Жаңалықтар

Бағдарлама барысы бақылауда

«Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламаларының аймақта іске асуы облыстық мәслихаттың құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысында қаралды.

«Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуы туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы міндетін атқарушы Тайхан Қалмаханов баяндады. Аталған бағдарлама аясында облыста 2018 жылдың 8 айында 245 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,5 пайызды көрсетеді.

Соның ішінде, оның 39,9 пайызы жеке тұрғын үй құрылысына, 26,9 пайызы коммерциялыққа және 81,4 пайызы мемлекеттік тұрғын үй секторына тиесілі. Әкімдіктердің тұрғын үйді пайдалануға беруге қатысты жоспары орындалған. Алайда, көрсеткен межесінен шыға алмаған әкімдіктер де аталды. Олар – Теміртау қаласы – 47,7 пайыз, Шахтинск – 26,4 пайыз, Қарқаралы – 31,1 пайыз.

Бүгінгі таңда 188 пәтер пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қарағандыда 60 пәтерлі тұрғын үй, Осакаров ауданында 18 пәтерлі 4 үй, Жаңаарқа ауданында 16 пәтерлі тұрғын үй, Нұра ауданында екі пәтерлі 20 үй өз иелерін тауыпты. Ал, жыл соңына дейін 114 пәтер беріледі деп жоспарлануда. Олар Шахтинск, Жезқазған қалаларында және Жаңаарқа ауданында.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желілері арқылы несиелік үйлерге «Байтерекдевелопмент» АҚ арқылы 10 жобаны жалғастыру үшін 2,6 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ, төртінші тоқсанда қосымша 1,1 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Бұл бағытта 6 жобаны аяқтап, 549 үйді қолданысқа енгізу көзделіп отыр.

Депутаттар бұл орайда бірқатар сауалдар жолдап, жоспардан кешіккен құрылыстарға қатысты шаралар қабылдау қажет дейді. Яғни, олардың айтуынша, сол құрылыс орнына барып, оның жұмысын бақылау керек. Оның берілген қаржыны игеріп, сапалы құрылыс жүргізетініне де көз жеткізу қажет десті депутаттар.

Бұдан соң «7-20-25» бағдарламасы туралы Ұлттық банктің Қарағанды облыстық филиалы директоры Ғазиз Шегенов мәлімдеді. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама бойынша өтініш бергендердің саны – 74 тұрғын шамасында. Басым бөлігі Қарағанды қаласы тұрғындары. Бұл бағдарламаға екінші деңгейлес банктер тартылған. Операторы – Ұлттық банк болғанымен, тұрғындар екінші деңгейлес банктер арқылы бағдарлама қатысушысы бола алады.

Ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Бірақ бағдарламаға қатысушылар саны аз екендігіне назар аударды депутаттар. Бұл орайда, екінші деңгейлес банк өкілдері тұрғындардың несие жүйесіне аса көп қатыстылығы да бағдарламаға қатысуға кедергі екенін атап отыр. Отырыс соңында комиссия мүшелері күн тәртібіндегі мәселер бойынша қаулы қабылдады.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button