Бала асырап алу қиын ба?

Отбасы әркімге керек. Әсіресе, балаға. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға әке-шеше болып, бағып-қағып отырған қамқоршылар болады. Өткен бейсенбі сол қамқоршылардың күні болды елімізде. Қамқоршы деген кім, патронатты отбасы деген не? Жалпы елімізде бала асырап алу қиын ба? Мәселенің мәнісіне үңілейік.

РӘСІМДЕУ ШАРТЫ ЖЕҢІЛДЕДІ

Бірер жыл бұрын бала асырап алу ісіндегі қағазбастылық көп айтылатын. Қазір асырап алу, қамқоршылық немесе патронатты отбасы болуға қатысты барлық шаралар электронды түрде www.egov.kz порталы арқылы жүргізіледі. Ал, бала алуға ниетті отбасыларға қойылатын талап өзгермеген. Мамандар оны жеңілдетуге болмайды дейді.

– Бұл жерде баланың өмірі тұр. Сондықтан, оған тиісті талап та болуы керек. Қызмет алу кезінде портал арқылы жеке басын растайтын, тұрмыстық жағдайын, тұрғылықты мекен-жайының, тұрақты табыс көзі бар екендігін растайтын, денсаулығына және соттылығына қатысты құжаттарын тапсыруы керек, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Бақытгүл Игенова.

Бақытгүл Ақымашқызының айтуынша, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» кодексіне сәйкес жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеуде, баланы қабылдайтын отбасы – патронат болады. Қамқоршылар негізінен, баланың туыстары болып келеді. Осы үшін оларға 10 АЕК көлемінде жәрдемақы тағайындалады. Жерілікті әкімдікке өтініш беру арқылы қамқоршы, не қорғаншы бола алады. Ал, патронатты отбасы қамқоршылық және қорғаншылық органымен белгілі бір уақытқа шарт жасасу арқылы балаға күтім жасай алады.

– Ондай шарт бала 18 жасқа келгенше жасалады. Патронатты отбасылар әуелі бір жылға немесе одан да ұзақ мерзімге шарт жасауы мүмкін. Сол уақыт ішінде ол отбасыға еңбекақы ретінде мемлекеттен 45-75 мың теңге аралығында қаржы төленіп отырады. Сонымен қатар, патронаттықты мойнына алған адам басқа да жұмыс істеуіне болады, – дейді Б.Игенова

Асырап алушылар – ол балаға толыққанды отбасы, мейірімге бөлейтін әкесі мен шешесі боламыз дейтін адамдар. Алайда, кей жағдайларда сол адамдар мұндай жауапкершілікке дайын болмай шығатын көрінеді.

«АТА-АНА» ДАЙЫН БОЛМАЙДЫ

 Басына түспей, адам баласының бәрі де аузымен орақ ора беретіні бар ғой. Бала асырап алуға дайынбыз дегенімен, жеме-жемге келгенде, я болмаса, асырап алғаннан кейін баладан бас тартып жататын жағдайлар, өкінішке орай, кездеседі. Мамандар былтыр осылай 32 баланың кері қайтарылғаны туралы айтады. Көбінесе, айтылар уәж – өзара тіл табыса алмау

Шет елде бала асырап алушыларға талап күшті. Олар туралы мәліметтер толығымен зерттеледі, әрі бала асырап алушыларға арналған курстардан өтуі міндеттеледі. Бізде де бар ондай курстар. Бірақ, бізде одан өту тек ұсыныс түрінде, сондықтан, оны қабыл алатындар да, кері пайымдайтындар да бар.

 Барлық балалар үйі жанында бала асырап алушы ата-аналар мектебі жұмыс жасайды. Ондағы психологтар болашақ ата-аналар мен балаларға бірдей көмек көрсетеді. Бала асырап алушыға кеңестер беріп, тренингтер ұйымдастырады.

Психолог мамандар көмек сұрағандарға бала асырап алғаннан кейін де көмектесуге пейілді. Бұл курстардың барлығы тегін, берері мол. Себебі, отбасын таптым деп үміттенген балалардың сол үкілі үміті ақталмай, бала көңілі су сепкендей басылады. Бұл онсыз да жаны жаралы тастанды баланың психологиясына кері әсер етеді. Мәселен, жыл басында Ақтөбе облысында 13 жастағы баланы асырап алушылар оны 12 рет балалар үйіне қайтарғандығы туралы дерек бұл қордаланып қалған мәселе екендігінің айқын мысалы бола алады. Бұл ретте еліміздегі қоғамдық қорлар бала асырап алу бойынша ұлттық агенттік құруды ұсынуда. Агенттік негізгі үш қызметті – асырап алушы ата-аналарды дайындау, баланы отбасыға беру құжаттарын әзірлеу және бала асырап алған отбасын кемі үш жыл көлемінде үздіксіз қолдауды жүзеге асырмақ. Осы істің басы-қасында жүрген «Ана үйі» қорының директоры Балия Әкімбекова жобаның заңнамалық бөлігі дайын екенін, пилоттық жоба ретінде іске қосылатынын айтады. Пилоттық жоба жүзеге асырылатын аймақтардың ішінде Қарағанды да бар.

ДЕРЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?

Қарағанды облысында 8 балалар үйі бар. Оларда 795 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленуде. Мамандар ұсынған деректерге көз жүгіртсек, қазіргі таңда 1845 қамқоршылар отбасында – 1902 бала, 183 патронатты отбасында – 238 бала, барлығы – 2140 бала тәрбиленуде. 163 бала асырап алынды. Сонымен қатар, 21 бала төрт отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде (Қарағанды қаБала асырап алу қиын Ба? ласында екеу, Балқаш қаласы мен Қарқаралы ауданында бір-бірден) тәрбиеленуде.

Биылғы жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 327 бала анықталды. Оның 192- сі қамқорлыққа, 37 бала патронатты отбасына, 9 бала туған отбасына, 45-і балалар үйлеріне және 44-і сәбилер үйлеріне орналастырылған.

Осыдан 5-6 жыл бұрын республика бойынша балалар үйлерінде 10 800 бала болған. Қазір бұл көрсеткіш екі есеге қысқарды. Бұл бағытта мақсатты жұмыс жасайтын қоғамдық қорлар, мемлекеттік органдар бар. Оларда түрлі жобалар қолға алынуда. Мәселен, «Дара» республикалық қоғамдық қоры «Тәлімгер» жобасын жүргізіп келеді.

«ТӘЛІМГЕР» – ТАҒЫЛЫМДЫ ЖОБА

«Тәлімгер» жобасы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тәлімгер тағайындау арқылы балаларға қолдау көрсетумен айналысады. Жобаның жұмыс істеп тұрғанына биыл төртінші жыл. Біздің облыстағы филиал қызметкері Екатерина Афанасьева жоба қаладағы «Таңшолпан» және «Әсем» балалар үйінде қолданылатынын айтады.

– Қатысушылармен жан-жақты жұмыс жүргізіледі. Бір жылға, одан да көп уақытқа шарт жасалады. Балалар тәлімгерлермен негізінен демалыс күндерін бірге өткізеді. Жобаға балалар үйінен шығатын ересек балалар қатысады. Яғни, тәлімгерлер оларға үлкен өмірге бағдарлануына көмектеседі, – дейді ол.

Виктория Берг – жобаға қатысушыларының бірі. Ол осыдан үш жыл бұрын «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушісі Наташа Чеботареваның тәлімгері атанған.

– Тәлімгерлерге психологиялық көмек көрсетіледі. Әңгімелесеміз, кездесіп тұрамыз. Мен тәлімгер атануға бір жыл дайындалдым. Бұл қадамға барғаннан кейін одан бас тартуға болмайтынын түсіну керек. Сондықтан, саналы түрде шешім қабылдаған жөн, – дейді ол.

Балалар үйінен шығатын жеткіншектердің барар жер, басар тауы болмай, не істерлерін білмей психологиялық тұрғыда абдырап қалатыны рас. Білім алу, жұмысқа орналасып, еңбек ету сынды қадамдар жасауға қолдау көрсететін тәлімгерлер психологиялық та, құқықтық та кеңес береді. Бұл да керек көмек.

Пайғамбарымыз жетімнің басынан сипағанға оның қанша тал шашы болса, сонша сауаптан жазылатынын айтқан. Ал, енді, атаана мейірімінсіз өсіп келе жатқан балаларды бауырына басып, жан жылуымен бөліскен, тәрбиелеп, өсірген жандарға қанша сауаптан боларын өздеріңіз бағамдаңыздар…

Жансая ОМАРБЕК