Бас тақырыпЖаңаарқа

Жаңғырған Жаңаарқа: тағылымды тарих толқынында

АЙШЫҚТЫ ҚОС МЕРЕКЕ — ЗАМАНЫНЫҢ ЗАҢҒАР ТҰЛҒАСЫ, ЕЛІМІЗДІҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ СӘКЕН СЕЙФУЛЛИННІҢ 125 ЖЫЛДЫҒЫ МЕН АУДАННЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 90 ЖЫЛ ТОЛУЫНА АРНАЛҒАН ІС-ШАРАЛАР ЖАҢААРҚАДА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСЫП, ҚОҢЫР КҮЗДІҢ ОРТАСЫНДА ҚАЛЫҢ ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰЛАҒЫН ЕЛЕҢ ЕТКІЗГЕН ДҮБІРЛІ ТОЙҒА ҰЛАСТЫ. МЕРЕЙТОЙЛЫҚ САЛТАНАТ СӘКЕН СЕЙФУЛЛИННІҢ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫН ҚОЮМЕН БАСТАЛДЫ. ЖИНАЛҒАН ЖҰРТШЫЛЫҚТЫ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АБЗАЛ НҮКЕНОВ, ШЕТ АУДАНЫ МЕН ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ ҚАСЫМБЕК МЕДИЕВ, ҚОҒАМ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ ОРАЛБАЙ ӘБДІКӘРІМОВ ЖӘНЕ АҚЫН СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ. ҚАНАТ ЖҮНІСОВ ӨЗІНІҢ “СӘКЕННІҢ МОНОЛОГІ” АТТЫ ТУЫНДЫСЫН ОҚЫДЫ. КӨПШІЛІК АҚЫНДЫ БІР СӘТ ҮНСІЗ ТҰРЫП ЕСКЕ ТҮСІРДІ. ДҮБІРЛІ ДУМАН ОРДАСЫНА АЙНАЛҒАН СТАДИОНДА АБЗАЛ НҮКЕНОВ — ОБЛЫС ӘКІМІ ЕРЛАН ҚОШАНОВТЫҢ, СЕНАТОР СЕРГЕЙ ЕРШОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ДАРИҒА НАЗАРБАЕВАНЫҢ ҚҰТТЫҚТАУЫН ЖЕТКІЗДІ. АЙТЫСКЕР АҚЫН АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ ЖЫРДАН ШАШУ ШАШТЫ. ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ, МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚТЫҢ ЛАУРЕАТЫ МАЙРА МҰХАМЕДҚЫЗЫ ӘДЕМІ ӘН СЫЙЛАДЫ.

СЫР САНДЫҚТЫҢ “СИҚЫРЫ”

 Кие қонып, құт дарыған, талай дара мен дананың алтын бесігіне, киелі мекеніне айналған жазиралы Жаңаарқа он жылы кем ғасырда өкініші мен үміті, өксігі мен қуанышы қанжығаласқан небір сәтті бастан өткерді. Сол сан қилы соқпақты тарлан тарих “Сәкен туған Жаңаарқа” атты театрландырылған қойылымда тамаша көрініс тапты. Тарихқа қайта үңіліп, қилы құпияны сақтаған киелі мекеннің сыр сандығы айқара ашылар сәт туғанда көзі тірісінде елінің киелі тұлғасына айналған, шексіз мейіріміне малындырған Жұбан- Ана мен сұңқар Сәкеннің монологындағы: “Жоқ, Сәкен балам, оны мен емес, осы жердің төл перзенті сен аш. Өзің аш!” дегені қандай жарасымды. Жүрекке жылы тиеді.

Иә, алғашқыда Асанқайғы ауданы атанған, қойнауы ырыс, жайлауы тыныс, ел жылнамасында аты алтын әріппен жазылған, талай танымал тұлғаны түлеткен, еліне елеулі небір алтын айдарлы азаматтың тұсауын кескен текті топырақ, қасиетті мекен – Жаңаарқаның тұмса тарихы сонау есте жоқ ескі заманнан тамыр тартады. Жау шапқан – зарлы, жайбарақат жайлы заманды да бастан өткерді.

Соның бәрінде бірлігінің берекесін кетірмей, түтінін түзу шығара білді. Биі мен батыры, беткеұстар ер-азаматы елінің қамын жеді. Осында өсіп-өнген өрендердің өнері – өз алдына бөлек әңгіме. Еңбекті еншілегендері елдің ырысын еселеді. Теміржол тартылғанда отарбаны тізгіндеп, өңірдің өңін кіргізді.

Отызыншы жылдардың ойраны оны да орап өтпеді. Ол зұлматтың өлшемі – “ел аман, жұрт тынышта” аштықтан қынадай қырылған халық, “жар астынан жау іздеген” аласапыранда саяси қуғын-сүргіннің “қақпаны” қапқан, жаланың жазықсыз құрбаны болған қайран азаматтар. Соның бірі – сұңқар Сәкен.

Ес жиып, етек жинағанша тағы бір зауал жетті. Фашизмге қарсы үш мыңға жуық жаңаарқалық аттанды. Қан майданда көзсіз ерлік көрсетті. Аға сержант Амантай Дәулетбеков жаудың 29 танкісі, 13 зеңбірегі мен жүздеген адамы жойылған шайқаста ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағының Батыры атанды. Тылдағы ел тыным таппады. Майдан үшін уақытпен санаспай еңбек етумен қатар, жер аударылғандарды қанатының астына алды.

Тың игерудегі тірлігі, тіпті, ерен.

Ал, Тәуелсіздік туы желбірегелі елдің рухы асқақтай түсті. Табыстың тайқазанын тасытты.

ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫМЫЗЫ – ГИННЕСТІҢ РЕКОРДТАР КІТАБЫНДА

Бұдан он жыл бұрын фәниден бақиға аттанған Алаштың арда ұлы, “көкте – күнге, жерде елінe мейірі қанбай” өткен Ақселеу Сейдімбек мәңгілік мекен еткен “Қарауыл төбенің” етегіндегі ақшаңқан киіз үйлер ауылы алыстан көз тартады. Жиналған елде есеп жоқ. Күбі пісетін қыз-келіншек санының өзі тура мың болса, қалған қарасы қою халықтың жалпы есебін өзіңіз шамалай беріңіз. Ырымшыл қазақ емеспіз бе, кейінгі кезде оқтын-оқтын нөсерлеткен жауынның сап тыйылып, күннің жадырап сала бергенін жақсылыққа жорыдық. Жаңаарқа тек шырайлы шаруашылығымен ғана емес, дәмі татқан адамның таңдайынан кетпейтін бал қымызымен де танымал. Әрине, қымыз қазақ үшін таңсық дәм емес, алайда, шипалы сусынды баптау жағынан жаңаарқалықтармен үзеңгі қағыстыратын талапкер әзірге табыла қоймас, сірә. Жаңаарқа атауы мен қымыз егіз ұғымға айналып кеткелі қашан! Енді, міне, сол қымызды әлемге әйгілі етті. Бұл осы өңірге инвестор тартып, емдік шипажай ашуына ықпал етеді деген үміт бар.

Ауданның 12 ауылы мен екі кентінен жиналған 10 мың литр қымыз 1000 күбіге құйылып, жаңаарқалық жас ақын, сазгер Өміржан Көпбосынов осы тойға арнап жазған “Жаңаарқаның бал қымызы” әнінің ырғағымен ұлттық үлгіде киінген 1000 қыз-келіншек қатар тұрып, күбі толы қымызды күрпілдете пісті. Оны халықаралық сарапшылар қадағалап тұрды. Әлемдік рекордты әйгілегендей, төңірекке қымыздың қышқыл дәмінің керемет иісі тарады. – Мен іс-шараның басы-қасында болу үшін Кубадан арнайы келдім. Дайындалған сусынның көлемі, акцияға қатысушылар мен пайдаланылған ыдыстың саны ескеріледі. Біз бәрін тексердік, өлшедік. Рекорд­тың түрі көп, бірақ, мынандай көрініс бірінші рет. Қорытындысы бір ай көлемінде біздің сайтта жарияланады, – деді, Гиннестің Рекордтар кітабының өкілі Юделькис Диас.

Гиннестің Рекордтар кітабының Қазақстандағы өкілі Бақытжан Тастүлековтің айтуына қарағанда, мұндай сипаттағы рекордты қайталау қиын. “Қазір өте сирек кездесетін күбі сияқты 1000 ұлттық ыдысты бірден көргенде, еріксіз таң-тамаша болдым» – дейді ол.

Сол күні аудан басшылығына рекорд жасалғанын куәландыратын сертификат тапсырылды.

Керемет көрсетілімнен кейін Жаңаарқаның торы тобылғысына ысталған күбіден қотарылған жанды жадыратар бал қымызы мен бауырсақ тегін таратылды.

“БЮДЖЕТТЕН БІР ТЕҢГЕ ШЫҚҚАН ЖОҚ”

Бұл – аудан әкімі Юржан Бекқожиннің сөзі. Айтуына қарағанда, ауданның тоқсан жылдық торқалы тойын ойдағыдай өткізуге белсенді ат салысқан ауыл азаматтарына алғысы шексіз. Ауыл-аймақтағы ғана емес, басқа өңірде қызмет атқарып, еңбек етіп, бизнеспен айналысып жүрген ауқатты ауылдастары да демеушілік жасауға құлшыныс танытқан.

Ауданның мекеме ұжымдары бір күндік жалақысын арнаулы қорға аударған. Қуатты кәсіпорындар қаржылай қомақты көмек көрсеткен. Олардың қатарында “Saryarqa Energy”, “KazZINC”, “Алатау Тұмар”, “ATAYURT” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен “INHSAAT инжиниринг” құрылыс фирмасы бар.

Әртүрлі жарыстың бас жүлдесін де жаңаарқалықтар тікті. 53 сәйгүлік бақ сынаған аламан бәйгеде Жамбыл облысынан келген шабандоздың жолы болды. “Ақмоншақ” атты сәйгүлігі мәреден бірінші өткен Мұрат Қозыбаевқа “Бірлік” шаруа қожалығының жетекшісі Қуат Ахметов атаған Нұр-Сұлтан қаласындағы бір бөлмелі пәтер, сәйгүлігі екінші өткен Ғалым Елеусізовке ауданның ардақты ақсақалы, “Сенім” шаруа қожалығының 80 жастағы жетекшісі Икен Ақылбеков тіккен “Гранта” жеңіл автокөлігі бұйырды. С.Сейфуллин қоры қойған мотоциклді үшінші орынды иеленген Шахан кентінен келген Жаролла Икеев мініп қайтты.

 Топ жарысқа 29 сәйгүлік түсті. Бұл жолы Қуат Ахметов бас жүлдеге жол талғамайтын жүрдек “Nissan Terrano” автокөлігін тікті. Оны “Жауынгер” атты сәйгүлігін жаратып, жарысқа қосқан жерлесі Самат Жұмасейітов иеленді. Жас та болса өрелі өнерімен, шешендігімен елдің ыстық ықыласына бөленген айтулы азамат Айтуған Рысалды бәйгеге байлаған мотоцикл талдықорғандық Жұмәділ Балаусаның тақымында кетті.

Боз кілемнің шаңын қағып жанкүйерін жанықтырған, жеңіс тұғырына көтерілген балуандар да темір тұлпардың тізгінін ұстады. “Жанболат” шаруа қожалығының жетекшісі Малдыбай Сүлейменов тіккен бас жүлде – “Гранта” автокөлігін жаңаарқалық Айдос Ғалымов алды. Ал, талай рет топ жарып жүрген танымал түйе балуан Асыл Дәрменовке Нұрсұлтанда тұратын жаңаарқалық Нұрлан Әметов жеңіл автокөліктің сертификатын тапсырды.

“Бірлік түбі – береке” деген қанатты қағиданы жаңаарқалықтар нақты іспен дәлелдеді. Торқалы той шын мәнінде есте қаларлықтай дүркіреп өтті. Аудан өнерпаздары алпыс киіз тігілген ақшаңқан ауылды әнмен әлдилеп, күймен тербетті. Мерекелік шаралар кешкілік Қазақстан өнер жұлдыздары қатысқан гала-концертке ұласты.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button