Бас тақырып

Аймақ құрылымдарының техникасы жаңарды

Кеше қарағандылық полицейлер мен құтқарушылар жаңа көліктерге ие болды. Темір тұлпар кілтін облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ иелеріне салтанатты түрде табыс етті.

Айта кету керек, аймақта полицейлер мен құтқарушылардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлінген. Биылдың өзінде бұл мақсатта облыс бюджетінен ауқымды қаражат қарастырылған. ІІД арнайы көліктерін сатып алуға 648 млн. 498 мың теңге қаржы жұмсалған. Ал, ТЖ департаментіне 206 млн. 204 мың теңгеге техника сатып алынған.

– Адамның өміріне қауіп төнгенде, апатты жағдайға ұшырағанда, ең бірінші көмекке келетіндер полицейлер мен құтқарушылар. Сондықтан, сіздердің еңбектеріңіз біздің қоғам үшін мемлекет үшін өте қажет және жауапты іс. Сол себепті, Елбасы сіздерді жоғары бағалайды. Өткенде ғана Елбасы Жолдауында «Полицей менің жергілікті жердегі сенімді өкілім» деп айтқан болатын. Бұл сөз сіздердің әрқайсыңызға арналған деп есептеймін. Сонымен қоса, сіздерге бағытталып айтылған сөз қосымша жауапкершілік пен міндеттерді жүктейді. Ал, ол міндеттерді абыроймен атқару үшін не қажет? Ол үшін біріншіден кәсіби білім, тәжірибе және техникалық жағынан жасақталуларыңыз қажет. Бұл мәселені шешу – біздің жергілікті биліктің міндеті. Сондықтан, біз Елбасының тапсырмасы бойынша, жергілікті бюджеттен сіздерді техникамен жасақтау үшін қомақты қаржы бөліп отырмыз. Былтыр да көлік тапсырдық. Биыл да осы алаңға сыймай тұрған автокөліктерді табыстауға жиналып тұрмыз, – деді аймақ басшысы Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы полицейлер мен құтқарушыларға өткен жылы 150 автокөліктің кілті табысталғандығын, биыл сақшыларға 127 көлікті, құтқарушыларға арнайы 10 көлікті беретіндігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, бұл әрекет жергілікті полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар басқармасының жұмысын жетілдіру үшін қызмет сапасын жақсарту жолында атқарылып жатқан ілкімді іс екендігіне тоқталды.

Көліктердің кілтін салтанатты шарада облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майоры Мергенбай Жаппаров пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ибрагим Күлшімбаевқа тапсырып, міндеттер жүктеді.

Аймақтың аталмыш құрылымдары басшылары сөз сөйлеп алғыстарын жеткізді.

– Қылмыспен күрес мәселесінде ішкі істер органдарының қызметкерлері әрдайым алдыңғы шепте тұрады. Олар Отаны үшін жанын қиюға әзір. Қазіргі таңда жергілікті полиция қызметінің паркі облыстық әкімдіктің қолдауымен жаңартылып отыр. Жылдан жылға ішкі істер департаментінің қызметкерлерінің жағдайы жақсарып келе жатыр. Жаңа көліктердің ерекшелігі заманауи құрылғылармен, рация, арнайы дыбыс белгісі және бағыттаушымен жабдықталған. Видеокамера көліктің төбесіне орналастырылған және ол 360 градусқа дейін айнала алады. Бұл – көліктің видеотіркеуіштері, оның көмегімен заңбұзушылықтар түсіріп алынады. Қазіргі кезде көліктерге осындай камералар орнатылып жатыр. Бұрын хаттама қағаз жүзінде толтырылса, қазір бәрі автоматтандырылған, электронды түрде жүргізіледі. Электронды форматқа өту, хаттаманы түзеу мүмкіндігін жояды, яғни, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді. Аймағымызда полиция құрылымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, көліктермен 70 пайызға дейін қамтылып отыр. Бұл үшін, басқарма басшысы ретінде қызметкерлерімнің атынан жергілікті билікке алғыс айтамын, – деді облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Мергенбай Жаппаров.

Сонымен қоса, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ибрагим Күлшімбаев:

  • Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер еліміздің қауіпсіздігін, төтенше жағдайларда адамдардың өмірі мен мүлігін қорғап, азаматтарға әрқашанда жәрдем беріп келуде. Ең басты міндет – халықты және облыс аумағын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау. Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі заман талабына сай жаңа техникамен қамтылғанымыз біздің жұмысымызға серпін береді. Материалдық-техникалық базаны нығайтқаннан бастап, жұмыс сапасы күшейе түседі. Осы орайда, облыс башысына алғыс айтамыз, – деді.

Шара барысында Ерлан Қошанов көліктерді өзі қарап шықты. Осы күні қос құрылымның өкілдері жаңа көліктермен қызметтерін атқаруға кірісіп кетті.

Нұрдос КӘРІМ,

«Орталық Қазақстан»

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button