Жаңалықтар

«7 – 20 – 25»: қашан іске қосылады?

       Бұқараның көкейіндегісін тап басқан 5 әлеуметтік бастамаға көптің көңілі алаң-ды. Әсіресе, көкейді тескен баспанаға қатысты «7 – 20 – 25» бағдарламаның іске асуын асыға күткендер мол. Ресми көздерге сілтеме жасап, жарияланған деректер бағдарламаның, бұйыртса, мамырда бекітіліп, екінші жартыжылдықта іске қосылатынын жарыса айтуда. Мұны сейсенбі күні барлық БАҚ қалың қауымға сүйіншілеп жеткізді. Сөйтіп, Ұлттық банктің болжамынша, ипотекалық «7 – 20 – 25» бағдарламасы жылдың ортасында, яғни, шілде айынан бастап жүзеге асады. Яғни, баспана алу арманы алыстан қол бұлғауды қойып, берірек бірер қадам жасады.

Республикалық БАҚ-тарда жарияланған мәліметтерде Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев бағдарламаға ресми кірісі бар Қазақстан азаматы қатыса алатынын айтады. Оған қоса, бағдарлама шарттары жеңілдетілген болмақ.
«Жаңа бағдарлама әркімге жеңілдік шарттарын береді. Алайда, бағдарлама масылдыққа жол бермеуге тиіс. Бағдарлама қарыз алушының төлемге қабілетті болуын талап етеді. Оған ресми кірісі бар Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қазір банктермен жаңа бағдарламаның шарттары пысықталуда. Мысалы, үйдің бағасы 7 миллион теңге болса, ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. Бұл жалпы алғанда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының көпшілігі үшін қолайлы», – деді Д.Ақышев.
«7 проценттік ипотеканы беру жұмыстары шамамен жылдың ортасында басталады. Маусым айының аяғына дейін барлық құқықтық-ұйымдастырушылық шараларын аяқтаймыз деген жоспар бар. Содан шілде-тамыз айларында банктер арзан ипотеканы беруді бастайды», – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков. Жаңа бағдарлама аясында жаңадан құрылатын компания банктерден ипотекалық несиелерді сатып алып, жылдық мөлшерлемені 7 пайызға дейін түсіретін көрінеді.
Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде әрбір қазақстандықтың баспаналы болуы үшін арнайы тетіктердің қажеттігін атап, Ұлттық банкке тікелей тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы үндеуінде «Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан, мен «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынамын. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады.
Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады.
Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына зор серпін береді» деген-ді.
Бұл бағдарламаның басты шарты – несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайыздан, бастапқы жарнасы 20 пайыздан аспайды. Сонымен қатар, несие мерзімі – 25 жылға дейін. Расында, екінші деңгейлес банктердің кейбірі бастапқы жарнаға баспана құнының 30, 50 пайызын талап етеді. Ал, пайыздық мөлшерлемесі – 14 пайыздан 20 пайыз аралығын қамтиды. Бұл – әркімнің қалтасы көтере алмайтын салмақ. Сондықтан, баспанасыз жүрген жұртшылықтың басым бөлігі осы «7 – 20 – 25» бағдарламасынан үмітті.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button