Төл мәдениеттен – туризмге

Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облысымызда І халықаралық «Жезкиік» музыка фестивалі өтеді. Бұл туралы Қарағанды облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан АҒЫМБАЕВ мәлімдеді.

Айтулы шараның басты мақсаты – туризмді дамытып, саяхатшыларға өңірімізді таныстыру, сонымен бірге, ұлттық музыкамыз арқылы мәдениетімізді әлемге таныту.

Фестиваль аясында Ұлытау өңірінде қазақтың салт-дәстүрлерін көрсететін «Болатсай» этноауылы бой көтермек. Сахнаның оң және сол қанатына 18 киіз үй тігіліп, сауда павильондары ашылады.

«Жезкиік» ән фестивалінің алғашқы күнінде «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі мен Талдықорған қаласынан қобыз өнерін насихаттап жүрген қобызшылар тобы және әлемнің 11 мемлекетінен келген кәсіби фальклорлық ансамблдер, әншілер мен вокалистер өнер көрсетеді.

Мұнда туристік агенттіктердің басшылары қадірлі қонақ есебінде қатысып, артынша өздерінің форумын өткізуге ниеттеніп отыр.

Шараның екінші күні Жезқазған қаласында мерекелік шерумен бастау алып, «Кеңгір» су қоймасының жағалауында болатын гала-концертке ұласады. Классикалық музыкалық концертке әр елден келген жеке орындаушыларымен қатар, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің ұжымдары, есімі елге кеңінен танылған кәсіби әншілер өнер көрсетпек.

Кеш шымылдығын ҚР еңбек сіңірген әншісі Бибігүл Төлегенова ашады. Аталған шараның басты ерекшелігі – Жезқазған өңірінде судың жағасында класикалық музыкалық кештің өтуі. Оған қатысқан барша өнерпаздарға арнайы естелік сыйлықтар таратылып, соңы от-шашумен тәмамдалады.

Халықаралық фестивалді өткізуге қазынадан бас-аяғы 217 млн. теңге бөлінген. Қазір қызу дайындық басталып кеткен көрінеді. Белгіленген нысандарда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Ербол ЕРБОЛАТ,

ҚарМУ студенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.