етеді. Ерлан Сағадиевтің айтуынша, алған мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқан түлектеріне негізделген университеттердің рейтінгісі құрылған. Егер, рейтинг жоғары болса, әрі қарай білім бере береді. Ал, жұмысқа тұрғандар аз болса, жоғары оқу орны осы мамандық бойынша лицензиясынан айырылады. Өз кезегінде, ол бейіндеуге алып келмек. Яғни, университеттер неден бастаса, соған қайтып келеді. Инженерлік мамандықтар, гуманитарлық, тілдер және тағы басқалары. Әдетте, ондай салалық пәндер жақсы оқытылады.

Кездесу соңында педагогтар министрге жалақыны көтеру және жаңартылған білім беру жүйесіне қатысты бірқатар сұрақтар қойды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.