Жаңалықтар

Соңғы тілеу

«Өлшеп берген өмір бар» деген екен Майлықожа ақын. Соның межелі мезеті жетіп, жабысқан соңғы түйіні үзілген аяулы досымыз Тілештің де бұл фәниден өтуіне көнбеске шарамыз болмай отыр. Күні кеше ғана қанаттас жүрген, қатарлас қолтықтасқан, сырластық жарасқан қайран Тілешіміз еді ғой!

Ойда жоқта қапыл өткен жанға жақын жан қашанда өмірінің де қимас сәттерін өзімен бірге әкетпек көрінеді. Сондай күндерді сағынышпен еске алысып, елестетіп, біріне күліп, біріне мұңайысқан ежелге ежеттесіміздің арамыздан алыстауы талай қинайтыны сөзсіз бұдан былай.

Біріміз ертеден, екіншіміз бертіннен білістік. Адамдар мінезі сан қилы. Әркім жарастық табуы қиын әлбетте. Тегінде ешкім де күштеумен, итермелеумен сыйлас бола алмаса керек. Көңіл қалауы, көкірек түйсігі табыстырудың жөні бөлек. Өзара шынайы сыйластық осыған орай болуы сондықтан шығар.

Өмір ағымы әр сақ. Сондай сындарда да арамызда айнымаған достық пейіл бізді одан сайын бауыр бастырған. Ол өзім дегенге өзегін жұлып берердей ер мінезді еді. Біріміздің басымызға түскен ауыр кезеңде осындай мәрттігі айрықша танылған-ды.

Біз білген Тілеш өмір қиындығына қайыспапты, қуаныштарына асып-тасымапты. Сырт көзге сыры сезілмес қасиеттеріне қанық едік. Соған тағы бір мысал. Жастық шақтан сенімді серігі Самат Алматыда қайтыс болған соң дереу жетіп, сүйегін Қарағандыға әкелуі жұрт есінде. Қақаған қыста жадағай көлік қорабына жатқызылған мәйітті жалғыз өзі күзетіп алып келген-тін. «Әредік жүргізуші жанында жылынып алып, бас жағында отырдым. Саматты жалғыз қалдыруға қимадым. Елге ақырғы қалпында табыстауды ойладым» деп еске түсіретін марқұм. Тілештің достыққа, азаматтық парызға адалдығы айғағының бір көрінісі осындай болып еді.

Жалпыға ортақ кең көңілі көпшілікке мәлім. Хал-қадірінше жұрттың бәрінің тілегін орындауға, қамқоршы болуға тырысатын ақ пейілін білушілер жеткілікті. Облыстық радиода аға редактор болып жүргенде жұмыс, одан да тыс уақытта арпалысып, осы күнгі бір ақынның өлеңдерін кітап етіп шығаруға теріп беру үшін еңбегі де еске аларлықтай. Соның арқасында оның үлкен жолына із салынды десек артық айтқандық болмайды.

Тағы бір жағдаят ойға оралады. Аса мықты қызмет басында болмаса да қоғам, ел мұраты жолындағы мақсатта азаматтық қайраткерлігін атаған жөн секілді. Өзі тұрған Пришахтинск аумағында алғашқы қазақ сыныбын ашуға ұйытқы болуы ұмытылмайтын белсенділік. Үй-үйді жаяу аралап, балақандарды ана тілінде оқытуға тартуы ұлттық намысқа рухани серпіліс туғызбай қалмады. Өкінішке қарай, бұл мерейлі ісін біреу білсе, біреу білмейді. Өйткені, өзін-өзі көтермелеу, дәріптеу ғадетінде жоқ-тын. Ел келешегіне бағытталған өзіндік үлесінің үлгісін осылай нақты әрекетпен танытқан еді.

Қапысыз сырлас досымызды еске түсіру тұрғысында сөз ету, қайтейік, аса ауыр. Өмір аяғы осылай. Бәрі де елеске айналып шыға келеді. Бас қосқан, көңіл көтеріңкі шақтарда ризалықпен қос иықтан қайта-қайта соғар соқталдай қол қалжыратысын сағынармыз, көкіректі кернеген өксік өрті ғұмырымыз соңына шейін сейілмес.

Кейінгі кездерде түрлі сырқат шырқ айналдырған Тілештің ақырғы тілеуі – ешкімге қиындық артпай, қиналмай өту болатын. Тілеуі қабыл болды. Сол жұбатады тек.

Бақұл бол, ақ бауыр!

Достары Айқын НЕСІПБАЙ, Батырхан ЖАНАТОВ, Аман ЖАНҒОЖИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button