Жаңалықтар

Жазғы Олимпиада: үміт пен күдік

Биыл Жапон елінде төрткүл дүниенің назарын өзіне аударатын XXXII Жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Бұл Олимпиаданың бұған дейінгі Олимпиадалардан ерекшелігі неде? Бірінші ерекшелігі – Жапон елінде өтіп жатқандықтан, бұл ең инновациялық Олимпиада болмақшы. Екінші ерекшелігі – бұл жолы сайыстар қатарына жаңадан бес спорт түрі енді.

33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынатын Токио Олимпиадасының ашылуы – 24 шілдеде, жабылу салтанаты 9 тамызға белгіленген. Әлемнің барлық жанкүйерлері секілді қазақстандықтар да 25-26 шілдеден бастап, қоржынымызға түсетін медальдарды күте беруіне, сәтін салса санай беруіне болады. Себебі, 25 шілдеде садақ ату, ертеңіне суда жүзу, суға секіру секілді спорт ойындары басталып, тіпті, кейбірінің қорытындысы да белгілі болады.

Енді Жазғы Олимпиадаға баратын жерлестерімізбен таныстыралық. Байрақты бәсекеге рейтингтік турнирлер қорытындысы бойынша 11 спорт түрінен – 17 адам үміткер. Әзірге, екі лицензия қалтада: Екатерина мен Александра Немичтер жұбы (артистік жүзу) мен Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі).

Үміткерлер тізімін жалғастырсақ, бокстан Абылайхан Жүсіпов, грек-рим күресінен Ерұлан Ысқақов, батут гимнастикасы Данил Мұсабаев, велоспорт бойынша Роман Василенков және Жанерке Санақбаева, байдарка және каноэде академиялық есу бойынша Светлана Германович, Виталий Васильев, Михаил Таскин, Дарья Разумович төрттігі, дзюдодан Ислам Бозбаев, Жансай Смағұлов, жеңіл атлетикадан Давид Ефремов, Римма Кашафутдиноваға сенім артып отырмыз. Ал үстел теннисінде Зәуреш Ақашевадан үміттіміз.

Осы жерде 25 тамыздан 6 қыркүйекке дейін өтетін XVI Жазғы Паралимпиада ойындары жөнінде де айта кету керек секілді. Бұл бәсекеге Қарағанды облысынан үш спорт түрі бойынша 7 адам қатысады.

Сарыарқа саңлақтарының Жазғы Олимпиада ойындарында медаль тағу мүмкіндіктері қандай? Саралап көрелік. Әрине, біз ешкімді бөле жарғымыз келмейді. Бірақ, жылдар бойы көрсеткен нәтижелеріне қарап, болжам жасаймыз. Сөйте тұра, мүлдем үміт күтпеген адамдардың да «жарқ» ете қалуы мүмкін екендігін жоққа шығармаймыз. Себебі, Олимпиада жолдамасын екінің бірі алмайтыны анық.

№1 үміткер – Абылайхан Жүсіпов. Абылайханның қоржынында жасөспірімдер арасындағы ІІ Жазғы Олимпиада алтыны бар. Бұдан тысқары, бұл боксшы 2017 және 2019 жылдары әлем чемпи онатында қола медаль еншілеген.

№2 үміткер – Ислам Бозбаев, 2013 жылы Алматыда өткен «Grand Prix» чемпионы. 2017 жылы – Бакудегі «Grand Slam» турнирінің чемпионы. Бұл – оның жетістіктерінің бір парасы ғана.

 №3 үміткер – Жансай Смағұлов. Апта бұрын Париждегі «Grand Slam» турнирінің күміс жүлдесін иемденгенін айтсақ та, жетіп жатыр.

№4 үміткер – 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Қазақстан рекордын жаңартқан Давид Ефремов. Нәтижесі – 7,67 секунд. Бұл рекорд 1992 жылы қойылған болатын. Андрей Гутов 60 метрлік қашықтықты 7,78 секундте жүгіріп өткен.

 №5 үміткер – Эльмира Сыздықова. 2016 жылы Рио де Жанейрода қола тағынған балуан қыз өз нәтижесін жоғарылатуы тиіс деген үміт бар.

Жалпы, Қарағанды спортшылары Тәуелсіздік алғаннан бері Олимпиада ойындарында ел қоржынына қанша медаль салды? Осыны зерделеп көрген артықшылық етпейді.

1992 жылы Барселонада өткен Жазғы Олимпиадада ТМД волейбол командасы (әйелдер арасында) күміс алқа тағынған. Команда сапында біздің жерлесіміз Татьяна Меньшова да бар еді. «Неліктен ТМД құрамасы?» деген заңды сауал туады. Волейбол командалары 1990 жылғы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жасақталған (КСРО командасы орнына осы команда шыққан).

1996 жыл. «Балқаш барысы» Василий Жировтың бокстан алтын алқа тағынып, Баркер кубогын алғаны – жұртшылықтың жадында.

2004 жылы Афинада өткен XXVIII Жазғы Олимпиада біздің жерлестеріміз үшін сәтті болды. Бокстан Геннадий Головкин – күміс, Серік Елеуов қола медаль еншілеген болатын. Сондай-ақ, жеңіл атлетикадан Дмитрий Карпов қола медаль тағынған.

2012 жылғы Лондон Олимпиадасы да әлі күнге көз алдымызда. Серік Сәпиевтің алтын алып, Әнұранымызды асқақтатқанына да 8 жыл толыпты-ау…

2016 жыл. Бразилия. Рио де Жанейродағы Жазғы Олимпиада. Жерлесіміз Эльмира Сыздықова әйелдер күресінен қола медаль еншіледі.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button