Тәңірінің сыйы, Тәшеневтің нұры…

БІЗДІҢ ГАЗЕТТІҢ ТҰРАҚТЫ ОҚЫРМАНДАРЫ БІЛСЕ КЕРЕК. ЖЫЛ САЙЫН МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ҰЛТ ҚАҺАРМАНЫ ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВТІҢ ҚҰРМЕТІНЕ «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК АҚЫНЫ» АНЫҚТАЛЫП, ӨЛЕҢДЕРІ БАСПА БЕТІН КӨРМЕГЕН БІР ЖАС АҚЫННЫҢ КІТАБЫ ШЫҒАТЫНЫН. ҚАРАҒАНДЫ РУХАНИЯТЫНЫҢ БІР АРТЫҚШЫЛЫҒЫ – ОСЫ. БҰЛ ІСТІҢ БАСЫНДА ҰЙЫТҚЫ БОЛЫП ЖҮРГЕН АЙТЫСКЕР АҚЫН АЙТБАЙ ЖҰМАҒҰЛОВ БОЛСА, ДЕМЕУШІСІ – САПАР ИПКЕЕВ АТТЫ АТЫМТАЙ АЗАМАТ. БЫЛТЫР ОСЫ Ж.ТӘШЕНЕВ ҚҰРМЕТІНЕ ТАҒАЙЫНДАЛҒАН «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК АҚЫНЫ» СЫЙЛЫҒЫ ҚОС АҚЫНҒА БІРДЕЙ ТАБЫСТАЛЫП, БИЫЛ ЖАЗДА ЖАСТАР ЖЫЛЫ АЯСЫНДА КІТАПТАРЫ ЖАРЫҚ КӨРІП, ТҰСАУЫ КЕСІЛГЕНІ КЕШЕ ҒАНА.

Тәшенев сыйлығының былтырғы иегері қос ақын – Ерік Нарын мен Жоламан Әйткен – қазақ жастары арасында біршама танылып қалған таланттар. Поэзияда орындарын айшықтауға ұмтылған жас талаптардың өлеңдеріне аға буын өкілдері көз қырын салып үлгергені және бар. Еріктің тырнақалды жинағы «Мөр» аталса, Жоламан «Ғасырауған» деп ныспылапты.

«Мөрдің» тұсаукесері С.Сейфуллин атындағы қазақ академиялық театрында өтсе, Жоламан «Камила» ресторанында дүркіретті. «Мөрдің» тұсауын Алаштың ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы кесіп, Қойлыбай Асан ағасы жылы лебізін танытты. Арасына тәулік салып бірінен соң бірі өткен екі кітап тұсаукесеріне де Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақынжазушы Серік Сағынтай, Жазушылар одағының мүшелері Руслан Нұрбай, Қайрат Асқар, Бағдат Мүбәрак, Жанат Жаңқашұлы ақындар қатысып, ағалық лебіздерін білдірді.

Екі ақын да нөсерлетіп, дауылдатып өлеңдерін оқыды. Жырсүйер қауымды тамашаға қалдырды. Сәкеннің, Қасымның әндері шырқалды.

Қазақ Тәшеневтің шарапатын әлі көріп отыр. Тәңірі кеудеге жан салып, талант берсе, Тәшенев – сол Алланың аманатын көзінің қарашығындай сақтауға серт еткен тұлға. Сондықтан, мына екі жас Тәңірдің сыйы мен Тәшеневтің нұрынан мерейі үстем болып отыр. Жыр жинақтары ықтияр болсаңыздар қолдарыңызға тие жатар.

Жастар жылы аясында жаңа кітаптары шыққан жас таланттарға сәт сапар болсын!

Өз тілшімізден.