Ұлытау

Құбба

Кезінде Жошы хан кесенесі күмбезінің ұшар басында орналасқан құбба – қазір «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінде тұрған жауһар жәдігердің бірі.

Жалпы, құбба жайында ғылыми әдебиетте материал жоқтың қасы. Ол – араб сөзі, «күмбез» дегенді білдіреді. Бұл тұжырымды шығыстанушы А.Иванов та растайтынын тарих ғылымының докторы М.Қожа да қуаттайды. «Құбба» деп ғылыми әдебиетте күмбез ұшына орнататын шошақты айтады. Ол, көбіне, діни және сәулеттік құрылысқа тән. Оны керамикадан, ағаштан немесе металдан жасайды. Құббаның іші қуыс, табан жағы кеңейтілген, жоғары жағы шар үстіне орнатылған конус тәріздес. Мойны мен табан бөлігі белдемше-буынға бөлінген.

Біз тілге тиек еткелі отырған құбба 1973 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрлігі ұйымдастырған Орталық Қазақстан экспедициясы (М.Сембин, М.Маманбаев, М.Нұрқабаев) кезінде Жошы хан мазарынан табылған. Ол XV ғасырда кіші күмбездің төбесіне орнатылған. Кейін күмбез қирағанда құббаның қалдығы сол жердегі үйіндіден табылған.

Жошы хан кесенесі күмбезінің құббасы күрделі, бірнеше элементтен тұрады. Сырты көгілдір глазурьмен қапталған, күмбездің төбесіндегі ойыққа бір ізді сызық арқылы ортасына ағаш өзекше кигізіліп, өзекшені мықты ұстап тұруы үшін ішіне «алебастр» ерітіндісі толтырылған. Ең төменгі бөлігі күмбездің өзекше өтетін ойығын жабатын төңкерілген тостаған түрінде болған. Оның үстіне түбі жоқ «мүйізді» ыдысқа ұқсайтын, төменгі тар және жіңішке тартылған мойыны бар (ең жоғарғы бөлігі жоғалған) дөңгелек денелі ыдыс киіледі. Оған киілетін үстіңгі бөлшегінде екі жағынан «мүйіздің» жоғары иілген ізінің қалдығы сақталған. Ал, ең жоғарғы жарты ай екі мүйіз бейнесінде әшекейленген.

Табылған олжа «Қазқайтажаңғырту» ғылыми-қайта жаңғырту бірлестігі қайта құрылғаннан кейін «Қазжобалауқайтажаңғырту» институтында (кейінірек ҚР Мәдениет министрлігінің Материалдық-мәдени ескерткіштер ҒЗЖИ болып қайта құрылды) қалған. Өкінішке қарай, олардың арасында ескерткіштен табылған, есепте көрсетілген және зерттеушілер графикалық қайта құру кезінде ескерген бірқатар фрагмент болмай шықты.

1998 жылы «Қазреставрация» ғылымиреставрациялық бірлестігі қалпына келтіру кезінде Жошы хан кесенесі күмбезінің төбесінде орнатылған құббаны қайта құру үшін қолданылды. 2009 жылдан 2011 жылға дейін көшпелілердің мәдени мұрасы мәселелері жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтында болды. Институттың жабылуына байланысты 2011 жылы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейіне сақтауға берілді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button